Беларусь халқы сегізінші күн қатарынан жаппай ереуілге шықты. Постсоветтік елдерде бұрын-соңды болмаған ауқымды наразылық қалай өтті? Беларусьте әділ сайлау  және Александр Лукошенконың отставкаға кетуіне арналған наразылық жалғасып жатыр. 16 тамыз күні бір Минсктің өзінде «За свободу!» («Азаттық үшін!») жалпыұлттық шеруіне 200 мыңнан астам адам қатысты. Ал дәл осыдан бірер сағат бұрын Лукашенконы қолдауға бағытталған митингте 7 мен 30 мың аралығында жақтасы  (ІІМ 65 мың, Лукошенко 50 мың деп жариялаған) алаңнан табылды. Астанадағы жармақ шеру және елдегі тұтас наразылық сіздің назарыңызда. 

Беларусьте 9 тамызда президент сайлауы әділетсіз өтті деген мыңдаған азаматтың наразылық акциясы сол күні кешкісін басталған.

Жексенбі 16 тамызға Минскіде және өзге қалаларда жалпыұлттық Азаттық шеруі жоспарланған. Бұған ұйымдасқан оппозиция атынан сайлауға түскен Светлана Тихановская және бейресми телеграм арналары шақырды. Қазіргі таңда оқиға орнынан хабар таратып жатқан БАҚ өкілдері мен балама медиа құралдарының ақпаратынша, қаладағы басты мұражайдың алаңына шамамен 100-300 мың аралығында адам жиналған.

Сонымен қоса, бүгін түсте айтулы наразылық акциясымен қатар биліктің «Белая Русь» деген атаумен қолдау жиыны өтті. Ресми дерекке қарағанда, 50 мыңға тарта (бірақ тәуелсіз сарапшылар мен санақ ұйымдары бұл дерекпен келіспейді, олардың есебінше небәрі 7 мыңның төңірегінде — QT) адам қатысқан жиында Белорусьті 26 жыл басқарған Лукошенко мәлімдеме жасады.

Сайлау болғалы Минскіде стихиялық митинг тоқтамай тұр. Алаңға шыққан астана халқы сайлаудың әділ өтпегенін, жүйеден шаршағанын айтады. Олар «Светлана Тихоновскаяға билікті табыстауды, акцияда ұсталғандар мен саяси тұтқындарды дереу босатуды, бейбіт елге күш қолданған құқық қорғау өкілдерін жауапқа тартуды» талап етіп келеді.

Хроника баяны

12:10 Минск / 16:10 Алматы уақытымен

Беларусь ІІМ басшысы Александр Караев осы уақытқа дейінгі наразылық акцияларында полицияның жарылғыш құралдар қолданбағанын айтып, «Біз бейбітшілікті қолдаймыз», — деп мәлімдеді.

12:20 / 16:20

Рим папасы Франциск Беларусь билігі мен оппозиция тараптарын диалогқа келуге, күш қолданбауға шақырды.

Лукашенко жақтастары айтарлықтай аз болды, оның өзінде қолдаушыларының көбі сырт аймақтан арнайы келген. Фото: ЕРА

12:22 / 16:22
Лукашенконы қолдауға арналған билік жақтастарының жиыны жоспардан бір сағатқа кешігіп басталды. Ардагерлер, қарттар, сондай-ақ шенеуніктер мінберден 26 жыл президенттік лауазымда болған Лукошенконың саясатын мақтап сөз сөйледі.
12:42 / 16:42
Ішкі істер министрі Юрий Караев апта бойына жалғасқан қарсылық акциясын таратуда зорлық көрсеткен, құзіретін асыра пайдаланған милицияның әрекетін тексеруге уәде берді.  «Мен мұндайға қарсымын. Бұлай болмауы тиіс. Біз барлық жағдайды жеке қарастыратын боламыз. Тап қазір емес, бәрі қалпына келген соң», — деді ол ОНТ арнасына берген пікірінде.
13:02-13:33 / 17:02-17:33 (31 минут)
Александр Лукашенко өзінің жақтастарының алдына сөйлеуге шықты.

Сайлаудан кейін толқудан секем алып, Ресейге жүгінетінін айтқан Лукошенко жақтастарының жиынында сөз сөйледі. 16 тамыз 2020 жыл. Фото: ТАСС

13:08 / 17:08

Елді ширек ғасыр басқарған Лукошенко эмоцияға толы сөзінде 1990 жылдардағы «қайыршы» күйдегі жұртты жақсы күнге жеткізгенін бұлдай не алға тарта сөйледі. Төменде түйін тезистердің аудармасы (аударма Асхат Қасенғалидің Facebook парақшасынан алынды):

Мен митингтерді қолдаушылардың қатарынан емеспін, бірақ мұнда сіздерді шақыруға тура келді, оған мен кінәлі емеспін.

