Тоқаев Қазақстан Үкіметінің құрамын бірді-екілі тағайындау арқылы «жаңартты».
Ақорда жарлығына сәйкес министрлер кабинетінің түгел дерлігі өз орнында қалды. Әсілінде, заң бойынша, мәжіліс сайлауынан кейін үкімет таратылып, қайта құрылуы тиіс. Өткен аптада Тоқаев экс-президент Назарбаевтың ұсынысын қолдап, премьер-министр лауазымына Асқар Маминді қалдыру оң шешім екенін айтып, мәжілісті дауыс беруге шақырған. Осылайша, Мамин бұрынғы қызметін қайта жалғастыруға мүмкіндік алды.
Сонымен қоса, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы» 2021 жылғы 18 қаңтардағы №494 жарлық бойынша, Маминнің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов және вице-премьерлер Роман Скляр мен Ералы Тоғжанов, үкімет басшысының кеңсесін жетекшілігінде Ғалымжан Қойшыбаев та бұрынғыша орнында қалды.
Мұхтар Тілеуберді бұдан былай сыртқы істер министрі лауазымымен қоса вице-премьер қызметін атқарады.
Біржан Нұрымбетовтің орнына Серік Шапкенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалса, ал осыған дейінгі ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовті Әсет Ерғалиев алмастырды.
Үкімет құрамы:
- Әлихан Смайылов – премьердің бірінші орынбасары;
- Роман Скляр – премьердің орынбасары;
- Ералы Тоғжанов – премьердің орынбасары;
- Мұхтар Тілеуберді – премьердің орынбасары – сыртқы істер министрі;
- Ғалымжан Қойшыбаев – премьер кеңсесінің басшысы;
- Аида Балаева – ақпарат және қоғамдық даму министрі;
- Ерұлан Жамаубаев – қаржы министрі;
- Әсет Ерғалиев – ұлттық экономика министрі;
- Нұрлан Ермекбаев – қорғаныс министрі;
- Ерлан Тұрғымбаев – ішкі істер министрі;
- Мағзұм Мырзағалиев – экология, геология және табиғи ресурстар министрі;
- Серік Шапкенов – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
- Сапархан Омаров – ауыл шаруашылығы министрі;
- Марат Бекетаев – әділет министрі;
- Асхат Аймағамбетов – білім және ғылым министрі;
- Алексей Цой – денсаулық сақтау министрі;
- Бейбіт Атамқұлов – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;
- Ақтоты Райымқұлова – мәдениет және спорт министрі;
- Бақыт Сұлтанов – сауда және интеграция министрі;
- Юрий Ильин – төтенше жағдайлар министрі;
- Бағдат Мусин – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
- Нұрлан Ноғаев – энергетика министрі.
Тәуелсіз сарапшылар мен белсенділер Мамин басқаратын үкімет пандемияны еңсеруге арналған бірнеше айы, көктемгі карантин мүмкіндігі бола тұра дертке дайындығы жетіспей, «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған деп сынайды. Жаздыгүні өршіген індет елдегі көптеген салалардағы «былықтың бетін ашқаны» туралы наразылық көңіл-күй артты.
Күнкөріс табысынынан айырылған мыңдаған қазақстандық жұмыссыздыққа тап болды. Бюрократия мен сандық жүйенің нашарлығынан мемлекеттік жәрдемақының берілуі үлкен дауға айналды. Білім беру және медицина салалары бұрын-соңды кезікпеген қиын жағдайға ұшырады. «Маусым-шілде қырғынында» ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі беттері некролог алаңға айналғаны елдің есінде. Шілде айында Тоқаев Үкіметке жағдайды дереу реттеу жөнінде тапсырма беріп, отставка жайлы ескертіп, сынға алған. Қазақстанда инфляция, кедейшілік, жұмыссыздық, жоспарлы емделу т.б. мәселелер теріс бағытта күрделене түсті.