Дүйсенбі, наразылық декадасының соңына қарай Тихановская халық лидері болуға дайын екенін мәлімдеді.

Беларусьті ширек ғасыр билеген Александра Лукашенконың саяси Светлана Тихановская жаңа бейнеүндеу жасады. Ол 9 тамызда өткен сайлаудан кейін Минсктен Литваға кетуге мәжбүр болған. Оппозиция тарапының біріккен кандидаты жаңа сайлауға дейін ұлт лидері болуға ниетті әрі дайын екенін жеткізді.

Ол «Менің сүйікті де қымбатты беларуь жұртым!   Қазір барлығымыз, тұтас еліміз қатыгездік ерлікке, үмітсіздік батылдыққа, махаббат сатқындыққа айналған тарихтағы ең қиын шақты бастан кешіріп отырмыз», –  деп бастады сөзін.

Сондай-ақ, жақтасы көп Тихановская ел наразылық кезінде қайтыс болған қаһармандарын қара жерге арулап тапсырғанын айтады. жерлеуде деп айтады. «Менің де сіздермен бірге қабырғам қайысып, қатыгездікке қан жыладым», – деген ол  құрбан болғандардың отбасыларына қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың құрметіне көшелерге атау беруді ұсынды.

Осыдан кейін Тихановская өзінің ұлт көшбасшысы болуға не итермелейтіні туралы ағынан жарыла сөйледі:

– Маған саясатқа араласып, саяси мансап құрам деген ой үш ұйықтасам түсіме де кіріп-шықпаған. Саясаткер болуды қалаған да емеспін. Бірақ адамның дегені емес, тағдырдың ісімен озбырлық пен әділетсіздікке қарсы алғашқы шепте тұруға тура келді. Тағдыр және сіздер. Сіздер маған сеніп қана қоймай, күш-жігер бердіңіздер. Туған халқымның батылдығын мақтан тұтамын!...

«Сіздер маған дауыс бердіңіздер... Мен мұны не үшін жасағаныңызды жақсы білемін. Біз 26 жыл бұрын түскен шет-шегі жоқ құрықтан шыққымыз келеді», – деп ойын жалғады. «Бір жағынан елдегі дүрбелең басылып, қалыпты жағдайға оралуы үшін мен мойныма жауапкершілік алып, бүгінгі таңда ұлт көшбасшысы ретінде іске кірісуге дайынмын», – деген контр-кандидат ұстанымын нықтай айтты.

Сонымен бірге, барлық саяси тұтқындарды мейілінше тезірек босатуға арналған заң жобаларының топтамасын әзірлегенін, жаңа президент сайлауын өткізудің талаптарын даярлағанын хабарлады.

Алдағы уақытта «жемқорлық пен зорлық-зомбылыққа иек артып үйренген» әміршіл-қыспақшыл жүйеден жасампаздық пен ізгілік өркен жайған елге өзгеруі керектігі туралы мақсатын сөз етті.

Сейсенбі, 11 тамызда Тихановская Литваға бас сауғалап кеткеннен кейін екі рет бейне-үндеу жариялады. Бірінде ол балаларының қауіпсіздігіне алаңдауы, лажсыздық себебінен кеткенін айтқан. Екіншісінде Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Лидия Ермошинаның кабинетінде қысым жасалғандықтан, қағазға қарап отырып жақтастарын наразылық акциясына қатыспауға шақырған.

Өткен жұмада Тихановская тағы бір бейне хабарлама жасады. Ол Беларуссия көшелеріндегі зорлық-зомбылықты тоқтатуға және барлық қаланың әкімдерін тамыздың 15-16 күндері өткен бейбіт жиындарда бас ұйымдастырушы болуға шақырған.

Нәтижесінде Минск және басқа да 28 қалада «Азаттық үшін!»  (16 тамыз өткен ең ірі шерудің хроникасын оқыңыз – QT) деген атаумен жалпыұлттық шеру өткен. Беларусь тарихындағы ең үлкен митинг Минск орталығында 200 мыңнан астам адамның қатысуымен өтті. Декадаға жалғасып жатқан билікке қарсы ереуілдің негізгі үш талабы – Лукошенконың отставкасы, саяси тұтқындардың бәрін босату, наразылық кезінде күш қолданған полицияны әділ сотпен жауапқа тарту.

;t=8s

"The Qazaq Times"