Шығыс Қазақстан облысының табиғаты туризмге тапсырмас өлке. Мұнда туристерді қызықтыратын кең аумақ, керемет ландшафтар, әртүрлі климаттық аймақ, баға жетпес мәдени және тарихи ескерткіштермен қатар туристер тамашалайтын сан алуан демалыс орындары бар. Қыс мезгілінде шаңғы, коньки, сноуборд тебуге мүмкіндік беретін орталықтар жетерлік. Ең танымалы – «Алтай альпісі» тау шаңғысы кешені. Алты ай қар құрсауында жататын шығыста бес ірі қысқы демалыс орны бар. Сөйте тұра, өңірдегі жұрттың қысқы спорт түрлерімен әуесқой деңгейде айналысуы 1% жетпейді.
Шығыста қысқы спорт түрлерінің түрленін дамытумен айналысып жүрген кәсіпкердің бірі Александр Чиликин. Ол Өскемен қаласың маңынан 400 гектар жерді 49 жылға жалға алған. Оның 40 гектар жері шаңғы тебетін демалыс аймағына тиесілі. «Алтай альпісі» аталған тау-шаңғы демалыс орнында 200-900 метр аралығын қамтыған әртүрлі деңгейдегі 7 аспалы жол тартылған. 150 турист тұрақтайтын қонақ үй салған. Тау бөктерінде бір күнде мың адам сырғанай алады. Баға өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сырғанауға қажетті құралдарды небәрі 3 мың теңгеге жалға береді. Тауға аспалы жолмен көтерілудің құны да қымбат емес. Бірақ, соған қарамастан демалушылардың саны сирек.


«Қонақ үйге бір адамның тәуліктік тұрақтауы үш уақыт тамағымен қоса есептегенде 20 мың теңге. Жеті деңгейлі сырғанау жолдары бар. Біз Қазақстанда туризмді дамыту керек дегенді жиі айтамыз. Алайда оны орындау әзірге мүмкін емес. Ең бастысы инженерлік жүйенің жоқтығы. Тау-шаңғы курортын дамыту үшін электр қоры жеткілікті болу керек. Су мен кәріз жүйесі де тартылуы тиіс. Біз болсақ кеңес заманынан қалған заттарды пайдаланумен щектеліп отырмыз. Демалыс орындарына тұрақты автобус жүрмейді. Яғни, халық демалыс орындарына, таза ауаға келе алмайды, жете алмайды. Шығыс Қазақстан облысының табиғаты тау шаңғысы, сноуборд, фристайл спорттарына таптырмас орын. 5-6 ай қыс, қар болады. Алайда демалыс орны қысқы маусымда тек 40 күн жұмыс істейді, яғни демалыс күндері ғана адам кеелді, басқа уақытта қаңырап бос тұрады. Біздің өлкеде қысқы спорт түрлері «өлі» күйінде жатыр. Қазіргі заманның сұранысы, дамыған елдері тұрмақ, кеңес кезеңімен салыстыруға да келмейді шығыстағы қазіргі қысқы спорт түрлерін. Нашар. Облыста жеңіл атлетика, волейбол сынды спорт түрлеріне көңіл бөлініп, ақша қымбат легионерлерді сатып алуға жұмсалады да, бұқаралық спортқа, қарапайым халықтың спортпен айналысуына көңіл бөлінбейді. Қысқы спорт түрлерін дамытуға, спорт кешендерін салуға субсидия мүлдем қарастырылмаған. Ал Түркияда, Еуропа елдерінде керісінше, есесіне әлемде турист тарту жағынан жоғары мемлекеттердің қатарында. Ал бізде сөз жүзінде ғана. Демалуға келген қытай туристері «Шыңжанмен салыстырғанда сендерде туризмді дамытуға 100 есе мүмкіндік көп, бірақ бізден 100 есе аз жұмыс жасапсыңдар» дегені есімде әлі», - деді «Алтай альпісі» тау шаңғы демалыс орталығының иесі Александр Чиликин.
Шығыс Қазақстан облысында 1,5 миллионнан аса адам тұраса, оның 350 мыңы Өскемен қаласына тиесілі. Зайсан, Марқакөл, Қатонқарағай, Риддер сынды сұлу жерлерімен шығыстың аты шыққанмен, ол жақтардағы демалыс орындары жаз мезгілдерінде ғана жұмыс істейді. «Орел», «Эдельвейс», «Нұртау», «Рахман қайнары» тау курорты сынды барлығы 5 ірі қысқы тау-шаңғы курорттық орындары болғанмен, оған баратын турситер саны айтарлықтай көп емес көрінеді.
