14 маусым, яғни осыдан жарты ай бұрын ҚР көлемінде қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңы бойынша Денсаулық сақтау министрінен бастап орынбасарлары, ресми уәкіл, кеңсесіне дейін ақпарат сұратып, ресми хат жолдадық.

№ 32/2020 шығыс нөмірі белгіленіп жолданған хатта тәуелсіз сарапшылар жиі әрі өткір сынап жүрген өлім санын тіркеу мәселесіне қатысты бірқатар сауал жолданды.

4 маусым күнгі брифингте (сол кездегі – QT) денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов COVID-19 вирусын жұқтырған, бірақ негізгі диагнозы басқа аурудан қайтыс болған науқастардың саны 37 екенін, мұның қазір ДДСҰ мен ресурсында жарияланбайтынын мәлімдеп еді.  Мұның өзі Информбюро және Азаттық ақпарат құралдарының журналистік зерттеуінен кейін ғана, қоғамдық резонанс тудырған соң белгілі болған.

Хатта қамтылған сұрақтар:

  1. Вирус жұққан, бірақ басқа басым аурудың кесірінен қайтыс болғандар туралы 4 маусымнан кейін мүлдем жаңа дерек берілмеді. Маусымның 4-14 аралығында негізгі статистикаға енбейтін марқұмдардың саны қаншаға жетті? Қай өңірлерден тіркелді, толығырақ мәлімет беруіңізді сұраймыз.
  2. Вирус жұқтырғандарды клиникалық белгілері бар-жоғына байланысты жіктеп хабарлау жөнінде министрлік жариялаған мәлімдемеде «Бұл халықаралық тәжірибе және түрлі елдерде қолданылып келеді» делінген. Осыған нақты мысалдар келтіре аласыз ба? Аталған тәжірибе туралы зерттеу деректерін бөліссеңіз. Қай елдер қандай механизммен жүзеге асырып жатыр?
  3. ДДҰ ұсынған «COVID-19 өлімін сертификациялау және классификациялауға арналған халықаралық нұсқаулықта» коронавирусқа шалдыққан кез келген адамның өлімі өзге негізгі диагнозға қарамастан медициналық анықтамаға «COVID-19 вирусынан қайтқан» деп жазылуы және негізгі дерекқорға есебі түгел берілуі керектігі нақты көрсетілген. Неліктен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі өлім дерегін екіжақты есеппен жүргізіп отыр? Қытай мен Ресейден басқа ешбір ел бұл әдісті қолданбайтынын дата аналитиктер жазуда.
  4. Бас мемлекеттік санитар-дәрігердің соңғы қаулысы және ДДҰ бойынша өлгендер мен пациенттер есебін тіркеу мен жіктелімінің арасында нақты қандай айырмашылықтар бар?

Қоғам ақпаратқа сұранып тұрған шақта «жауапты қолдан кешіктірген» шенеуніктер бір-біріне сілтеді. Ведомствоның баспасөз қызметіне жауапты Гаухар Бисарина хаттың №8583 кіріс нөмірімен тіркелгенін растап, орындаушы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің маманы Фархад Оразалыға, ал ол бастығы Ержан Байтанаевқа сілтеді. Ержан Халиұлы әне-міне деп жүріп, уәдесін үйіп-төгіп сол күйі аяқсыз қалдырды. «Жауап дайындап жатырмыз», «Міндетті түрде жібереміз» деп 17 маусым күні неше дүркін сөз берді.

Артынша мән-жайды білмекке денсаулық сақтау министрлігінің ресми уәкілі ретінде БАҚ беттерінде сұрақтарға жауап беріп жүрген Диас Ахметшәріпке жүгіндік. Ол да мандытып жауап бермеді. Бір ауыз сөз «Ауырып жатырмын» деп қоя салды. Арадан апта өткенде 23 маусым күні ресми мекеменің атынан емес, «Мұраталықызы Ақерке» деген мекен-жайдан комитет төрағасының міндетін атқарушы Нұрхан Сәдуақасовтың атынан бір ғана сұрақтың, оның өзінде шикі, шалажансар жауап келді.

Шығыс нөмірі мен мерзімі көрсетілмеген хаттағы жауаптың сиқы мынадай:

«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министірлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті елімізде коронавирустық инфекциядан бүгінгі күні 100 науқастың қайтыс болғанын, сонымен қатар қайтыс болу себебі басқа диагноз болған 54 науқаста коронавирустық инфекция анықталғанын хабарлаймыз».

Ал бұл жөнінде 18 маусым күні-ақ сол кездегі денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева бес күн бұрын, коронавирустан қайтыс болғандардың ресми статистикасына енбеген өлім саны 54-ке жеткенін хабарлап қойған.

Денсаулық сақтау министрлігінің самарқау, енжарлығының кесірінен қоғам да, БАҚ өкілдері де зиян шегіп отыр. Салдарынан ақпараттық вакуум орнап, әртүрлі алыпқашпа-қауесет мәліметтер көбейеді. Жоғарыда аталған 54 марқұмның қатары он күн ішінде қаншаға өскенін, осы индикатор бойынша тұрақты хабар таратудың бір жүйеге қойылмауын қалай түсінуге болады?

БАҚ туралы заңның 18-бабы, 1-тармағы негізінде «Сұрау салуға жауап келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, келіп түскен сұрау салу нысанында және тілінде ұсынылады» делінген. Жарты ай өтсе де редакция сауалы жауапсыз қалып отыр. Және бұл бірінші рет емес. Жалпы Қазақстанның қай ведомство не органы болмасын, ресми әрі мардымды мәлімет алу қат іс, қиынның қиыны. Мекемелерде отырған баспасөз хатшылары калька тілдің кең қанат жаюына аянбай «атсалысқанымен», қоғамдық талапқа келгенде тым самарқау.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет», «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасының іске асуын қолдан, бюрократиялық жолмен бөгеп отырған Асқар Маминнің үкіметіндегі Денсаулық сақтау министрлігі неге кертартпалыққа жол беріп отыр? Әлде жасырары бар ма? Төтенше жағдай кезінде әлем жұрты мейілінше ресми әрі тексерілген ақпарат таратып, халқын аурухана өмірінен үздіксіз хабардар етіп отырғанда Қазақстанның министрлігі карантин аймағын сылтауратып ценураны күшейтті. Медиа шектеудің кесірінен ақпарат тапшылығы туып, сәйкесінше инфодемия да өршіді. Сенбейтіндер көбейді. Айналып келгенде Денсаулық сақтау министрлігінің ескі командасы пандемия шағында қоғаммен байланыста өзін теріс жағынан көрсетті.

Жуырда ғана бас дәрігер болып тағайындалған Алексей Цой қазақстандық шенеуніктерге тән әдет бойынша қасындағы нақсүйер-нөкерлерін жаңартып үлгерді. Жаңа министр мен командасы қоғамның және БАҚ институтының сұранысына дереу әрі сенімді, ашық жауап береді деген сенімдеміз.

Жоғарыда аталған төрт сауалды пандемия кезеңіндегі еліміздегі негізгі модератор ведомство – Денсаулық сақтау министрлігінің назарына қайта жолдаймыз әрі жауап күтеміз.

"The Qazaq Times"