Қазақстанда 27 желтоқсан коронавирус жұққан 736 адам, 26 желтоқсан коронавирус пневмониясына шалдыққан 27 адам анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі статситикадағы басты қатесін мойындап түзетті. Қазір елде 22 мыңнан астам адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 10 358, U07.2 немесе КВИ- бойынша 12 122) ауырып жатыр. 

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – Атырау (133), Алматы қаласы (83), Павлодар (65), Қостанай (62), СҚО, Алматы облысы және астанадан (әрқайсы 57-ден). Өткен тәулікте 821 адам ауруынан айғып шығып үйіне жіберілген, сондай-ақ 10 адам өмірден өткен.

#U07.2  Алдыңғы күні, яғни желтоқсанның 26-сы коронавирус пневмониясына жататын 27 науқас тіркелген. Оған қоса, сенбі күні 54 адам емделіп шыққан.

#Жалпы  ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 22 480 науқастың 5058-і ауруханада, 17 422-сі амбулаторлық бақылауда. Министрлік ресми хабарламаны жаңартты. Онда ауырып жатқан балалар туралы ақпарат алынып тасталған. Және коронавирус пневмониясының мерзіміне байланысты айлап қолданылған қателік түзетілмеген.

Ахуалы нашар 245 науқастың арасында 48 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 42 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Қазақстанда коронавирус пневмониясы («КВИ-» – QT) бір күнге кешігіп жарияланғанына қарамастан, «өткен тәуліктегі» дерек деп беріліп келген. Мысалы, бес айдан бері, дүйсенбі күні таңда коронавирус сияқты жексенбінің емес, сенбі күнге тиесілі мәлімет беріліп отырды. Бірақ министрліктің салғырттығы себепті  «алдыңғы» деп берудің орнына ресми ақпараттарда «өткен тәулікте» деп жазылады. Осыған дейін елдегі коронавирус жағдайы туралы ресми ақпарат көзі болып саналатын coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. Өткен аптада министрліктің баспасөз қызметі редакция ескертпесі бойынша статистикадағы қате түзетіліп, жаңа формада берілетінін хабарлаған.

Пандемия модераторы министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і жән 19-ына тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. 

Дүйсенбі министрлік ресурстарында редакция байқаған қатенің орны толықтырылып, коронавирус пневмониясы (КВИ-) кейстерінің тіркелген нақты датасы қосымша белгімен жарияланды.

28 желтоқсан жарияланған мәлімет. Фото: ҚР ДСМ

Дегенмен ақпарат министрлігі еш өзгеріссіз «өткен тәулік» есебінде берді. Екі ресурста да өзгеріске байланысты түсініктеме берілмеген.

Ақпараттың ақ-қарасын ажыратуға асықпайтын ақпарат министрлігінің ресурсы. Фото: www.coronavirus2020.kz

Осы жөнінде бүгін Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері статистиканың кемшілігі түзетілгенін растады.

«Бұрын біз аурулар туралы ақпаратты ай сайын жинаушы едік. Тамыз айынан бастап статистикаға көзқарасымызды өзгерттік. Сол кезден бастап статистика тұрақтылығы үшін есеп күнделікті форматқа көшірілді. Коронавирус пневмониясы екінші тәулікте жинақтап, ертеңіне барлық ресурстарға жариялаймыз. Яғни бүгін, 28-і жарық көрген ақпарат 26 желтоқсанға тиесілі», – деді вице-министр Марат Шоранов.

The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ең шынайы нұсқа деп санайды.

9 желтоқсан денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар-дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау кезеңі туралы жаңа болжамын бөліскен. Оның айтуынша, екінші толқынның шарықтау кезеңі 2021 жылдың қаңтар және ақпан айларына сәйкес келеді.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 152 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 45 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 196 мыңнан асса, ал Ұлттық статистикада 198 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Халықаралық ұйым туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар мен қайтқандар, айығып шыққандардың аймақтардағы көрсеткіші күнделікті жарияланады, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріледі. Коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі есеп министр о баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, он күнде бір рет, оның өзінде ведомство сайтына файл форматында жүктеліп келеді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3565-і (КВИ+ / U07.1 – 2259, КВИ- / U07.2 – 490, ілеспе аурулардан – 816) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 764 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Әзірге вирус таралу қатері жағынан Атырау облысы – қызыл аймақта, астана мен Алматы қаласы, СҚО, Ақмола, Қостанай, Павлодар өңірлері – сары аймақта тұр. Республика сары аумаққа енген.

Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізімінде 49-шы орында тұр.

"The Qazaq Times"