«Шығыс Қазақстан облысында тұратын халықтың 1% да қысқы спорт түрімен айналыспайды. 350 мыңдай тұрғыны бар Өскемен қаласының тек 1% ғана шаңғы, сноуборд тебеді. Бірен-саран адам ғана келеді осында. Шетелдіктер, ресейлік турситер толтырады деп те асыра айтудың қажеті жоқ. Олардың өздерінде қысқы демалыс орындары жетерлік. Біз бір қыста 10 мың адам осында қона жатып, демалса деген арманымыз бар. Бір күнде мың адамды қабылдай аламыз. Сенбі-жексенбі күні шаңғы тебушілер жүреді, ал басқа күндері курорт жұмыс істемейді. Өздеріңіз көріп тұрғандай адам жоқ. Тым болмағанда сырғанау орталығында оқушыларды әкеліп үйрету керек деп санаймын. Шымбұлақта қыста 1,5 мыңға дейін оқушы тегін шаңғы тебуді үйренеді. Әкімдік көңіл бөледі оған. Бізде керісінше, жастарға көңіл бөлмек түгілі қоғамдық көліктің мәселесін де шешпеген. Қала бтлігі автобус жүргізсе тауға шығушылар саны да артар еді. Олар «қажет пе автобусты өздерің ұйымдастырып алыңдар» деген. Курорттық аймақты ұстап тұруға ай сайын 30 мың миллион теңге төлеймін. Шығын көп, кіріс аз. «Изумруд» шипажайы, аңға шығару сынды өзгеде бизнес түрлері бар. Солардың негізінде курорты ұстап отырмын.», - деді қысқы туризмнің тұралап тұрғанын айтқан А. Чиликин.
Мөлдір Маманова турситік фирма арқылы шығыстың табиғатын тамашалап жүр. Табиғаттың сұлу көріністеріне таңданғанмен, көңілінен шықпаған жайттарды да жасырған жоқ. Ол шығыста ғана емес, ел аумағында турситік бәсекелестік жоқ деп санайды. Оған дәлел ретінде жоғары баға мен көрсететін қызмет сапасын салыстырды. Қарағай мен қоса аққайыңдармен қоршалған «Нұртау» шаңғы курорты өңірге танымал. Құлдилай сырғанайтын шаңғы жолы да, серуендейтін алаңқайы да аз емес. Бұнда бір адамның сырғанақ тебуі 18 мың теңгеден басталады.


«Алтайды аралау - әр адамның арманы. Маған шығыстың тағамы, келушілерді аспазшылардың авторлық ас мәзірімен қарсы алатыны ұнады. Қызмет көрсетуі жақсы екен. «Алтай альпісі» тау шаңғы курортында нөмірлер 20 мың теңгеден басталады. Өзге жерлермен салыстырғанда бұл демалыс орталығында баға әлдеқайда төмен. «Нұртау» тау-шаңғы курортына келетін болсақ, әрине, сервис сапалы, бірақ бағасы да арзан емес. Көбінесе тек элиталы, қалталылар ғана келе алады. Отбасының бір күндік демалысына жүздеген мың теңге тастап кету елдің экономикасына сәйкеспейді, оған жүзден бір отбасының ғана жағдайы жетеді. Яғни, біздегі демалыс орындары көпшілікке арналмаған дегенді білдіреді. Ал табиғатына сөз жоқ, керемет», - деп пікірін білдірді турсит қыз.
Шығыс Қазақстан аумағында туроператорлық және турагенттік қызметтерді жүзеге асыратын жүзден астам туристік ұйым тіркелген. Олардың жұмысы негізінен жаз мезгілінде қызады. Жазда жұмыс істейтін Марқакөл, Қатоқарайғай ұлттық паркі, Бұқтырма су қоймасы, Риддердегі шипажайларға бірнеше күндік саяхаттар ұйымдастырады. Демалыс орындарына тұрақтаған туристерден түскен ақшаның 10% алатын турфирмалар келушілер саны төмен болсада, Қазақстанда бағаның түспегенін айтады.
