Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар «сотталуында саяси астары бар тұтқындар» санатына қосқан ең белгілі тұлғалардың бірі, он жылдан астам уақыт абақтыда отырған Мұхтар Жәкішевтің ісі төртінші мәрте қаралмақ. «Абақтыда айдан-күннен жаңылған» Жәкішевтің соттылық биографиясына шола отырып, сарапшы пікірін назарыңызға ұсынамыз.
Жәкішевке тосыннан салынған «құрық»
1998-2009 жылдар аралығында «Қазатомпром» ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев соңғы жылы мамыр айында ірі уран кен орындарында мемлекет үлесін сатты деген айыппен ұсталған болатын. 2010 жылдың көктемінде астананың Сарыарқа аудандық 2-соты «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айыппен катаң режимдегі колонияда 14 жыл жазасын өтеуге үкім кескен. Көп өтпей2011 жылдың соңында ҰҚК «ірі көлемдегі алаяқтық және бөтеннің мүлкін иемдену» айыбымен екінші қылмыстық іс қозғап, ақыры 2012 жылдың маусымында 10 жылға соттады. Жалпы жиыны түпкілікті жаза 14 жылға бекітілді. Оның ұзақ жылға сотталуын сарапшылар әртүрлі тұжырады. Бірі 2000 жылдардың басында экс-банкир Мұхтар Әблязовқа араша болғанын айтса, енді бірі оның уран өндірісінде Ресеймен бақталас болуын алға тартады.
Қазақстан билігі халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам талабын ескермеді
2015 жылы 6 қараша БҰҰ-ның Адам құқықтары комитеті Қазақстанды «Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пакті» бойынша Мұхтар Жәкішевті босатуға шақырған. Кейін денсаулығының нашарлауына байланысты Орталық Азиядағы Адам құқықтары қауымдастығы 2018 жылы 15 наурызда сол кездегі президент Н.Назарбаевтың атына араша сұрап хат жолдады. 2018 жылы мамырда медициналық комиссия қорытындысы бойынша, тұтқын Мұхтар Жәкішевке үшінші топтағы мүгедектік диагнозы қойылды. Билік онымен кездеспек болған шетелдік құқық қорғаушылар түгілі туған анасының жерлеу рәсіміне қатысуға рұқсат бермеді. Соңғы бірнеше жылда интеллектуал отбасыдан шыққан Жәкішевті кезіндегі «атом өнеркәсібін дамытқан, кейін Ресей компаниясы қол астына алу үшін жасалған саяси қуғын» деп санайтын азаматтық қоғам өкілдері жиі наразылық акциясын өткізіп келеді. Оның бостандығын талап етушілер әртүрлі жалғыз адамдық пикетке шығып, санкцияланбаған бейбіт шерулерде талабын айта жүреді. 2023 жылдың 20 мамырында босатылуы тиіс Жәкішевтің төрт қызы мен ұлы бүгінде ержетіп үлгерген.
Үш рет білтесі тұтанбаған үміт
2018 жылдың 28 қарашасында мерзімініңжартысынан көбін өтеуіне байланысты бірінші рет түсірген арызын Семейдің №2 соты қанағаттандырмап еді. Соттың хабарлауынша, бұған тұтқынның «шығынды өтемеуі» себеп болған.Ал 2019 жылы 24 шілде де аталған сот, 10 қыркүйекте Өскемендегі облыстық сот қатарынан екі мәрте қанағантандырмай тастаған еді.
Тоқаевтың Жәкішевке «мейірі» түсуі мүмкін бе?
Призидент Тоқаев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында Жәкішев ісі туралы «Бұл тек соттың құзыретіндегі мәселе. Мен, әрине, Жәкішевтің денсаулығына байланысты бірнеше рет мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш бергенін білемін. 3 наурызда сот отырысы өтеді. Соттың шешімін күтейік, оның әділ болатынына сенімдімін», – деді.
Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушылары да өз ойын білдіруде. Солардың бірі жас саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов өзінің facebook желісіндегі жеке парағында Тоқаев Назарбаев стиліндегі лоббистке айналып бара жатыр деген ойын бөлісті. Сарапшы:
«Қасым-ЖомартТоқаев та бара-бара бастығы Н.Назарбаев секілді сот билігіне кесіліп-пішіліп қойған саяси мәлімдемелер арқылы ықпал еткісі келетін лоббистке айналып бара жатыр. Тоқаевтың Дулат Ағаділдің өлімі мен Қордайдағы трагедияға қатысты құқықтық баға беруі, митингілер жайлы заңға құқықтық-саяси баға беруге тырысуы және 3 наурызда өтетін Мұхтар Жәкішевтің сотында «әділ шешім» шығатынына сенім білдіруі лоббизмге жатады», – дейді.
Осыған дейін бірнеше рет аппеляциялық шағымды қанағаттандырмаған сот жүйесінің бірінші басшы ықпалында болуын сынаған Нұрсейітов «парламенті Ақорда мен «кітапхананың» «нотариальная конторасына», соттары атқарушы биліктің «қолбаласына» айналған Қазақстанда Женева көрген Тоқаевтың Днепродзержинск көрген Назарбаевтың лоббистік стиліне сүйенуі қауіпті құбылыс» деп бағалайды.
Ертең, наурыздың үші құқық қорғаушылар саяси тұтқын қатарына қосқан Мұхтар Жәкішевтің кезекті соты болмақ. Осы орайда Тоқаев айтқан «соттың әділ шешімін» бүкіл ел тағатсыздана күтіп отырғандай. Президенттің бұл мәлімдемесі сот жүйесін популизмге пайдалану әдісі деп бағалаушылардың саны аз емес. Он жылдан астам абақтыдағы өмірдің «алғадай» хабары болуы мүмкін бе?..