Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы 2021 жылы пропагандалық түрлі видеороликтер мен деректі фильмдер үшін бюджеттен 376 млн теңге бөлген. Мекеме осыған байланысты жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу порталында 10 келісімшарт жасасқан. Қазір олардың қаржысы төленіп, орындалғаны төртеу. Ал өзге алты келісімшарттың өнімі жасалып жатыр. Қоғамдық даму басқармасы тапсырыс берген қандай видеороликтер, оны кім дайындап жатыр? "The Qazaq Times" тілшісі анықтап көрді. 

1 МИНУТТЫҚ 10 ВИДЕО ҮШІН 12,3 МЛН ТЕҢГЕ

Бұл мақалада орындалып қойған 4 келісімшартқа тоқталдық. Оның біріншісі "Түрленген Түркістан" атты видеоролик контентін дайындау үшін жасалған келісімшарт. Оған 5 ақпанда қол қойылып, тапсырыс 2 наурызда орындалған соң мердігер компанияға ақысы толығымен төленген. Келісімшарт бір көзден сатып алу тәсілі бойынша жасалған. Бағасы – 12,3 млн теңге.

Бұл сатып алудың техникалық сипаттамасына қарағанда, тапсырысты орындаушы "Түрленген Түркістан" тақырыбында хронометражы 1 минуттан кем емес 10 видеоролик дайындауға тиіс.

12,3 млн теңгеге жасалған келісімшарттың техникалық сипаттамасының скрині

Бұл сатып алу бойынша тапсырысты орындаушы – ЖК КУЛУМБЕТОВ. Ұлттық статистика бюросының сайтындағы ақпаратқа сәйкес, компания қожайыны – 33 жастағы Серғали Бейсенқұлұлы Құлымбетов. Компания Шымкент қаласында тіркелген. Мемлекеттік сатып алу порталында екі келісімшарт жасасқан. Екеуінде де тапсырыс беруші – Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы.

ЖҰМЫСЫ БІР, АҚЫСЫ ӘРТҮРЛІ ЕКІ КЕЛІСІМШАРТ

Екінші келісімшарт та 5 ақпанда жасалып, 2 наурызда орындалған. Мұнда да бір көзден сатып алу тәсілі қолданылған. Келісімшарт бағасы – 41,4 млн теңге. Техникалық сипаттамаға сай, тапсырысты орындаушы "Ұлы дала тарихы" атты тақырыпта хронаметражы 25 минуттан кем емес 2 видеоролик дайындауға тиіс. Бұл келісімшарттың мақсатын басқарма былай сипаттайды: "Түркістан облысындағы туризм, аңыздар мен археологиялық қазбалар және т.б. бағыттары туралы  бұқараны хабардар етіп, өңірдегі достықты насихаттау" .

41,4 млн теңгеге жасалған келісімшарттың техникалық сипаттамасының скрині

Үшінші келісімшарттың техникалық ерекшелігі екіншіге өте ұқсас, ал порталдағы қысқаша сипаттамадағы атауы бірдей. Екеуі де "Ұлы дала тарихы" атты роликтер дайындау" деп аталған. Жоғарыдағы екінші сатып алу бойынша тапсырысты орындаушы "Ұлы дала тарихы" атты тақырыпта хронометражы 25 минуттан кем емес 2 видеоролик әзірлеуге тиіс болса, үшінші келісімшарттың талабына сай хронометражы 40 минуттан кем емес үш видеоролик дайындауы шарт. Бір қызығы, үшінші келісімшарттың жұмысы екіншісіне қарағанда көлемді болғанымен, бағасы одан әлдеқайда арзан (24,6 млн теңге).

24,6 млн теңгеге жасалған келісімшарттың техникалық сипаттамасының скрині

Бұл сатып сатып алуды орындаушы – Шымкент қаласында тіркелген "CARAT CONSTRUCTION" ЖШС. Ұлттық статистика бюросының сайтында компания 2011 жылдың желтоқсанында құрылғаны көрсетілген. Айналысатын қызметінің түрі – "қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментін көтерме бағада сату". Қожайыны – Сұлтан Қайратұлы Бердәулетов.

