Өткен сәрсенбіде, 4 наурыз астананың   соты түнде өткен процесте «полиция талабына бағынбады» (Әкімшілік кодекстің 667-бабы) деген айыппен азаматтық белсендіге он тәулікке қамау үкімін шығарды.

Бірнеше сағатқа созылған сот түнгі оннан асқанда аяқталыпты. Судья  Эльвира Ищанова қараған істегі айыпталушы Назым Серікбекова елді дүрліктірген белсенді Дулат Ағаділдің «жұмбақ өлімін» даулаған. 25 ақпанда ол өзге ондаған белсенділермен бірге ІІМ ғимаратының алдында талап жиынға шыққалы бері ұсталған оныншы азамат. Азаттықтың дерегінше, Серікбековаға дейін жауапты ведомстводан Дулат Ағаділдің абақтыдағы қазасының себебін ашық айтуды талап еткен бірқатар белсенділер (Медет Арыстанов, Серік Асқаров, Ербол Есхожин, Нұрсұлтан Тастаев, Асқар Қайырбек, Айдар Сыздықов, Айбек Сәбитов, Айдар Мүбараков, Дәулет Балшықбаев)түрлі әкімшілік баптарымен 10-15 тәулікке қамалған.

4 наурыз түстен кейін сағат 15:08-де полиция майоры Ербол Тәңірбергенов сотталушының үйіне шақырту қағазын алып келіп, тек «сұхбат түрінде өтеді делінген әңгімелесуге» келуін сұраған. Бірақ тергеуге барған «куәгер» айыпталушы ретінде бірден сотталған.

Жуырда өткен санкцияланбаған митинг қарсаңында Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай ұсталып, 22 ақпан түнгі үште сот 3 тәулікке қамауға үкім шығарған еді. Азаматтық қоғамның «оянуы» саналатын жер дауы кезінде, 2016 жылы көктемде Атыраудан басталған бейбіт шеруде көзге түсіп, 15 күнге қамалған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот процесі де түнгі сағат 23:00-2.30 аралығында өткен болатын.

Астаналық азаматтық белсенді Назым Серікбекова "саяси тұтқындардың" босатылуын талап етіп тұр. Фото: Facebook желісінен

Қандай жағдайда «түнгі сот» тетігі қолданылады?

2018 жылы сот органдары шет елдердің тәжірибесі негізінде ұсақ істерді қарауға уақыт бөлу үшін «түнгі соттың» басталатынын сүйіншілей хабарлап еді. Атап айтқанда жол-көлік оқиғасы, отбасы-тұрмыстық қатынастар, ұсақ бұзақылық және т.б. құқық бұзушылықтар жатады. Өткен күзде астана сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова түнгі сотта дауды қарау үшін небәрі екі шарт – «құқық бұзушы өзінің кінәсін мойындауы және  тараптардың істі кешкі уақытта қарауға келісімдері болуы керек» екенін мәлімдеген.

2019 жылдың 6 қарашасында үкімет қаулысымен бекітілген «ҚР-ның Адам құқықтары жөніндегі әмбебап кезеңдік шолу шеңберіндегі үшінші кезеңдік Ұлттық баяндамада» 2018 жылы 7000-нан астам іс түнгі сотта қаралғаны жазылған. Мән берерлік тұсы, әлем қауымдастығының назарына ұсынылған баяндаманың «Сот төрелігін жүзеге асыру және сот жүйесі» тарауындағы 60-пунктіде жаңа механизм:

«Әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде Жоғарғы Сот «Түнгі соттар» жобасын іске асырды, оларда әкімшілік құқық бұзушылық жасалған сәттен бастап 3 күн ішінде кешкі және түнгі уақытта істердің даусыз санаттары, яғни жол-көлік оқиғалары бойынша әкімшілік істер қаралатын болады. Мұндай істер бойынша міндетті шарт құқық бұзушының өз кінәсін мойындауы болып табылады», – деп сипатталған.

Жоғарыда аталған ресми уәкілдің сөзі мен үкімет қаулысы негізінде дайындалған құжаттың дерегіне қарағанда, түнгі соты өткізудің басты талабы – «айыпталушының өз кінәсін мойындауы керек». Ал практикада Қазақстан соттары азаматтық белсенділердің наразылығына қарамастан, еш адвокатсыз, жауапкер күдіктінің мойындауынсыз, келісімінсіз түн ішінде сот өткізіп,ондаған тәулікке қамау үкімін шығарып жатады. Белсенділер мен сарапшылардың, құқық қорғаушылардың сөзі осыған саяды.

Белгілі құқық қорғаушы, ел ішінде «халық адвокаты» атанып кеткен Абзал Құспан соттың бұл түрінен зор үміт күткенімен, іс жүзінде «тұзақ тәсіл» болып шыққанын айтады.

– Түнгі сотты енгізудегі негізгі мақсат жол көлік оқиғасы, отбасылық жанжал туғанда дер уақытында азаматтардың құқығын жедел қалпына келтіру үшін деп айтылған. Осылай айтылған соң жақсы қабылдаған едік. Дегенмен іс жүзінде тек азаматтық белсенділерді жылдам қамауға қолдану үшін шыққан механизм екенін көріп отырмыз, – дейді ол.

