Таяуда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен сөйлесті. Ақорданың мәліметінше, Блинкен АҚШ-тың Тоқаев саясатын қолдайтынын айтқан. Бірақ әңгіме барысында Қазақстандағы адам құқығы, сөз бостандығы мәселелері мен соңғы жағдайлар сөз болмаған. Ал Блинкеннің бұған дейін жарияланған қорытынды баяндамасында Қазақстандағы саяси жүйенің авторитарлы екені жазылған.
Негізінен саясаткерлер екіжақты қарым-қатынас, оның ішінде кеңейтілген стратегиялық серіктестік перспективаларын талқылаған. Тілеуберді Тоқаевтың жолға қойған Қазақстанның әлеуметтік-саяси жүйесін одан әрі демократизациялауға бағытталған реформаларды айтқан. Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Тоқаевтың «саяси реформалар жоспарын» АҚШ қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған іс-шараларға дайындық пен олардың кестесі және С5+1 диалог платформасының жуырда өтетін онлайн-отырысы қарастырылды.
Екіжақты «сыйластық» диалогта Қазақстандағы соңғы оқиғалар, адам құқығы мәселесі айтылмаған. Бұған дейін Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен әр мемлекеттегі саяси ахуал бойынша қорытынды баяндама жариялаған. Баяндамада Қазақстан билігі оппозиция мен азаматтық белсенділерді қудалап, сөз бостандығына шектеу қоятын мемлекет ретінде айтылады. Сондай-ақ мұнда адам құқықтары саласындағы маңызды проблемалар ретінде: Үкімет тарапынан саяси қысым көрсету; сот жүйесінің тәуелсіздігіне байланысты проблемалар; пікір білдіру, баспасөз және интернет бостандығын шектеу; бейбіт жиналыстар мен қауымдастықтар бостандығына араласу; саяси өмірге қатысуды шектеу; сыбайлас жемқорлық; адам саудасы және еңбекшілер қауымдастықтарының бостандығын шектеу аталған.
11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы туралы қарар қабылдаған. Онда Қазақстандағы адам құқығы бұзылуының жиілегені, азаматтық белсенділердің биліктен қысым көретіні, кейбірінің қудалау кезінде қайтыс болып жатқаны, сайлаулардың әділ өтпейтіні, азаматтық қоғам аясының тарылғаны айтылады. Қарар адам құқығының бұзылуына жауапты Қазақстан шенеуніктері мен мекемелеріне санкция салуды қарастыруға шақырады. Ал Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жай-күйіне арналған 2021 жылғы есебінде «Қазақстан президенті Тоқаев реформа жайлы уәделер бергенімен, 2020 жылы елде адам құқығы жақсарған жоқ» деп мәлімдеген.
20 сәуірде «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы жыл сайынғы «Бүкіләлемдік сөз бостандығы индексін» жариялады. Нәтижесінде Қазақстан 155-орында, Бруней мен Руанда арасында тұр. Былтыр Қазақстан рейтингте 157-орында болған. Сөз бостандығын қорғау ұйымы 2020 жылға арналған есебінде Қазақстан билігі «репрессия әдістерін модернизациялап жатыр» деп мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы маусымдағы сайлаудан кейін президент болды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының бақылау миссиясының мәліметтері бойынша, сайлау күні дауыс санын бұрмалау; жиналыстар, пікірлер мен қауымдастықтар бостандығын шектеу және тұтастай алғанда демократиялық стандарттарға қайшы әрекет ету сияқты құқықбұзушылықтар анықталды. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мемлекеттік функциялар бойынша өмір бойы заңдық өкілеттіктерге ие.
Назарбаев биліктен кетсе де, Қазақстанда «қос билік» феноменінің белең алғаны жиі айтылады. 2019 жылы Ұлыбританияның халықаралық қатынастар бойынша беделді сараптама орталығы Қазақстандағы билік транзиті жөнінде зерттеу жариялап, іс жүзінде Тоқаев президент ретінде алдыңғы президент қалыптастырған жүйедегі қос биліктің жартысы саналатынын айтты.