Жас балаларды қамтыған мыңдаған адам бірнеше күннен бері Түркия мен Грекия шекарасында түнеп жатыр. Бұл сүриялық босқындар, олар Еуропаға өтіп кеткісі келеді, ал Түркия мигранттарды ұстап тұра алмайтынын, шекарасын ашып беретінін мәлімдеген.
Грекия Сыртқы істер министрлігі 130 мың шамасындағы босқынның ел шекарасын кесіп өткенін растады. Грекия бар күшін салып мигранттар ағымын тоқтатып қалуға тырысуда. Бірақ, Түркия өзінің мигранттар ағымын тоқтатуға шарасыз екенін айтты, бұл Грекияға үлкен салмақ түсірмек.
Түркия мен Сүрия арасындағы соғыс күшейе түскеннен кейін, оған қоса Анкараның босқындар туралы мәліметінен кейін Ирак пен Сүрия жерінен барған босқындар Түркияның Еуропамен шекарасына қарай ағылды. Заңсыз мигранттардың селдей ағылған екпінін тоқтату үшін Грекия барлық шекаралық бекеттерін тікен-тормен қоршады. Грекияның бұл әрекеті бірқатар елдің ақпарат құралдарына тақырып болды. Бірақ, соған қарамастан мигранттар грек шекарасынан алыстап кете алмай отыр.
Грек шекарасында мигранттар мен шекара күзетшілері арасында қақтығыста орын алуда. Кей шекара бекеттерінде мигранттар күшпен шекара бұзуға да талпынды. Құрылық шекараларынан тыс су жолдары арқылы өтпек болған мигранттардың қайықтары да грек шекарашыларын әбден әуреге салды.
Түркия жерінде ресми деректер бойынша 3,7 млн босқындардың жасап жатқаны белгілі. Статистикаға сүйенсек олардың 44 пайызы жас балалар. Идлиб жанжалынан кейін Түркия мигранттардың жаңа ағымына шарасыз екенін жариялап, Еуропа жағындағы шекараларын ашып қойды. Шын мәнісінде мигранттар Түркияға көп салмақ салғанымен, бір есепте олар Еуропамен келісім жасасудың құралы десе де болады. Түркия шекарасын ашып тастау немесе жабу арқылы Еуропаны өз дегеніне көндіргісі келеді.
Түркия бұған дейін де Еуропа жеріне мигранттарды өткізбей өз жерінде алып қалу арқылы Еуроодақтан қаржылай қолдау алып келді. Оның үстіне НАТО-дағы ықпалы да жоғарылай түсті. Дегенмен, Еуроодақтың мигранттар үшін бөлетін қаржысы дау-дамайға ұшырады, кейбір елдер өзіне келе қоймаған босқындар үшін өтемақы төлеуге келіспегені де бар. Бұның бәрі түрік елі мен Еуропа елдері арасында кейбір қырғи-қабақ жағдайларға себеп болды.
Ал, соңғы кездері Идлибтегі және Сүрияның өзге жеріндегі түрік армиясының әрекеттеріне наразы болған ЕО Түркияның ашуына тиді. Енді өз елінде сақтап отырған миллиондаған босқын Анкараның жаңа құралына айналды десе де болады. Бірақ, Сүрия жерінде қақтығыс жалғаса берсе мигранттар ағымы Түркия ғана емес оған жақын Еуропа елдері үшін де әлеуметтік дағдарыстың қаупін ала келеді.