Дүниежүзінде коронавирустың екінші толқыны басталып, 38 миллионнан астам кейс тіркелген. Дертке шалдыққандар саны қайта артқан мемлекеттер төтенше жағдай енгізіп, карантин шараларын қатаңдата бастаған. Әсіресе, АҚШ пен Еуропада вирустан төнген қауіп артқан. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағы бойынша бюро директоры Ханс Клюге Еуропа елдерінде қабылданып жатқан шектеу шараларын мақұлдады.
Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша антирекорд орнатқан мемлекеттер бестігінде АҚШ (8 млн), Үндістан (7 млн), Бразилия (5 млн), Ресей (1,3 млн) және Испания (1 миллионға жуық) тұр.
Америкада дертке шалдыққандар 8 миллионнан асты. Елде күн сайын ондаған мың науқас тіркеліп жатыр. Вирус жұқтырғандар барлық штатта артқан. Карантин талаптары айтарлықтай күшейтілмесе де, 3 қарашада өтетін президенттік сайлауға пошта арқылы дауыс беру енгізілген. Жақында Ақ үй басшысы Дональд Трамп та отбасымен коронавирус жұқтырған болатын.
Франциядағы ахуал мәз емес. Бүгіннен бастап елде 4 аптаға төтенше жағдай енгізіліп, карантин шаралары күшейтілді. Билік оны қарашаның соңына дейін созуды көздеп отыр. Тәртіпке бағынбағандар бірінші рет ереже бұзса 135 еуро көлемінде, ал екінші қайтара тіркелсе 6 500 еуро айыппұл төлейді. Мұнымен қоса, кинотеатр, театр, кафе-барлардың жұмыс уақытына шектеу енгізілді. Жаңа қаулыны бекіткен Франция президенті Эммануэль Макрон: «Біз коменданттық сағат режимін енгізу арқылы елдің 9 аймағында коронавирустың таралуын тежемекпіз. Ал туған күнді атау өту секілді сауық кештері керісінше инфекцияның таралуына жол ашады», – дейді.
Елдің бірқатар аймақтарында түнгі уақытта коменданттық сағат енгізіліп, адамдар тек қызмет бабы бойынша дәрігерге қаралуға немесе сапарлайтын жолаушыларға ғана жүруге рұқсат етілген. Карантин күшейтілген аймақтарға қосымша 12 мың полицей жіберілді. Алдағы бірнеше айда Париж бен тағы 8 ірі қалада мерекелік кештер ұйымдастыруға тыйым салынбақ. Мемлекеттік және жекеменшік компания қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшіріледі.
Ұлыбритания астанасында вирус жұқтырғандар санының өсуіне байланысты карантин шаралары қатаңдатылды. Бүгіннен бастап Лондонда шектеудің екінші деңгейі енгізілді. Жаңа тәртіпке сай бір үйде тұрмайтын адамдардың кездесуіне тыйым салынады; көшеде 6 адамнан артық жиналуға болмайды. Британия билігі қоғамдық көліктердің орнына велосипед, электросамокатты пайдалануға және алыс сапарға шықпауға кеңес берді. Мәліметтер бойынша, Ұлыбританияда коронавирусты жұқтырғандар саны 640 мыңнан асқан.
Германия экономикасы екінші қатаң карантиннен ірі регреске кетуі мүмкін мүмкін, – деген канцлер Ангела Меркель шұғыл шара қабылдау туралы бұйрық шығарды. Індеттен туындаған дағдарысты еңсеру үшін экономикаға жүздеген миллиард еуро бөлінді. Дегенмен мемлекет қарызы артқан. Сондықтан билік азаматтарды барлық шектеулерді сақтауға шақырды. Мұнда вирус жұқтырғандар саны 335 мыңнан асқан. Соңғы уақытта күн сайын 5 мыңнан аса адамнан вирус анықталып жатыр.