КСРО құлағаннан кейін біз қансыраған империяның бір бөлшегін алдық. Сонда сіздер менен бұл тығырықтан шығаруды сұрадыңыздар. Біз шығардық.

Сендер қандай өзгерісті қалайсыңдар? Айтыңдар! Ертең бастаймыз.

Терезеден қараңдар, ұшақтар біздің шекарамыздың жанында ұшып жүр. 15 минуттық жер. НАТО танктерін байқауға болады(Польшаны меңзесе керек).

Литва, Латвия, Польша және өкінішке қарай бауыр да досымыз саналған Украина бізге жаңа сайлау өткіз деп бұйыруда.

Бізге біреудің тықпалаған үкіметі керек емес, бізге өз үкіметіміз керек және біз оны сайлаймыз.

Менің де дәл сіздердей балаларым, немерелерім бар. Мен олардың осы жерде өмір сүргенін қалаймын.

Біз өзіміздің қатаң бағытымызды ұстандық. 90-жылдары Конституциямызды жаңарттық. Бұл саясатымыз біреуге ұнамауы мүмкін.

Біз осы пандемияда өз жолымызбен жүрдік, бірде бір кәсіпорынды жаппадым. Адамдар осы үшін алғыс айтуда.

Егер біреу осы елді бергісі келсе, тіпті өліп жатсам да рұқсат етпеймін!

Мен Құдайдың алдында тұрғандаймын, 80% дауысты бұрмалау деген мүмкін емес.

Жаңа сайлау өткізейік дейді, сонда жұмысты кім істейді? Жаңа сайлау өткізсек - елді төңкеріп аламыз, құлатамыз.

О баста оларды(наразы топты) тоқтату керек еді, сонда мұнда тұрмас едіңдер.

Ескертемін–отпен ойнап жүрсіңдер! Сарбаздар, мұғалімдер, дәрігерлер, жұмысшылар өздерін, жерін қорғауға қауқарлы.

Мұғалімдер мен дәрігерлерге, мемлекеттік журналистерге тиіспеңдер. Оларға бірдеме болса, қатаң жауап бересіңдер.

Барлығы біздің тізерлегенімізді қалайды. Жоқ, ешқашан тізе бүкпейміз!

Біз Брест қамалына айналамыз. Елді ешкімге бермейміз!

Бірінші президентті құртсаңдар, ол құрдымның басы болмақ.

Мен тірімін! Өлетін ойым жоқ!

 

13:33 / 17:33

Лукошенко жарты сағатқа созылған үндеуінің соңында «Мен сіздердің алдыңызда алғаш рет тізерлеп тұрмын» деді.  Дегенмен Медиазона корреспонденті оның түрегеп тұрғанын хабарлады. Тікелей эфирдегі бейнежазбаға қарағанда ашуға мініп, қарсыластарын міней сөйлеген «Батьканың» мінберде тұрғанын байқау қиын емес.

"Жеңіс" нышанын көрсетіп тұрған Лукошенко өзіне қарсыларды жазғыра-айыптай сөйледі. Минск. 16 тамыз 2020 жыл. Фото: Tut.by

13:39 / 17:39

Полиция билік шеруінде «Кет! Құры!» деп айқайлаған ер адамды ұстап алып кеткен («МБХ медиа» дерегі бойынша).

13:43  / 17:43

Минск және басқа қалалардағы оппозиция қолдаушылары Азаттық үшін шеруін бастап кетті. Астаналық белсенділер алғаш қақтығыс болған «Минск – батыр-қала» мемориал тақтасының алдында топтаса бастады.

13:58 / 17:58

Лукошенко мінберде тұрғанда оң жағында оққағарларымен бірге әдеттегідей кенже ұлы Николай да тұрды.

14:15 / 18:15

Владимир Путин сенбіден кейін бүгін Александр Лукошенкомен екінші рет телефон арқылы байланысты. Кремль баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресей тарапы Беларусьтегі жағдай ушықса, келісімшарт аясында көмектесуге дайын екенін растаған.

14:23 / 18:23

Tut.by ресурсының хабарлауынша, Минск қаласындағы мемориал тақтаның маңына 60 мыңдай адам жиналды.

