1 сәуір белсенді Бесжан Күмісбектегі «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының ғимаратына барып, жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол қолына ұстап шыққан плакатта «Нұр Отан, төл мерекең құтты болсын!» деген жазу бар.
Белсенді партия ғимаратына кіріп, пикетті әдейі «1 cәуір — күлкі күніне» орай ұйымдастырғанын айтты. Оның сөзінше, 1 сәуір — «Нұр Отан» партиясының төл мерекесі.
— Қазақстанда мереке көп қой. Бүгін, 1 сәуір өткен совет кезеңінде күлкі, алдау күні болған екен. «Первый апрель никому не верь» дейді. Ал біз қазір кімге алданып жүрміз? Билікті иемденіп алып, халықты алдап, тонап отырған билік басындағылар. Олардың көшбасшысы — «Нұр Отан». Сондықтан да бүгінгі күнді «Нұр Отанның» төл мерекесі деп есептеймін. Олар ренжімесін, қалған 365 күн де солардың мерекесі. Қазақстанда не жасалса да, «Нұр Отанның» ұранымен жасалады. Мысалы Павлодарда соңғы алты әкімнің төртеуі сотталды. Олардың бәрі нұротандық. Бұлар қылмыскерлерді жасаушы және сыртқа ұрыларды экспорттаушы партия, — деді Бесжан Күмісбектегі партия ғимаратының ішінде.
Ол содан кейін «ғимарат алдынан өтіп жатқан адамдар плакаттағы жазуды көрсін, оларға бұл партияның қандай екенін айтайын» деп сыртқа шықты. Сол кезде өзін Алматы әкімдігінің өкілімін таныстырған адам белсендіге «Бұл әрекетіңіз заңға қайшы, тоқтатуыңызды талап етеміз» деп ескерту жасап, ғимарат ішіне кіріп кетті.
Ал Бесжан Күмісбектегі әкімдік өкілінің ескертуіне өз уәжін айтты.
— Мен Қазақстан азаматы ретінде өз қарсылығымды білдіру үшін біреуден рұқсат сұрауға міндеттімін деп есептемеймін. Өйткені менің наразылығым билікке, басшыларға. Олардан рұқсат сұрап не қажеті бар? Оларға менің наразылығым тиімсіз болғандықтан, рұқсат бермейтіні белгілі ғой, — деді белсенді.
Мұнан кейін партия өкілі шығып, белсендіден қандай талабы барын сұрап, ғимарат ішіне кіріп сөйлесуге шақырды. Өз кезегінде Күмісбектегі «Менің сіздерге талабым жоқ. Бүгін сіздердің мерекелеріңіз екенін айтуға келгенмін. Ғимарат ішіне кірмеймін, аулада жүрген адамдар менің плакатымды көрсін. Мерекелеріңіз құтты болсын» деді.
Белсенді плакатын ұстап партия ғимаратының сыртында жарты сағаттай жүріп, өз акциясын аяқтады. Ол сол маңнан өтіп жатқан адамдарға «Бүгін — Нұр Отанның мерекесі, біле жүріңіздер» деді. Адамдар жымиып өтіп кете берді. «Дұрыс, дұрыс» дегендер де болды.
27 жастағы Бесжан Күмісбектегі — билікке қарсы нарзылық акцияларына жиі шығатын белсенділердің бірі. Ол бұған дейін де бірнеше рет жалғыз адамдық пикет өткізген. 2019, 2020 жылдары "Бейбіт жиын өткізу тәртбін бұзды" деген айыппен бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылған.
1 cәуір бұрынғы совет елдерінде және әлемнің кейбір мемлекеттерінде бейресми түрде күлкі күні саналады. Бұл күні адамдар бір-бірін алдап, әзілдеседі.
«Нұр Отан» — 1999 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған партия. Бұл саяси ұйым өзін халықтық, демократиялық партия ретінде дәріптейді. Алайда елде оған қарсылар көп. Құрылғанда «Отан» партиясы деп аталған ұйым 2006 жылы Назарбаевтың есімінің алғашқы буынын қосып, «Нұр Отан» атанды. Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеп, 2019 жылы президенттіктен кеткен Назарбаев әлі де партияны өзі басқарып отыр.