Көктем туғалы Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлады. Сәуірде тіпті күрделене түсті. Алматы қаласы мен астана 10 наурыздан бері, ал республика 30 наурыздан бері қызыл аймаққа «қамалды».
Күнделікті тіркеліп жатқан сырқаттар қатары 2 мыңнан, өлім жағдайы 20-дан кем емес деңгейде. 113 мың адам ауырып, 1,5 мыңға тарта адам қайтыс болды. Мұның сыртында коронавирус жұққаны тест арқылы нақтыланса да ілеспе диагноздардың себебінен қайтыс болды делінетін бірнеше жүздеген адамның қазасы бар.
Наурыз-сәуір айларында Алматы қаласында 30 мыңдай, астанада 21 мыңға жуық және Алматы облысында 11 мыңнан астам науқас тіркелген. Бір ғана Алматы қаласында бас мемлекеттік санитар-дәрігер наурыздан бері 11 қаулы шығарды.
Наурыз айының басында күніне жүзден аса кейс анықталып жатқанына қарамастан қаладағы 280-дей мектептің 1-5 сыныптары офлайн, ал 9-11 сыныптары аралас форматта оқуға көшті. Кейіннен алғаш қызыл аймаққа енген бойда Наурыз мейрамына орай өтетін барлық жиын-той мен ұжымдық отырыстарға тыйым салынды. Аптаның демалыс күндері, 13 және 14 наурызда қоғамдық көліктің (метрополитенді қос аалғанда) жұмысы тоқтап, сауда ойын-сауық орталықтары мен базарлар жабылды. Көрісу күні қарсаңында қалалық СЭБҚ (СЭС – орысша) ауру жұқтыру ықтималдығы жоғары жерлер – қоғамдық орындар (коммуналдық нысандар, ХҚО, сауда нысандары, емханалар мен медициналық орталықтар – 42,8%), көпшілікке арналған транспорт көліктері (17%) және отбасылық іс-шаралар (3%) екенін хабарлады.
Айдың ортасында ковид сырқаттарына арналған 3,5 мың орынның 40%-ы толығып, аурушадық артқанына дабыл қаққан Бекшин жағдай ушықса локдаун енгізілетінін ескертті. Бір күнде 500 науқас ауруханаға жатқызылса, карантин қатаңдап, шаһар толық локдаунға жабылады деді.
Сауда орталықтары демалыс және мереке күндері жұмыс істемеді. Қоғамдық көліктер бұл кезде таңғы және кешкі уақытта ғана жүрді. Бұл кезде тәулігіне 300-ден артық жағдай тіркеліп жатты. Айдың соңына қарай жаңа қаулымен сауда үйі-орталықтары, музейлер, хайуанаттар паркі, азық-түліктен өзге тауарлар сататын базарлар, кітапханалар мен сұлулық-әрлеу салондарының жұмысына тыйым салынды. Тамақтану орындары тек алып кету және жеткізу қызметімен шектелді. Осылайша шектеу шарасы күшейген карантин режимі 12 сәуірге дейін ұзартылды. Сәуір енерде әкім Сағынтаев эпидахуалдың ушыққанын мойындаса да, локдаун шешімі қабылданбайды деп кесіп айтты. Тіпті қаланы вакцинация науқанына дайын және дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін мәлімдеді.
Ертеңіне жаңа қаулы қабылданып, кафе-ресторандардың жазғы ауласында тамақтануға рұқсат етілді. Студенттер мен оқушылар оқу жылының соңына дейін қашықтан оқуға ауыстырылды. Спорттық-мәдени, діни нысандарының қызметі тоқтады. Сауда орталықтары, сауда үйлері, базарлар жұмыс күндері ашылатын болды. ASHYQ жобасы аясында небір көңіл көтеру-демалу орындары жұмыс істеп тұрды. 3 сәуірден бастап карантин шектеуі босаңсыды. Бас санитар мұның себебін осы уақытқа дейінгі қабылданған шешімдердің тиімсіздігімен түсіндірді.
Қазіргі таңда 24 сәуір күшіне енген қаулы бойынша, бизнес саласының кәсіпкерлері, гүл дүкендері, фотосалондар, мұражай, зообақ, кітапхана, дүкеннің барлық түрі, сұлулық салоны-шаштараз, үйірмелер, қонақ үйлер, демалыс орындары, базарлар мен сауда орталық-үйлері, қоғамдық тамақтану орындары, монша-сауна, СПА-бассейн, боулинг, компьютерлік клубтар түгел дерлігі арнайы жоба негізінде жұмыс істеп тұр.
Он шақты қаулының бірі қабылданып, бірі жарамсыз болып жатқан тұста елде анықталған науқастардың 26%-ы Алматы қаласынан тіркелді. 30 сәуірдегі мәліметке қарағанда, Алматыда пандемия кезінде коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары 62 мыңға жетті. Мұның кемінде 51%-ы, яғни 31 мыңнан астамы адам осы көктемде тіркелген. Өкінішке қарай, кейінгі екі айда 363 алматылық көз жұмған.
Сәуір айында індеттің елдегі қарқыны (ресми есеп бойынша) бұрын-соңды болмаған деңгейде өршіді. Дүниежүзінде коронавирус кеңінен таралып, эпидахуал ушығып жатқан шақта Қазақстан билігі карантин шарасын айтарлықтай әлсіретті. Енді тек Алматы қаласында емес, републиканың барлық өңірінде Ashyq жобасы арқылы көптеген кәсіпорындар жұмыс істей бастайды. Бұл жайлы мемлекеттік бас санитар Ерлан Қиясов жағдай күрделеніп, сырқаттар көбейіп кетер болса, «жауапкершілікті мойнына алуға дайынмын» деп жауап берген.
Мамандар мен сарапшылар шетелдік қатерлі штамдар тарап жатқан кезде вакцина алғандар қатары қалыңдағанша қатаң карантин енгізу қажеттігін айтады.
Былтыр наурыздан бері ковидтен ауырғандар саны 383 мыңнан (330 мың коронавирус, 53 мың осыған ұқсас пневмония) асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6193-і (КВИ+ / U07.1 – 3762, КВИ- / U07.2 – 812, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 47-орында тұр.