Компания мемлекеттік сатып алу порталына 2016 жылы тіркелген. Сол жылы ашық конкурс тәсілі арқылы екі тендер ұтып алған. Екеуінде де тапсырыс беруші – Шымкент қаласының білім басқармасы. Баса айта кететін жайт – компания ол кездегі екі келісімшартқа сай, қоқыс шығару қызметін көрсеткен және мектеп дәретханасының сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы бұл компанияға не себепті видеоролик дайындауды тапсырғаны түсініксіз. Негізі мемлекеттік сатып алу туралы заңының 41-бабы 2-тармағына сай, келісімшарт тікелей бір көзден сатып алу тәсілі бойынша жасалса, тапсырыс беруші келісімшарқа қол қойылған cоң 10 жұмыс күні ішінде порталға мемлекеттік сатып алу туралы есепті орналастыруға міндетті. Ол есепте тапсырысты орындаушыны таңдаудың негіздемесі көрсетілуге тиіс. Алайда мемлекеттік сатып алу порталында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы "CARAT CONSTRUCTION" компаниясымен қандай негізде тікелей бір көзден сатып алу тәсілі бойынша келісімшарт жасасқаны жайлы ақпарат келтірмеген.

10 МЛН ТЕҢГЕ ТҰРАТЫН "ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮРКІСТАН"

Қоғамдық даму басқармасы жасасқан төртінші келісімшарттың құны – 10 млн теңге. Оған 8 ақпанда қол қойлып, тапсырыс 2 наурызда орындалып біткен. Бұл сатып алудың порталдағы толық атауы: "Таңғажайып Түркістан" атты фильм түсірілімін ұйымдастырып, республикалық телеарналардан көрсетілуін ұйымдастыру". Техникалық сипаттамасында тапсырысты орындаушы облыстың көрікті жерлері, табиғаты мен жабайы аңдары, көлдері мен өзендері жайлы арнайы фильмдер түсіріп, телеарнадан көрсетуге тиіс делінген. Барлығы 10 видео дайындалуы қажет. Олардың әрқайсының хронометражы 15 минуттан кем болмауы міндетті.

10 млн теңгеге жасалған келісімшарттың техникалық сипаттамасының скрині

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, бұл келісімшарт бойынша тапсырысты орындаушы – "ТҰРАН ТВ" ЖШС. Бұл компания 2013 жылы Алматы қаласында тіркелген. Телевизиялық бағдарламалар дайындаумен және таратумен айналысады. Қожайыны – Роман Бейдалұлы Ботабеков. Компания 2016 жылдан бері мемлекеттік сатып алу порталында 19 келісімшарт жасасқан. Оның барлығы тікелей бір көзден сатып алу тәсілі бойынша.

"Тұран ТВ" жасасқан 19 келісімшарттың үшеуінде тапсырыс беруші – Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы. Оның үстіне бұл компания үш келісімшартта да "Таңғажайып Түркістан" тақырыбында видео түсіріп, оны республикалық телеарнадан көрсетуге міндеттелген. Келісімшарттар 2019, 2020, 2021 жылдары жасалған. Үшеуінің де техникалық сипаттамасы ұқсас. Мәселен, компания 2020 жылы жасалған келісімшарт бойынша "Таңғажайып Түркістан" тақырыбында ұзақтығы 15 минуттан кем емес 10 видео түсірген. 2021 жылғы келісімшарт бойынша да дәл сондай қызмет көрсеткен. Оны осы компанияға тиесілі "Turan TV" ютуб арнасынан көруге болады.

Назар аудартатын бір жайт, екі жылғы келісімшарттың да бағасы бірдей, яғни 10 млн теңге. Ал 2019 жылғы келісімшарттың бағасы бұлардан екі есеге арзан (5 млн теңге). Бұған қоса, ол кезде атқарылуға тиіс қызмет соңғы екі жылдағымен салыстырғанда әлдеқайда көлемді. Мәселен, 2019 жылы жасалған келісімшартқа сәйкес, "Тұран ТВ" "Таңғажайып Түркістан" тақырыбында әрқайсы 15 минуттық 10 видео емес, 15 видео түсіруге міндеттелген. Бірақ ол кезде компанияға осы қызметі үшін 5 млн теңге ғана төленген еді.

P.S. "The Qazaq Times" тілшісі бұл мақаланы ресми дереккөздегі ақпараттар бойынша дайындады. Тілші Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасына хабарласып, бірнеше сауалға жауап алуға тырысты. Алайда басқармадағылар қойылған сауалдарға тек ресми хат жіберілген жағдайда ғана жауап берітінін жеткізді. Редакция басқармаға ресми сұрау жолдады. Түркістан әкімдігінен жауап болған жағдайда, оқырманға оны да жеткіземіз.

"The Qazaq Times"