Құқық қорғаушылардың сөзінше, бұған көптеп мысал келтіруге болады. Мәселен, былтыр сәуірден бері, яғни он бір айдың ішінде Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысының белсенділері «билік жағынан әртүрлі қысым көріп келеді». Қозғалыс мүшесі, журналист Әсем Жәпішеваның айтуынша, осы аралықта оянқазақстандықтар «23 рет ұсталған; 50 рет әртүрлі заңсыз тыңдау, шақыру, пәтерден қуу, туыстарына қысым көрсету, қоқан-лоқы жасау фактісіне ұшыраған;  екі белсенді 15 тәулікке қамалған; бес белсендіге айыппұл салынған».

«Түнгі соттың» көксегені немесе «астыртын миссия»

Құқық қорғаушы, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының төрағасы Бақытжан Төреғожина  «әкімшілік кодекс бойынша, сот әкімшілік істі тәулік бойы, тіпті сенбі-жексенбі күндері де қарауға хақылы» екенін, бірақ «сотты абақты қабырғасында, полиция бөлімінде өткізуге болмайтынын» айтады. Төреғожина «былтыр біз сайлау күні ұсталған 4500 адамды аудандық полиция бөлімдерінде соттағанын көрдік. Онда жаппай әкімшілік қамауға, айыппұл төлеуге үкім шығарды. Бұл біздің заңымызда көрсетілмеген әрекет», – дейді.

– Құқық философиясында «заңға саясат араласса немесе саясаткерлер заңды қалауына қарай пайдаланатын болса, онда бұл сөзсіз әділетсіздікке алып келеді» деген алтын қағида бар. Қазақстандағы саясаттың құқық-заң институтына толығымен араласып кетуі өкінішті жағдай. Бұл құқықтық нигилизмге, ал мұның салдары түбі мемлекеттің құлауына әкеп соғады. Саясаткерлердің адам құқығын аяққа таптап, қолжаулыққа айналдырудың ақыры жақсылық болмасы анық, – деген адвокат Құспанның уәжін тәуелсіз сарапшылардың көбі қолдайды.

Адвокат «қазіргі қалыптағы» түнгі сотқа қарсы. «Себебі сот деген ең жоғарғы мінбер, прокурор, тергеу және қорғау тараптары үлкен сыйластықпен, үміт-сеніммен барудың орнына қазір сот, әсіресе әкімшілік сот құқық қорғау органының қолжаулығына айналып кетті» дейді. Оның ойынша, «бұл сотқа ешқандай бедел алып келмейді» және «дамыған елдерде мұндай сұмдық тәжірибе жоқ». Сондай-ақ Абзал Құспан «түнгі сот мемлекеттік институт ретінде өзекті мәселеге айналып барады, ал Назым Серікбекова азаматтық белсенділікке қарсы құралға айналған әкімшілік істер науқанының құрбаны» деп санайды.

Азаматтық белсенділерге қысым жасауды «ақылға сыйымсыз» деп бағалайтын  саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің пікірінше, «10-15 күндік соттау биліктің белсенділерге жауабына айналып кетті». Ол ашық әрі әділ демократиялы сайлау болмағаннан кейін күрес санкцияланбаған митингке шығу, әлеуметтік желіде шулау түрінде жүретінін айтады. «Өкінішке қарай, бұл күш тең болмағаннан кейін, азаматтар конституциялық құқығын қолдана алмағандықтан жасалатын әрекетттер. Егер Қазақстан өзін халықаралық құқықтың субъектісі деп санаса, атазаңда жариялағандай құқықтық мемлекет болса, онда азаматтарға күш көрсетуге емес, тыңдауға ұмтылу керек», – дейді саясаттанушы.

Билік саясатының қайсыбір тұсына көңілі толмайтын наразылардың қарсылығынан қандайда бір нәтиже бол ма деген сұраққа сарапшы «есесіне азаматтардың бойынан билік культі, авторитарлы биліктің қаһарынан қорқу секілді үрейдің кетуі демократиялық бағытқа қозғалуға үлес қосады» деп жауап берді.

 

Белсенділерді НКВД әдісімен түнде соттаудың сыры неде?

– Менің болжауымша, түнгі сот деген кезіндегі НКВД тәсілі сияқты. Ешқандай куәгерсіз, фактісіз бірден үкім шығару. Қоғамдағы үрейді күшейту үшін. Билік елге танымал емес адамдарды түнде соттау арқылы резонанс тудырып, өз қолынан саяси белсенділікті арттырып, ешқандай саясатқа араласқысы келмеген азаматтық позициясын білдерген адамдардан саяси қаһармандардың шығуына ықпал етуі мүмкін, – деген сарапшы Шалқар Нұрсейітовтің сөзінше, түнгі сотты орынсыз, жазалау мәнінде қолданудың өз тәуекел-зардабы бар.

