Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (НААР/IAAR) және Аккредиттеудің тәуелсіз қазақстандық орталығы үш жоғары оқу орынын аккредиттеу туралы куәлігін кері қайтарып алды. Олар: Орталық Азия университеті (Алматы), Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті (бұрынғы Қазақстан теңіз университеті) және «Астана» университеті. Бұл ақпаратты бүгін білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл университеттерді аккредиттеу куәліген айыруға олардың бірнеше мәрте заң бұзғаны себеп болған. Бұған қоса, аталған оқу орындары түлектеріне дипломды уақытылы бермеген.

«Естеріңізде болса, дәл осы үш жоғары оқу орны бізге де тексеру жұмыстарын жүргізуге кедергі жасады. Осыған дейін жүргізілген тексерулер нәтижесінде бұл оқу орындарынада бірқатар бұзушылықтар анықталған болатын. Аккредитациялары бойынша да проблемалары болды. Өткен жылы түлектері дипломдарын уақытылы ала алмай қиналған еді. Салдарынан магистратураға оқуға түсу немесе жұмысқа тұруға байланысты қиындықтарға тап болды. Өкінішке қарай, бұл жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып жатқан студенттер бұл жағдайдан сабақ алмады. Биыл да кадрларды дайындау сапасына қатысты сол мәселелер көтеріліп жатыр. Енді бұл оқу орындары бұған дейін жүргізген тексерулеріміздің нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылдауымызға кедергі келтіріп, түрлі амалдарымен уақытты созып жатыр» деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

«Білім туралы» Заңға сәйкес лицензиясыз және аккредитациясыз жоғары оқу орындары диплом бере алмайды.

«The Qazaq Times»