Кеше АҚШ Конгресінің екінші палатасы қазіргі президент Дональд Трампқа екінші рет импичмент жариялады. Құжат Конгресс Сенатына өтті. Қазір Сенат импичмент процесін талқылауда. Егер жоғарғы палата құжатты бекітсе, Трампқа мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым салынбақ.
Ресми мәлімдемеде: «Америка Құрама Штаттарының Сенатында импичмент процесі өтеді. Егер президент кінәлі деп танылса, оны қайтадан мемлекет басшысы лауазымына сайлану мүмкіндігінен айыру туралы дауыс беру өтеді», – делінген.
Кеше АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы президент Трампқа қарсы импичмент процесін талқылап, бекіткен. Қазір Ақ үй басшысы «азаматтарды көтеріліске итермелеп, билікті бейбіт беруге кедергі келтірді» деп айыпталып жатыр. Кейбір конгресмендердің айтуынша, Трамптың «сайлау нәтижесі бұрмаланды» деген пікірі Капитолийдегі бүліктің басталуына түрткі болған.
Трампты биліктен шеттетуді талап ететін резолюцияны Өкілдер палатасы сейсенбіде қабылдады. Бірақ төменгі палата бүгін Трампқа қарсы импичментті мақұлдаса да, сенаторлар оны жаңа президентті ұлықтау рәсіміне дейін қарап үлгірмеуі мүмкін. Себебі Джо Байденнің инаугурациясы қаңтардың 20-сында өтеді.
Бұған дейін Сенатта қандай да бір отырыс өткізу қарастырылмаған. Құжат сенаторлар қарауына түскеннің өзінде қазіргі президентті биліктен шеттету үшін 100 адамның 67-сі оны қолдап дауыс беруі қажет. Ал олардың тең жартысы демократтар екенін ескерсек, резолюцияға қол қою үшін тағы 17 республикалықтардың дауысы керек.
Өткен аптада демократтар вице-президент Майк Пенске Трампты ығыстырып, Байденнің инаугурациясына дейін билік етуді ұсынған. Конституциядағы 25-түзету бойынша Пенс Трампты ығыстырып, мемлекет басшысы міндетін уақытша атқаруға құқығы бар. Бірақ Пенс өз мәлімдемесінде: «Мұндай шешім біздің еліміздің мүддесіне сай емес. Өткен аптада мен сайлау нәтижелерін анықтау үшін конституциялық өкілеттіктерімнің шеңберінен шыққан жоқпын. Енді мен Өкілдер Палатасының еліміздің өміріндегі осындай маңызды уақытта саяси ойын бастауына жол бермеймін», – деді.
Капитолий шабуылынан кейін демократтар Трампқа импичмент жариялауға дайындық бастады. Олар Уашингтонда демонстранттардың митингін Трамп ұйымдастырды деп айыптап отыр. 2019 жылы «өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін» Трампқа алғаш рет импичмент жарияланған болатын. Демократтар жариялаған импичменттен кейін республикашылдар Ақ үй басшысын ақтап шығып, Трамп қызметін жалғастырды.
Сол жылы Трампқа жарияланған импичментті республикалық партияның бірде-бір мүшесі жақтамаған. Бұған дейін Конгрестегі партияластарының ең көп қарсылығына ұшыраған президент Билл Клинтон болатын. 1998 жылы оған жалған куәлік берді деп айып тағылғанда, демократиялық партиядан сайланған 5 конргессмен Клинтонға қарсы дауыс берген. Кейін солардың төртеуі республикалық партияға ауысып кетті.