14:32 / 18:32

Euroradio Лукашенко жақтастары Тәуелсіздік алаңынан оппозиция тарапы жиналған жерге бет алғанын хабарлады.  Олар наразыларға қарата «Саяси жезөкшелерге масқара», «Батька үшін!» деп ұрандасты.

14:50 / 18:50

«МБХ Медиа» мәліметінше, наразылар нөпірі 100 мыңға жетті. «Мая краіна Беларусь» («Менің жерім Беларусь») телеграм каналы 300 мыңнан асқаны туралы да дерек таратты.

14:53 / 18:53

Әділ сайлауды талап еткен қалың топ Минсктегі ең ірі күрежолдың бірі Жеңіс даңғылына қарай ағылып жатты.

Наразылар "ақмайданшылар" жиналған алаң. Фото: ашық дереккөз

15:08 / 19:08
Беларусь ІІМ Лукашенконы қолдауға қатысқандардың саны 65 мың десе, «Белта» мемлекеттік агенттігі бұған 70 мыңдай адам қатысқанын хабарлады.
15:09 / 19:09
«Беларусь 1» мемлекеттік телеарнасында «Сердечных дел мастера» сериалы аяқталды. Ел тағдырындағы елеулі оқиғадан арнайы хабар таратпаған мемарна Лукошенконы қолдауға 70 мыңдай адам қатысқанын жариялады. Ал «батька» өз сөзінде акцияға 50 мыңға тарта адамның басқа аймақтардан арнайы автобуспен жеткізілгенін мәлімдеген еді.

Ақмайдан белсенділері позитив көңіл-күйде. Фото: Тut.by

16:08 / 20:08

Лукашенко қарсыластарының лидері жоқтығына қарамай, алқызыл-қызыл ту ұстаған көпшілік бір ауыздан «Жыве Беларусь» («Беларусь өмір сүр!»), «Кет» деп ұрандауды жалғастырып отыр. Сондай-ақ, олар «Саяси тұтқындарға бостандық», «Біз мал емеспіз» деген жазуы бар плакат-баннерлер ұстап шыққан.

17:03 / 21:03

Наразылар Тәуелсіздік алаңын толтырды. Медиазона тілшісі  «Келіп жатқан адамдарда есеп жоқ», — дейді. Наразылық шарасына қатысушылар «Біз 97%-быз», «Бізге ешкім төлеген жоқ», «Лукашенко — автозакқа», «Светлана Тихановская — біздің президентіміз», «Лукашенко, кет», «Жібер, босат» деген ұрандар айтып жатты. Министрліктер үйі орналасқан алаңда ұялы байланыс пен интернет қызметі нашарлады.18:55 / 20:55Тәуелсіздік даңғылын бойлап жүзден астам адам үлкен алқызыл-қызыл байрақты алып жүрді. Нразылардың қалың көшінің ұзындығы КГБ ғимаратынан арадағы екі университетті қоса есептегенде көпірге дейін шақырымнан асты.

Минсктің күрежолы Тәуелсіздік даңғылының бойымен ондаған адам бейбітшілік символы алқызыл-қызыл жалауды көтеріп жүрді. 16 тамыз 2020 жыл. Фото: Антон Мотолько

18:34 / 22:34

Тәуелсіздік алаңына жиналған демонстранттардың алдына оппозицияның біріккен штаб өкілі Мария Колесникова «Азаттық үшін» бейбіт күреске шақырды. Сондай-ақ, ол өзгелерді де наразылық акциясына қосылуға үндеді.

«Біз мықты, еркін халықпыз, осыншалық көп болып бірікпеген едік! Үрейге берілмей, неше алуан қорқынышпен күресе білген, азаттыққа қадам жасаған әрқайсыңыз үшін алғысым шексіз! Беларусь енді ешқашан бұрынғыдай болмайды! Біздің әрқайсымыз «Мен өзгерте аламын» дегенді анық білеміз», – деді Колесникова.

Оппозицияның біріккен штаб өкілі Мария Колесникова азаматтарды әділетті сайлау үшін күресуге үндеді. Фото: Тut.by

Жиналғандар «Менің қолымнан бәрі келеді!» деп ұранға басты.

Ол Минсктегі наразылықтар кезінде қаза тапқан Александр Тарайковска, Александа Вихораны еске ала сөйледі. Мұны көпшілік «Ұмытпаймыз, кешірмейміз!» деп іліп әкетті. Оппозиция өкілі, Тихановская жақтасы Колесникова наразылар жаппай қолдаған екі шартты қайталап-шегелей айтты: саяси тұтқындарды босату және Александр Лукашенконың отставкасы.