«Өскемен, Семей, Павлодар қалаларынан келген турситерді 2-3 күнге қыдыртамыз. Алтай түркі халықтарының шыққан жер болғандықтан, түркілердің даму тарихын көрсететін жерлер аз емес. Табиғаты да, тарихы да бай өлке. Жазғы туризмнің уақыты екі-үш айдан аспайды, алайда қысқы туризмнің уақыты жарты жылға жетеді. Деседе турситерді көп деп айта алмаймыз. Қытайларда жоқ биыл. Туристер жоқтың қасы. Өз беттерімен келіп, шатырда, көлікте түнеп кететін адамдар бар әрине аздаған. Бірақ оларды статистикаға қосу қиын. Көбі баға саясаты нашар, яғни қымбат деп айтады. Экономист ретінде айтайын, демалыс орындары 2-3 ай ғана жұмыс істейді, алайда ол жерлерді жыл бойы күтіп ұстау керек. Суды тасиды, кейбірі тоқты генератордан алады. Әрине, мемлекет тарапынан коммуникация жасалмағандықтан өзіндік бағасы да жоғары болады. Мәселен, «Нұртауда» демалыс орындарында үйді жалдаудың тәуліктің құны 500 мың теңге. Риддер өңірін, Өскеменнің айналасын, Зайсан, Қатонқарағай, Марақакөл жерлеріне өңірарлық туристік-рекреациялық кластер құруға, Алакөлді қоса алғанда шығысты турситік хабқа айналдыруға болады. Бірақ Өскемендегі кез келген демалыс орындарына адамдардың жетуі проблема. Жеке көлігің болмаса қиналасың немесе турситік автобустарды жалдауға тура келеді. Әкімдік Өскеменнің іргесіндегі демалыс орындарына қоғамдық көлікті мүдем қарастырмаған. «Бизнес сендердікі ме, өздерің ұйымдасырыңдар» деген ұстанымда. Мемлекеттің туризмді дамытуы тек тілмен, сөз жүзінде ғана», - деді турфирманың директоры Валерия Топольняк.
«Нұртау» тау-шаңғы курорты Өскемен қаласынан 35 шақыырм қашықтықта орналасқан. Демалушыларға жан-жақты қызмет көрсетеді. Қонбай, жылы жерде тұрақтап, ас-сусын ішуге де, бірнеше күнге тұрақтауға да арналған сәнді ағаш үйлер мен ондаған коттедж бар. Сыңсыған қарағайлар мен аққайыңдар да көздің жауын алады. «Нұртау» елге танымал «Бипек-Авто» мен «Азия Авто» компанияларына қарайды. Яғни, қаржылық жағдайы жоғары мекеменің меншігі болғандықтан, өзге шипажай немесе курорттық орындар секілді мемлекетке тікелей мұқтажы емес. Демалыс орнының директоры Роза Байғазанованың сөзінше, көбінесе компанияның қызметкерлері 80% жеңілдікпен келеді. Ал жалпыға ортақ жағдай жасау алдағы уақыттың жұмысы. Күндіз тұрақтап, тамақ ішуге арналған шағын үйлерді таңнан кешке дейін жалға алу үшін 60-90 мың теңге төлеуге тура келеді. 4 отбасына арналған коттеджнің тәуліктік құны 160-450 мың теңге аралығында. Яғни, жалпы жұртқа, жекелеген жанұяға емес, ұжымдық отырыстарға ғана ыңғайлы.
«Бұл жолы бізді «Қазақтуризм» компаниясы шақырды. Шығыстың табиғаты керемет, ұнайды. Алтайдың жерлерін аралау бұрынан арманым еді. Әсіресе осы «Нұртау» тау-шаңғы курортының орналасқан жері керемет, көз тоймайды екен табиғатына. Қызмет көрсетуі, тамағы, сырғанау жолдары да ұнады. Сырғанауға қажетті шаңғы, сноуборд сынды өзгеде құралдары ескірмеген, жаңа екен. Мысалы, біздегі Шымбұлақта келушілердің қыдырып, серуендейтін орындары жоқ. Ал мына «Нұртауда» сырғанауан басқа қыдыруға арналған парк, ойын алаңдары да бар. Қар жамылған қайыңды тоғайы да сұлу! Туристерге тартатын табағы да тамаша, қазақы ас мәзірін заманауи түрда ықшамдап, әрі тіл үйірер дәмді қылып жасаған. «Бал қаймақ», құрт қосылған жылқы қуырдағы, қарақат, бүлдіргені қосылған сусындары сынды толық жатқан ас мәзірі шетелдіктерді де, ел ішіндегі туристерге де ұнайтыны даусыз. Бұл Өскемен қаласындағы мейрамханаларды айтып жатырмын. Әрине, бұл жерде бағаның жоғары екені рас. Бұл тек Өскеменге ғана емес, бүкіл Қазақстанға қатысты. Сондықтан мемлекет туризм саласына белсене араласып, туризмнен хабары бар адамдар осы саланы басқару керек», - деді шығысты шарлап жүрген тағы бір турист Роза Есенқұлова.

"The Qazaq Times"