Президент Тоқаев бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметіне бір жылдай уақыт болды. Саяси транзит тұсында күшейген наразылық акциялары кезінде «билік-қоғам» диалогын құруды мақсат еткен кеңес айналасында екіжақты пікір-болжамдар көп. Биліктегі шенділер ұлттық кеңестен ұтарымыз көп десе, нағыз диалог алаңына айналады деген платформаға сенбейтін қоғам белсенділері кеңесті «президент популизмі» деп бағалаған.
Қоғамдық кеңес құрылғалы, Қордай қақтығысынан бастап белсенді Дулат Ағаділдің «құпия өліміне» дейін елді елең еткізер бірнеше оқиғалар болды. Алматы, астана, Шымкент, Ақтөбе сынды қалаларда жұрт наразылық акцияларына шықты. Хронологиясы ауқымды митингтер азаматтық белсенділердің ұсталуы мен қамалуынсыз өткен жоқ. Дәл осындай жағдайда халық пен билік арасында диалог орнатуы тиіс сенім кеңесі көп жерде үнсіз қалған. Сондықтан болса керек, ҰҚК жайлы қоғамдық пікір екіге бөлінді: кей сарапшылар кеңестегі бастамалар «сөз жүзінде қалды», «үміт ақталмады» десе, кейбірі жаңа органды билік пен қоғам арасындағы «алтын көпір» санайды.
Бастыпқыда 44 адамнан тұратын кеңеске режиссер Ермек Тұрсынов, құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова, экономист Ораз Жандосов, адвокат Айман Омарова, «Ауыл» партиясы атынан президент сайлауына қатысқан Төлеутай Рахымбеков, саясаттанушы Айдос Сарым, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан сынды қоғамға танымал бірқатар азамат мүше болды.
Наурызда кеңес ротацияланып, жаңа мүшелер қабылданды. Ротация аясында адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, балалар омбудсмені Аружан Саин, бұрынғы бизнесмен-омбудсмен Болат Палымбетов, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай, Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры Асқар Әміртаев ұлттық кеңестің құрамынан шығарылды. Белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбай өз еркімен кеңес құрамынан шығатынын хабарлады.
Бір жыл ішінде ҰҚК-нің үш отырысы өткізілді. Бірінші жиында зейнет жасын қайта қарау және жер мәселесі талқыланды. Алғашқы отырыста Тоқаев: «Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл менің президент ретіндегі ұстанымым», – деп сендірді.
Қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында президент парламенттік оппозиция туралы сөз қозғап, биыл 2 маусымда осы жөнінде заңға қол қойды. Сонымен қатар алғашқы отырыста президент: «Ұлттық бірліктің тағы бір тірегі – дамудың демократиялық моделіне ден қою. Өзіміздің ұлттық тарихымызда демократияның негізгі тіректеріне адал бола тұрып, әртүрлі өркениеттік тосқауылдардан өтіп кеттік. Ұлттық консенсус – біздің тарихи басымдығымыз», – деді.
Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабын ізгілендіріп, «Жала жабу» деп аталатын 130-бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыратынын хабарлады.
11 маусымда Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда мақұлдады.
Бір жылдың ішінде сенім кеңесі сынға да, мақтауға да ілікті. Ұлттық кеңестен ұтарымыз көп деген мемлекеттік БАҚ өкілдері президент осы жоба арқылы демократияның айқын үлгісін көрсетті деп жазды. Ал азаматтық қоғам белсенділері «жалған құрылым мен сенімсіздік кеңесі» десті.
Әлеуметтік желіде аталған кеңеске көңілі толмайтынын жазған журналист, қоғам белсендісі Рүстем Ашетаев: «Жылына екі рет «жеткізумен» шектелетін топтың, пандемия кезінде бір мәселені шешкенін көрмедік. Халықтың арасына кіріп шынайы ақиқат көрсеткенін де көрмедік, жалғыз Айгүл Орынбектен басқа! Бұлардың депутаттардан айырмашылықтарын көрмедім. Мүмкін бұл жер сол депутаттыққа «трамплин» ретінде «дайындық курсынан» өткізетін жер шығар, сенімдерін ақтағандарға депутаттық мандат беретін. «Тыныш жүре алмайтын» ол жерден шығарып жібермесе болғаны. Бұл жазбам атауы жер жарардай кеңес құрып, қолдарына бір құзірет бермей халықты да, оларды да алдап отырған үкіметке айтқан сыным деп түсініңіздер», – дейді.
Кеңес жұмысына сын көзбен қараған саясаткерлердің бірі Досым Сәтпаев «бұл – биліктің қоғаммен диалог жүргізе бастағанын көрсету үшін пайдаланғысы келетін жалған құрылым» деп бағалады.
Билік басына келгелі, президент Тоқаев елдің жаңа реформаларға мұқтаж екенін айтып, бірқатар салада өзгеріс енгізу туралы бастамалар көтерді: қоғам пікірін қақ жарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, «еститін мемлекет» тұжырымы, қазақ әліпбиінің реформасы, парламенттік оппозиция, жастар кадрлық резерві, экономикалық реформалар, тағысын тағы. Теориялық ұстыны мығым жобалардың іс жүзінде қандай нәтиже берері уақыт еншісінде. Болашақ пен уақытқа теліп отырған жобалар қатарында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де бар.