20:11 / 00:11

Минск оппозициясы Тәуелсіздік алаңын жол қозғалысы үшін босатты. Митинг тарай бастады. Шеруге қатысушылардың саны көп болғанына қарамастан, ешқандай қақтығыс не тәртіпсіздік болған жоқ.

"Минск - батыр қала" екендігі туралы пікірлер тағдырлас посткеңестік елдердің әлеуметтік желілерінің арасында көбейді. Фото: Тut.by

20:26 / 00:26

РИА Новости ақпарат агенттігінің корреспонденті таратқан ақпаратқа сәйкес, Минск орталығындағы МҚК (орысша - КГБ) абақтысының алдына наразылар жиналып, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен.  Бұл түрмеде оппозиция жеңіске жетті деп санайтын Светлана Тихоновскаяның жолдасы Сергей Тихановский, Виктор Бабарико, Игорь Статкевич қатарлы өзге де оппозиционерлер қамауда отырған көрінеді.

20:27  / 00:27

Протест аяқталды. Беларусь меммедиасы бірінші рет митингтер туралы айта бастады.

20:28 / 00:28

Медиазона интернет басылымының дерегінше, Минсктегі қарсылық акциясына қатысып жатқан мыңдаған наразы барлық қоқыс-қалдықты арнайы қапшыққа салып-жиып жүр. Бұл көлемі жағынан ғана емес, эко-мәдениеті бойынша да ең ірі әрі жоғары оқиға ретінде саналады.

16 тамыз күні өткен жиында наразылар тазалық шарасын мейілінше сақтауға тырысқаны байқалады. Фото: Медиазона

20:30  / 00:30

Оппозиция тарапындағы ереуілшілер ертең тағы да жалпыұлттық қарсылық шеруі өтетінін хабарлады.

20:51 / 00:51

Сегізінші тәулікке жалғасқан наразылықтың ең қарқынды сәті қазір өтіп жатыр. Қатысушылары көп Минсктің өзінде Tut.by есебінше 200 мыңнан кем емес адам бар. Тап осы сәтте Беларусьте екпін алған наразылық акциясы 28 қалада жүріп жатқаны белгілі болды. Олар:

Гродно,
Барановичи,
Витебск,
Гомель,
Могилев,
Мозырь,
Молодечно,
Светлогорск,
Свислочь,
Брест,
Круглое,
Пинск,
Пружан,
Клецк,
Калинковичи,
Иванцевичи,
Новогрудка,
Орша,
Осиповичи,
Раков,
Рогачев,
Слуцк,
Смолевичи,
Солигорск,
Береза,
Борбуйск,,
Жлобин,
Кобрин

21:30 / 01:30

Tut.By хабарлауынша, «Беларуськалия» және «Нафтана» секілді ірі кәсіпорын жұмысшылары жалпыұлттық ереуілге ертең, яғни 17 тамыз күні сағат 8:00-ден қосылатынын хабарлады.

21:09 / 01:09

Брест қаласында осыған дейінгі наразылықтар кезінде ұсталғандар босатылып жатыр.

https://twitter.com/mediazona_by/status/1295073751311290369?ref_src=twsrc%5Etfw%7Ctwcamp%5Etweetembed%7Ctwterm%5E1295073751311290369%7Ctwgr%5E&ref_url=https%3A%2F%2Ftvrain.ru%2Fteleshow%2Fprjamaja_transljatsija%2Fprotesty_v_belarusi_posle_vyborov_den_vosmoj_hronika-514437%2F

21:21 / 01:21

Беларусь ІІМ баспасөз хатшысы Ольга Чемоданова ТАСС агенттігіне берген жауабында:

«Оперативті-кезекшілік қызметінің дерегі бойынша, жексенбі күні ұсталған не қамалғандар туралы ақпарат жоқ», — деп хабарлады.

Дегенмен әртүрлі ақпарат көздері қаланың әр тұсында жаппай болмаса да, ондаған адамды ұстау жүріп жатқанын хабарлап үлгерді.

Беларусьте тоқтамай тұрған наразылық аптасының 8-ші күніндегі Лукошенко жақтастары мен өзгеріс қалаған көпшіліктің шеруі қалай өткені жөнінде толығырақ Дождь арнасының сегіз сағатқа созылған арнайы шығарылымынан көре аласыздар:

(ақпарат толықтырылды)

"The Qazaq Times"