Украина президенті Владимир Зеленский Қырымды ел құрамына қосуды жоспарлап жүргенін мәлімдеді.
Euronews телеарнасына сұхбат берген ол: «Қырымды қайтарамыз. Бірақ бұл мәселені талқылау үшін маңызды және тиімді алаң жоқ. Алты жыл ішінде бұл мәселені көтеру үшін берік платформа жасалмады. Украинаның халықаралық серіктестері Ресейге санкция салумен ғана шектеліп қалды. Бұл мәселеде нақты платформа қажет», – деді.
Сонымен қатар Зеленский «Норманд форматында» барлық назар Донбастағы қақтығысты шешуге арналып, Қырым тақырыбы кейінге шегеріліп отырғанын айтты. Украина президентінің айтуынша, Қырым мен Донбасс мәселелері бірдей. Негізгі айырмашылық – Қырымда бейбіт тұрғындардың көп қаза болуында.
Былтыр желтоқсанда Парижде өткен жиында Германия, Франция, Украина мен Ресей басшылары Қырым мәселесін талқылаған болатын. Жиында Зеленский Украина – унитарлы мемлекет болғандықтан федерализация туралы сөз болуы мүмкін еместігін және Украинаның дамуы мен болашағына сырттан ешкімнің ықпал етуіне жол берілмейтінін айтты.
«Украина – тәуелсіз, дербес, демократиялық мемлекет, оның даму жолын тек қана халық таңдайды. Тағы бір мәселе, Украинаның шығысындағы жағдайды елдің халықаралық қауымдастық таныған аумағынан жер беру есебінен реттеу жайлы мәміле болуы мүмкін емес. Әрбір украин үшін Донбасс та, Қырым да – Украина екенін баршамыз білеміз», – деген.
2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегінде Ресей күштерінің бақылауымен «референдум» өтіп, оның қорытындысы бойынша "халықтың 93 пайызы автономиялы республиканың Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуын жақтағаны" жарияланған. Мәскеу Қырым түбегін аннексиялап, Ресей федерациясының құрамындағы субъект деп таныған. Сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған. Содан бері ол соғыста 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Батыс елдері Ресейдің Украинаға қатысты іс-әрекетін айыптаған. Ресей Донбастағы қақтығысқа қатысы барын жоққа шығарады.