Симптомсыз науқастар саны арту үстінде. Кеше Covid-19 вирусының клиникалық белгілері байқалмаған 1096 адам тіркелді.
Мұндай науқастар инфекция жұқтырғандардың жалпы статистикасына енгізілмейді. Қазіргі уақытта коронавирустан емделіп жатқан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов симптомсыз ауруларды үйлерінде емдейміз деген еді. Клиникалық белгілері жоқ науқастарды анықтау скринингтік тестілеудің арқасында қол жеткізілген болатын.
Пандемия басталғалы бері республикада клиникалық белгісі жоқ 11 721 сырқат тіркелді дейді ресми ақпарат көздері. Олардың басым көпшілігі Алматы, Шымкент, Астана қаласында және Атырау мен Қарағанды облыстарында тіркелген.
Жалпы республика бойынша кеше 18 765 науқас инфекция жұқтырған. Емделгендер саны 11 514 құраса, қайтыс болғандар саны 134 адамға жетті дейді ресми статистика.