Беларусь президенттігіне үміткер болған Светлана Тихановская Сенатта баяндама оқу үшін АҚШ-қа шақырылды. Бұл туралы оның Telegram арнасы хабарлады.

Бұған деін Тихановская тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамды қолдайтын Belarus Democracy Act-ті қабылдағаны үшін АҚШ-қа алғыс білдірді. Ол сенаторлармен тәуелсіз медиа – Hrodna, TUT.by, «Белсат» және журналистерге билік тарапынан жасалған қысымды талқылаған. Тихановская сонымен қатар Беларусьтегі «Азаттық радиосы» қызметіне қолдау көрсетуді және «Америка дауысы» редакциясын іске қосуды ұсынды. өз кезегінде АҚШ тарапы Беларусьтегі азаматтық қоғамды қолдап, демократияға қайшы әрекет етіп отырған билікке санкция енгізуге дайын екенін айтты.

Былтыр тамызда өткен президент сайлауында елді 26 жылдай басқарған Лукашенко жеңімпаз деп танылған соң елде жаппай наразылық басталған. Тихановская сайлау нәтижесімен келіспей жұртты наразылыққа шақырған еді. Беларусь режимі тамызда өткен митингілерді басып-жаншып, отыз мыңдай адамды ұстаған.

АҚШ және Батыс елдері Лукашенконы президент деп мойындамаған. Ал оппозиция сайлауда Тихановская жеңіске жетті деп санайды. Тихановская жеке қауіпсіздігі үшін Литваға кетіп қалған.

Беларусь оппозициясы 26 мамырдағы мәлімдемесінде «заңсыз режимнің кесірінен Беларусь әлем картасында қара даққа айналды», «бұл билік толық изоляцияның алдында тұр, сондықтан террорды тоқтатуымыз керек, күтетін уақыт жоқ» деген.

"The Qazaq Times"