Алматы қаласында Қазақстанның демократиялық партиясы және Қазақстандағы қызметіне тыйым салынған ҚДТ қозғалысының бастамашыл тобы шақырған митинг «жартылай» өтті. Жүздеген азамат қатысқан шеруде полиция мен арнайы жасақ әр жерден кемінде 60 шақты адамды ұстап әкетті.
Шеруге ҚДП, ҚДТ және оны жақтайтын «Көше партиясы» қозғалысының қолдаушылары қатысты. Абай және бұрынғы Фурманов, Абай-Достық, Достық-Құрманғазы, Гагарин-Жамбыл көшелерінің қиылысында ондаған наразы ұсталды. Әкімдік өкілдері жиналғандарды тарауға шақырды.
Наразылар Алматы әуежайының шетелдік компанияға сатылуына және карантин шараларының жүйесіздігіне, ұлттық парк, мемлекет жерінің беталды берілуіне, шикізат қорына бай елдің әлеуметтік жағдайының нашарлығына, несие каникулының шикілігіне қарсылығын білдірді. Бұдан өзге жүйені өзгерту, азаматтардың конституциялық құқығын шектемеу, биліктің ауысуын, әділ сайлау талабы көтерілді.
Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай пен құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов осыдан он күн бұрын шеру өткізуге арнайы өтінім бергенін алға тартты. Десе де Алматы қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев, қала әкімінің бес бірдей орынбасары – Ерлан Қожағапанов,Ержан Бабақұмаров, Мұхит Әзірбаев, Ілияс Өсеров, Сапарбек Тұяқбаев, Медеу ауданы әкімі Сұлтанбек Мәкежанов және Нұр Отан партиясының уәкілдері 6 маусымнан бастап бейбіт жиын туралы жаңа заң күшіне енді енгенін айтып, бүгінгі митингті заңсыз деп атады.
Демпартия жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай «Демократиялық партия азаматтары өзінің конституциялық құқығын пайдалана отырып бейбіт митингке шығуы ешқандай заңсыздық емес. Біз билікке негізгі үш талабымызды қоямыз. Қазақстан жері сатылмасын және жалға берілмесін! Қазақстан халқына бір реттік кредиттік амнистия жасалсын! Макс Бокаев бастаған саяси тұтқындарға бостандық берілсін!», – деді.
Ол Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ел алдына келіп сұрақтарына жауап беруін сұрады. Алайда оқиға орнында жүрген әкім орынбасарлары бірден бұл талаптың орындалмайтынын кесіп айтты. Демпартия тобын құзырлы органдар жіберген соң, Мамай түсқайта сағат 16:00 шамасында жақтастарымен бірге Төле би көшесіне қарай Достық даңғылының бойымен түсіп кетті.
Нұр Отан партиясының мүшелегіндегі әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері Демпартия белсенділері мен жақтастары жиналған орында «контраргумент үгітін» жүргізуге атсалысып, билікке құлақ асуға шақырды. Үш айға жуық жұмыссыз, сәйкесінше табыссыз қалдық деген азаматтар несие мәселесін халықтың жағдайына ыңғайлауды талап етті.
«Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы әрі Алматы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанұлы өзін Гүлжан деп таныстырған наразының жанайқайына дөрекі жауап беріп, елге шамасы жетпесе, көпбөлмелі пәтер алмауға кеңес берді. Сондай-ақ бірнеше сағат бойы биліктің нарықтық саясатын қорғаштап, жиналғандарды тарауға үгіттеуге тырысты.
Осыған ұқсас сарында «Нұр Отан» партиясының Алматы филиалы төрағасының орынбасары Станислав Канкуров та Демпартия белсендісіне сөйлеген кезде өзін дөрекі ұстады. Шенеунік наразыларды «құр айқайшылар» деп атап, олардан «мемлекет үшін не істеп жатқанын» сұрады.
Шаһарда митинг өтеді деп жоспарланған Абай ескертішінің маңы мен Республика алаңы темір қоршаумен құрсауланып, жабылған. Күндіз полиция наразылар жиналған көшелердегі қозғалысты шектеп, жаяу жүргіншілерді өткізбей тұрды. Демпартияның басты ұйымдастыру тобын арнайы жасақ бірнеше сағат қоршауға алып, жібермеді.
Астана, Алматы және өзге қалаларда полиция наразыларды ұстау кезінде дөрекі күш қолданды, халық көп жиналған жерлерге дезинфекциялайтын сұйықтық шашып, қорғаныш киімі жоқ адамдардың көзі ашыған, тұрғындар мен жаяу жүргіншілер денсаулығына шағымданған.
Астанада изоляторда белгісіз жағдайда қаза тапқан белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Нұрболат Ағаділов, ал Алматы қаласында Ырысбек Тоқтасын, Бейбарыс Толымбеков, Әсия Төлесова, Құрал Сейітханұлы т.б. тәрізді белгілі азаматтық белсенділерді полиция ұстап, алып кеткен.
Полиция астанада Қазақ елі монументінің маңына жиналған ондаған адамды күштеп автобусқа салып әкеткен. Мұндай жағдай басқа қалаларда да қайталанды. Шымкентте алдын-ала қоршалған Ордабасы алаңының айналасында кемінде 20 шақты кісі ұсталды. Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында және Оралда орталық алаңда шеруге келдік деген ондаған адам ұсталған. Қызылорда, Тараз қалаларында бірнеше адам күштеп әкетілген. Ашық ақпараттар мен редакция жинақтаған деректерге қарағанда, билік заңсыз деп таныған митингтерде республика көлемінде жүзден астам адам ұсталған.
Дегенмен саяси қысым көргендердің мониторингін жүргізетін Qaharman адам құқығын қорғау қорының телеграм желісіндегі арнасында жариялаған мәліметке қарағанда, 6 маусым күні ел бойынша полиция ұстаған 142 азаматтың тізімі түзілген.
Алматыдағы митингтен фотобаян:
Осыған дейін тіркелмеген «Демократиялық партия» және шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 6 маусымда митингіге шығуға шақырған болатын. Митингілер қарсаңында әр аймақта белсенділерге қысым күшейіп, ұстала бастаған. Бас прокуратура әдеттегідей митингілердің заңсыз және денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов карантин кезінде қауіпті екенін айтып, жұртты наразылыққа шықпауға шақырған.
ТЖ кезінде белгілі болғандай, 21 сәуір «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы жариялаған «Әлемдік баспасөз бостандығы индексі» рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 157 орынға тұрақтады. Сол кездегі ақпарат министрі Дәурен Абаев әдеттегідей ұйым есебінің шынайынылығына күмәнмен қарайтынын мәлімдеді. Іле-шала халықаралық Human Rights Watch ұйымының Еуропа-Орталық Азия аймағы бойынша директоры Хью Уильямсон 23 сәуір Азаттыққа берген сұқбатында «ТЖ кезінде ақпарат құралдарының қызметкерлеріне ғана емес, пікірін еркін білдіргісі келетін кез келген азаматқа қысым жасамауға шақырды». Артынша ұйым Қазақстанның «COVID-19-ға қарсы күресті сылтауратып» адам құқықтарын бұзғаны туралы есебін жариялады.
«Еститін әрі халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған президент Тоқаев халықаралық БАҚ және қауымдастық алдында Қазақстандағы демократия институтын дамытуға көп уәде бергенімен, екінші лидердің тұсында да митингілер мен пикеттер өткізу іс жүзінде қиындаған. Өз пікірін ашық айтқысы келген не айтқан азаматтар жиі істі болып жатады.