Демографияны зерттеген ғалымдар осы ғасырда Жер бетіндегі адам санының күрт азайып кететінін айтып дабыл қағуда. Зерттеу нәтижелері жыл сайын туу көрсеткішінің төмендеп келе жатқанын, XXI ғасырдың соңында әлемдегі барлық елде халық саны азаятынын көрсетіп отыр.
Бұдан 70 жыл бұрын әлемдегі туу көрсеткіші әр әйелге 4,7 баладан тура келсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 2,3 балаға дейін төмендеген. Ғалымдар туу көрсеткіші әр әйелге 2,1 балаға дейін төмендейтін болса бұл тұтас Жер бетіндегі адам санының кемуіне алып келетінін болжайды. Осы қарқын жалғаса берсе 2100 жылға барғанда әр әйелге 1,7 баладан тура келмек.
Әлем халық саны 2064 жылы ең жоғары шегіне жететіні болжануда. 44 жылдан кейін Жер бетінде 9 млрд 700 млн адам өмір сүрмек. Ал, содан кейін тұтас әлем бойынша халық саны кескін қысқара бастайды. Бұл кезеңде барлық елде жаңа туған балалардан көрі 80 жасқа толғандардың саны көбірек болмақ. Адамзаттың қарттану дәуірінен кейін халық санының қысқаруы тездей түспек. Ғасыр соңына жеткенде 2064 жылмен салыстырғанда 1 млрд адамға дейін қысқаратыны болжанып отыр.
Lancet журналында жарияланған зерттеу қорытындысына қарағанда, 80 жылдан кейін әлемдегі 23 мемлекеттегі халық саны екі есеге дейін азаяды. Бұлардың қатарында Жапония, Италия, Испания, Португалия, Оңтүстік Корея және Тайланд секілді мемлекеттер бар. 2017 жылдан бастап Жапонияның халық санының өсімі кері кете бастады. Сол жылы елдегі халық саны 128 млн адам болып, тарихтағы ең жоғары шекке жеткен. Ал, ғасыр соңында Жапонияда 53 млн адам ғана қалады деп болжанған. Ал, Италияда болса 2100 жылы 30 миллионға жетпейтін адам өмір сүрмек.
Қазір 1,5 миллиардқа жуық халық саны бар Қытайда 80 жылдан кейін 732 млн халық жасауы мүмкін. Бұл кезеңде халық саны жағынан ең алдынғы орынға Үндістан жайғаспақ, оның өзінде елдегі халық саны 900 млн шамасында болуы мүмкін. Ал, демографиясы ең ауыр дағдарысқа ұшырайтын ел ретінде Ұлыбритания аталуда. 2063 жылы ағылшын мемлекетінде 75 млн адам болып, ал ғасыр соңына жеткенде 4 млн адамға дейін қысқаруы мүмкін деп болжанған.
Мәселе қайда жатыр?
Бұл зерттеу қорытындысын жасаған ғалымдар мәселенің жаһандық мәнге ие екенін ескертеді. Бала туу көрсеткіші 195 елдің 183-інде кескін қысқарады. Демография зерттермендерінің айтуынша, бала туудың азаюындағы басты себеп қазіргі заман әйелдерінің жеке таңдауына байланысты. Бұрынғыдай емес, әйелдер отбасылы өмірден көрі білім алу мен жұмыс істеуді көбірек таңдауда.
Демографиядағы қазіргі үрдіс сақталып қала берсе, 80 жылдан кейін әлемде 5 жасқа дейінгі балалардың саны 681 миллионнан 401 миллионға азаяды. Ал, 80 жасқа толған адамдардың саны қазіргі 141 миллионнан 866 млн адамға дейін көбейеді.
Бұл үлкен қоғамдық өзгерістерге алып келуі мүмкін. Әрине, Жер шарында жасаған адам саны қысқарса бұл планетамыздың табиғатын қорғап қалуға мүмкіндік берер еді. Себебі, халық саны аз болған сайын ресурстарға деген сұраныс азая түспек. Оған қоса өндірістер де барынша қысқарып, табиғатты ластау азаяды. Әңгіме адамзат қоғамның өз ішіндегі дағдарыста. Айталық, қарт адамдардың көбеюі, жастардың азаюы біртіндеп адамзат қоғамына зор ықпал ететін өзгерістерге алып келуі мүмкін.
Қазір кейбір Батыс елдері халық санының азаюынан болатын экономикалық, әлеуметтік мәселелерді (жұмыс күшінің жетіспеуі, экономикалық қауіпсіздік) миграция ағыны арқылы шешіп отыр. Болашақта бұл да көмектеспей қалуы бек мүмкін. Сондықтан дамыған елдерде әйелдерді нәрестелі болуға ынталандыру бағдарламалары қабылдануда. Соның өзінде нәтижелі болып жатқан жоқ. Адамзат осылайша табиғаттан аса дамып, соңында табиғат заңынан ажырап, ұрпақ өрбіту сынды тіршілік иесінің ең негізгі жауапкершілігінен де бас тартып кетуі мүмкін.