Әлем бойынша сынақтан сәтті өткен Pfizer, BioNTech фармацевтикалық компаниясы жасаған екпе және америкалық Мoderna екпесін салуды бастаған елдер қатарында Ұлыбритания, АҚШ және Канада бар. Коронавирусқа тосқауыл болу мақсатында бүгін Канадада вакцинация басталды.
Вирусқа қарсы екпеге бірінші болып Ұлыбритания билігі рұқсат берді. 9 желтоқсанда Британияда Pfizer компаниясы өндірген вакцинаны алғашқы болып 90 жастағы Маргарет Кинан есімді британдық әйел қабылдады. Елдің Денсаулық сақтау министрі Мэтт Ханкоктың айтуынша, екпенің 40 миллион дозасына тапсырыс берілген.
12 желтоқсанда АҚШ-тың құзырлы органдары Pfizer және BioNTech компанияларының коронавирусқа қарсы вакцинасын төтенше жағдайларда қолдануға рұқсат берді. Препаратты алғашқы болып медициналық қызметкерлер мен қарттар алады деп жоспарланып отыр. Өткен аптада Ұлыбритания билігі де вакцинаны қолдануға рұқсат берген. Америкада аталған компанияларының препараттары елдің 145 медициналық орталығына жеткізілмек.
Канадаға 14 желтоқсанда жеткізілген Pfizer, BioNTech компанияларының препаратын алғашқы болып медицина қызметкерлері мен қарттар үйінің тұрғындары қабылдады. Қазір елде коронавирустан қаза тапқан 13 431 тұрғынның 60%-ы қарттар үйінің тұрғындары екен. Шараны жергілікті телеарналардағы тікелей эфирде көрсетті. Мамандар екпе егілген тұрғындардың жағдайы жақсы екенін айтады.
Pfizer – BioNTech вакцинасы Дәрілік заттар мен медициналық құрылғыларды бақылау жөніндегі басқармасымен (MHRA) мақұлданған. Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, сатып алынады деп жоспарланған 300 млн дозаның бағасы 4,6 млн еуро.
Аталған екпелерден басқа, тағы бірнеше компания вакциналарын тіркеуге және өнеркәсіптік өндірісті бастауға дайындалып жатыр. Бұған дейін әлемде екі вакцина клиникалық сынақтың соңғы үшінші фазасын аяқтаған. Қазір басқа он екпе сынақтың соңғы кезеңінен өткізіліп жатыр. Сынақтан сәтті өтіп, коронавирусты емдеуде 90%-дан артық дәлдік көрсеткен вакциналар қатарында Pfizer, BioNTech фармацевтикалық компаниясы жасаған екпе және америкалық Мoderna екпесі бар.
Америкалық Pfizer және оның германиялық серіктесі BioNTech компаниясы бірлесіп әзірлеген вакцинаның тиімділігі клиникалық сынақта 90%-дан астам оң нәтиже көрсеткен. Ал Оскфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы өндірген коронавирусқа қарсы вакцина 70% тиімділік көрсеткен.
Ошағы Қытайдың Ухань қаласынан басталған қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 72 миллионнан асып кетті. Кейс тіркелу бойынша антирекорд орнаған мемлекеттердің үштігінде Америка, Бразилия, Үндістан тұр.