Пандемиядан қатты зардап шеккен Испанияда коронавирустың өршуімен жағдай күрделене түсті. Мадрид ауруханаларында науқастардың қарасы көбейген. Бірақ билік ауыр халде жеткізілген адамдардың саны көктемгі кезден әлдеқайда төмен екенін айтады. Денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илла шектеу шаралары шаһардағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесуі тиіс дейді. Ресми мәліметтер бойынша, мұнда коронавирусты жұқтырғандар саны 900 мыңнан асқан.
Италия мен Чехияда мектептер уақытша жабылды. Алайда тіркелген кейс саны артқан. Осы аптада Италияда жаңа антирекорд тіркелді – соңғы тәулікте коронавирус инфекциясына 8 804 адам шалдыққан. Бұл алдыңғы күні тіркелген деректен шамамен 1500-ге көп.
Таяуда Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа пандемияның екінші толқыны басталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, науқастар санының артуы туристер мен жергілікті халықтың карантин шараларын сақтамауымен байланысты. Елде 342 мың кейс тіркеліп, мыңнан астам адам ажал құшқан. Алайда Түркия дәрігерлері билік ұсынған статистиканың жалған екенін, шын мәнінде коронавирус жұқтырған науқастар санының ұсынылған цифрлардан едәуір жоғары екенін айтып отыр.
Әзірбайжанда Covid-19 вирусын жұқтырған азаматтар санының күрт өсуіне және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты 19 қазаннан бастап бірқатар шектеу енгізілмек. Жаңа ереже бойынша қызметкерлерді қашықтан басқару режиміне көшіру арқылы мемлекеттік қызметкерлердің жұмысқа шығуы 30%-ға дейін қысқарады. Осындай талаптар мен ережелер жеке секторда және басқа салаларда жұмыс істейтін мекемелер мен ұйымдарға ұсынылды. Сонымен қатар, 65 жастан асқан адамдарға үйден шықпауға кеңес берілді.
Арменияда 60 мыңға жуық адамнан вирус анықталса, мыңнан астам науқас көз жұмған. Пандемияның екінші толқынына қарамастан, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ үшін қақтығыс басылған жоқ.
Украина Денсаулық сақтау министрлігі коронавируыстың екінші толқынын 24 қыркүйекте жариялаған. Елде бір күнде 6 мыңға жуық науқас тіркеліп, вирус жұқтырғандардың жалпы саны 287 мыңға жеткен. 17 аймақта бес күн қатарынан COVID-19 пациенттеріне арналған ауруханаларда 50%-дан астам орын толған. Соған қарамастан тұрғындар карантин талаптарына бағынбайды. Әлемдік рейтинг бойынша Украина 25-ші орында тұр. Ал Беларусьте 86 мыңнан астам дерек тіркеліп, 921 адам көз жұмған. Қазір Беларусь халқы коронавирустан да қауіпті «әділетсіз билікпен» күрес жүргізіп жатыр.
Қырғызстан мен Өзбекстанда да қауіпті дерт өршіп тұр. Қырғызстанда осы уақытқа дейін 51 мың адамнан вирус анықталса, Өзбекстанда олардың саны 62 мыңға жуықтаған. Қырғыз жерінде пандемияның екінші толқынымен халық толқулары басылмай тұр. Парламенттік сайлаудан кейін орын алған ірі қақтығыстан кейін күні кеше ел президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті.
Қазақстанда бір күнде (15 қазан) коронавирус пневмониясы жұққан 166 адам анықталды. Бір күнде пневмонияның бұл түрінен 2 адам қайтыс болып, 58 адам жазылды. Қазанның бірінші жартысында коронавирустан ауырған балалар мен стационарда емделіп жатқандардың қатары көбейген. Амбулаториялық бақылаудағы науқастар айтарлықтай кеміген.
Ел билігі 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына арнайы код беріп, есебін бөлек жариялап келеді. Мысалы, бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Сол себепті жергілікті сарапшылар арасында ресми дерекке күмән келтіріп, ауруға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен жоғары дейтіндер бар.