Әдетте, қылмыстық істен басқа әкімшілік іске қатысты сотқа БАҚ өкілдері, бақылаушылар мен еріктілер «емін-еркін қатысуға құқылы». Заң бойынша әкімшілік іс ашық қаралады. «Алайда Назымның сотына ешкімді кіргізбеді, процес жақындарынсыз, журналистерсіз өтті, бұл сот жағынан құқық бұзушылық болып саналады» дейді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Қарапайым азаматтардың азаматтық белсенділер қатарын толықтыруы, биліктің  наразылық тудырушы алғышарт себеппен емес, наразының өзімен күресуі алдағы уақытта жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін.

«Сот әрекеті арқылы әкімшілік істен гөрі саяси іс екенін көрсетіп отыр. Айыптау үкімінің көбеюі – соттың біржақтылығының көрсеткіші. Азаматтық белсенділерге келгенде басқаларға сабақ болсын деген ұғымда соттайды, сот заң құралынан гөрі көбінесе саяси құралға айналып кетті. Әсіресе азаматтық қоғам белсенділеріне қатысты соттарда ешқандай адамгершілікке-гумандыққа, халықаралық тәжірибеге сай шешімдерді көріп тұрғамыз жоқ», – дейді саясат сарапшысы.

Партия құруды көздейтін Respublika азаматтық қозғалысының мүшесі, қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова соттың ең өзекті проблемасы ретінде «тек түнде болуы ғана емес, оның жабық өтуін» атады. Оның айтуынша, рұқсат етілмеген митинг күні,  16 желтоқсанда «ұсталған ұйым мүшелеріне адвокаттар мен құқық қорғаушыларды кіргізілмеген, тіпті тегреу кезеңінде де». Ол ведомство ұсынатын мемлекеттік адвокаттардан «ешқандай қайыр жоқ, олардың болғанынан болмағаны жақсы» деп санайды.

«Өзіңіз елестетіп көріңізші, ешбір байланыс құралыңыз жоқ, қасыңызда адвокат та жоқ. Бейне бір жат елде отырған тәрізді. Сөйтіп адамдардың құқығы тапталады. Біздің қозғалыс мүшелерін де дәл осындай жағдайда әрқайсысын бөлек алып кетті. Желтоқсанда адвокаттарды алып келген кезімізде іштегі жақтастарымызға кіргізбеді. Шағым қабылдауы тиіс прокурордың өзімен байланыстырмады. Әртүрлі әдіспен моральдық тұрғыда қысым жасайды», – дейді белсенді.

 

Бұғаудағы талапшыл қоғам: «Назымның ноқталануынан Дулаттың өліміне дейін»

Республикалық журналист Бэлла Орынбетованың айтуынша, Қазақстанда биліктің басты үш тармағы (атқарушы және заң шығарушы билік, сот жүйесі) бір-біріне «бейтарап болуы керек деген заңдылық жоқ».

– Ешқандай да жеке-дара позицияда емес, барлығы ауызжаласқан бір жүйе, үш тармақ бірігіп кеткен. Мәселен, әкімдікке жақпай қалсаң, онда міндетті түрде ұстаудың бір амалын табады. Прокурорға шағымдансаң, мырс етіп сарказммен қарайды, – дейді ол.

Тәжірибелі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әңгімеге шақырылып, іле-шала сотталып кеткен Назым Серікбекованың ісінде керағарлық бар деседі. Мұны «масқара» деп атады.

– Назымның жағдайында түн ішінде соттайтындай қажеттілік болған жоқ. Бұлай соттайтындай ол біреуге аса қауіпті қылмыскер емес еді. Соттың бұл әрекеті үшін айыпталушы тарап жоғарғы сотқа шағым түсіре алады. Судьяға ескерту не сөгіс береді, әйтпесе ол мұны қайталай береді, Назымның әкімшілік ісі – барып тұрған масқаралық! Істі қараған судьяға шағымдану қажет, – дейді ол.

«Заңдық тұрғыда түнгі соттарды тоқтатуға болады. Себебі азаматтық белсенділердің соты көбіне түнде өткізіледі, тіпті оларды митингке бармай жатып үйінен ұстап әкетеді. Неліктен бұлай істейтінін сұрау керек. Жоғарғы сот әрдайым сот процесінің ашық өтетінін, БАҚ өкілдері қатысатынын айтып, алға тартады», – дейді «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі.

Ашық көздегі ақпараттарға қарағанда, Қазақстанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадан  Кітапханаға ауыcқалы бері елде жүздеген азамат түнгі сотта сотталған. Тәуелсіз сарапшылар биліктің әлі күнге дейін іс жүзінде, тіпті №184 жарлық сияқты құжаттардың негізінде заңдық тұрғыда да Назарбаевтың қолында екенін, билік транзитінің толық іске аспағанын айтып, алға тартады. Мамандар «Тоқаев та бара-бара бастығы Назарбаев секілді сот билігіне кесіліп-пішіліп қойған саяси мәлімдемелер арқылы ықпал еткісі келетін лоббистке айналып бара жатқанына» алаңдаулы.

"The Qazaq Times"