Алматыда Әбілязов пен Мамай жақтастары «Қытай экспансиясына қарсылық» митингін өткізді. Митинг белгіленген Ш.Уәлиханов алаңын полиция қоршауға алып, бірнеше белсенді ұсталды. Сол аумақта ғаламтор бұғатталды.
Оқиға орнында болған тілшілеріміздің мәліметінше, алаңға 270-ке тарта адам жиналған. Олар «Қытай экспансиясына жол жоқ!», «Үкімет, Қазақстанды саудаға салма!», «Назарбаев – халық жауы!», «Саңырау президент керек емес!» деген плакаттар ұстап тұрды. Кейбірі Қазақстан шенеуніктеріне жеке санкция салуды сұраған плакаттармен шыққан.
Митинг басталған кезде Жанболат Мамай жиынға қатыспақ болған 7 адамды полиция ұстағанын айтты. Саясаткер егер азаматтық белсенділер босатылмаса, шеруді жалғастыратын ескертті.
Алаңда сөз сөйлеген белсенді Абзал Достияров:
«Қазақтың бүкіл байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Осыған мүмкіндік беріп отырған бүгінгі Назарбаев - Тоқаев билігі. Біз Назарбаев билігіне қарсы тұрамыз. Қытай экспансиясына қарсы тұрамыз. Өйткені біз үндемесек, Қытайға жұтылып кетеміз», – деді.
Көшелер жабылып, полицияның қатаң қадағалауына қарамастан шеруге жиналғандар саны арта бастады. Кейіннен алаңда Балташ Тұрсынбаев, Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бапи, Рысбек Сәрсенбайұлы, Еркін Рақышев сынды белсенділер бой көрсетті.
«Ел мен жер» қозғалысының төрағасы Балташ Тұрсынбаев алаңға жиналғандарға: «Құрметті қазақ халқы, құрметті қазақстандықтар! Бүгін жиналып, жігерленіп, ұлтқа жандарың ашып, минингке келгендеріңе рахмет айтамын. Егер билікке мінездеме берсек: бұл билік – сатқын, бұл билік – жемқор, бұл билік – ұры! Осы үш сөз жетеді!», – дед
Бүгінгі шеруге Қазақстанда ресми тіркеуден өтпеген екі ұйым – Қазақстан соты экстремистік деп таныған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі, қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов пен «Демпартия» жетекшісі Жанболат Мамай мен шақырған. «Демпартия өкілдері» Қытай зауыттарының салынуына қарсылық білдірсе, ҚДТ жақтастары саяси тұтқындарды бостауды талап етті.
Өзін Жанна Ынтымақова деп таныстырған белсенді екі жылдан бері құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз қудалап, қысым көрсетіп келе жатқанын айтады.
«ҚДТ мен Көше партиясының қаншама жақтастары сотталды. Олар террорист емес, жай ғана азаматтық белсенділер. Құқығын талап еткендердің еркіндігі қайда? Саяси тұтқындарды дереу босатсын. 35 адамды соттап тынды, 6 белсенді өлді, 100-ден астам адамға іс жүріп жатыр. Мен митингке телефонымды өшіріп, үйге тастап, сытылып қашып келдім. Қаншама пікірлес жақтастарым үй қамақта отыр, жібермеді. Әдеттегідей митингке бірер күн қалғанда үй алдында полиция көз алмай күзетіп отырады. Басты талабым – саяси тұтқындарға бостандық берсін, Қытайдың 56 зауытын кіргізбесін, азаматтарды пікірі үшін қудалау тоқтатылсын!», – деді ол.
Бұқаралық акцияның соңында ұйымдастырушы тарап Демпартия жиналғандардың бірауыздан берген даусы бойынша арнайы қарар қабылдады. «Қытай экспансиясына жол жоқ!» деген тақырыптағы қарарда Қытай-Қазақстан арасындағы экономикалық-сауда байланыстары жөніндегі деректер сөз етілді. Митинг қатысушылары 8 талаптан тұратын резолюцияны билікке ұсынды:
- «Қытайдың 56 зауытының құрылысына қарсымыз, дереу тоқтатсын;
- Қазақстанның Қытайдан қанша көлемде қандай шарттармен қарыз алғаны туралы ақпарат ашық болсын;
- Қытаймен жасалатын экономикалық келісімдер қоғам талқылауынсыз қабылданбасын;
- Қытай жұмысшылары келмесін, барлық жұмыс табы Қазақстан азаматтарынан жасақталсын;
- Жердің шетелдіктерге сатылмайтыны және жалға берілмейтіні туралы норма Конституцияға енгізілсін;Жер мәселесін билік құрған комиссия емес, тәуелсіз, қоғамдық күштер қарасын;!
- Барлық саяси тұтқындар босатылып, белсенділерді қудалау тоқтатылсын;
- Елде «Саяси партиялар», «Сайлау туралы» заңдар жаңадан қабылданып, оппозициялық ұйымдар тіркелсін!»
Митинг қарары. 27 наурыз 2021 жыл. Алматы қаласы, Ш.Уәлиханов ескерткішінің түбі. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы
ҚДТ митингісі дәл осы күні және осы уақытта елордада, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде және Ақтөбе облысының бірқатар облыс орталықтарында жоспарланған.
Соңғы жылдары Қазақстанда Қытаймен ортақ жобаларға қарсы наразылық акциялары жиі өтеді. 2016 жылы жерге байланысты өткен митингтерде халық жерді дауымен қатар Қытай зауыттарын Қазақстанға көшіруге де қарсы шыққан. Бұл наразылық 2019 жылы да қайта үдеп, республика көлемінде азаматтар қарсылық білдірген жиындар жиілеген еді. Соған қарамастан, Қытай 2023 жылға дейін Қазақстанда 56 кәсіпорын салатын болды. Бейжің капиталы негізінде салынатын кәсіпорынның жалпы құны – 24,5 млрд доллар. Бүгінгі митингте де халық Қытай экспансиясына қарсылығын білдірді.
Бұрынғы президент Назарбаев 2019 жылы биліктен кеткеннен кейін мемлекеттік БАҚ-та Қытай зауыттарына қатысты мәлімдеме жасаған. Сол жылы «Қытайдан қорқа берудің қажеті жоқ» екенін айтқан Назарбаев: «Қазір мен «Қытай бізді басып алып жатыр» дегенді естіп жүрмін. Қай жерде басып алып жатыр? Менің Қытай билігімен келісімім бар. Біз Қазақстан-Қатай біріккен кәсіпорынан саларда тараптар қанша жұмысшы келетіні жөнінде келісімге қол қояды. Құрылыс аяқталғаннан кейін олар кері қайтады. Қорқа берудің қажеті жоқ. Бұл зауыттарды көшіру емес, біз өзімізге керекті заманауи кәсіпорындарды таңдадық. Бізге инвестиция кім береді? Қазір мұндай қаржы Қытайда ғана бар. Біз ұны пайдалануымыз қажет», – деген.
2019 жылы Қазақстанның Қытайға қарызы 11 миллиард доллар болған. Қазақстанда анти-қытайлық көңіл-күй әлі күнге дейін өршіп тұр. Ол ауық-ауық митингтерге ұласып тұрады.