Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыс ауасында ел ішін алатайдай бүлдірген Қордай қанды қақтығысы болған өңірге дүнген диаспорасымен кездесуге барған тұста белгілі әдебиеттанушы-ғалым Құлбек Ергөбек президент атына үндеу жариялады.
Профессор әбден қордаланған ұлттар саясатының кемшілігіне мән беріп, мәселені дер кезінде шешу қажет деп санайды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.ТОҚАЕВҚА!
Құрметті Қасым Жомарт Кемелұлы!
Іс-сапармен Жамбыл облысына Қордай мәселесімен келдіңіз. Президенттің сапары оның халыққа жақындығын, Мемлекетшілдігін көрсетеді. Сонымен бірге, Президенттің сапары Қордай оқиғасы жайында ойда қордаланған түйінді мәселелерді қозғайды. Ақордаға оралған соң елімізде болып өткен келеңсіз қақтығыс жайында шешім алуыңыз керек. Қоғамның алдында отыратын жазушы, ғалым, Президенттің әкесімен бір кабинетте отырып қызмет атқарған азамат райында жанашырлықпен ой салу үшін пікір айтуды жөн көріп отырмын.
- Дұнғандардың астамсуы Қазақстан Республикасында диаспора мәселесінің бізде, дамыған елдердегідей, түбегейлі шешімін таппағанын көрсетеді. Ассамблея институттық құрылым ретінде өзін ақтамады деп ойлаймын.
- Егер, Қордайда болған оқиғадан дұрыс сабақ алмасақ, мемлекет үшін де, мемлекет құраушы ұлт – қазақтар үшін де, жалпы диаспора үшін де дұрыс болмайды. Ертеңгі күні мұндай оқиға әр жер-әр жерде тағы қайталануы мүмкін.
- Дұнған мәселесін іскер басшы деп облыс әкімі Б.М.Сапарбаевқа артып қою – дұрыс шешім емес. Облыс еңсесін енді-енді көтеріп келе жатқан облыс. Саяси жағынан көтергенімен, экономикалық жағынан мұндай жүкті көтере алмайды деп ойлаймын! Әрі, олай ету – қастерлі қариясын сабатқан облыс тұрғындары үшін оң шешім болып шықпайды.
- Келеңсіз мәселені алдымен Ассамблея өз ішінде ашық талдауы керек. Оқиға дүнған диаспорасына ғана көлеңке түсіріп отырған жоқ. Дәстүрін сақтап, білімін беріп, мәдениетін өркендетіп отырғанына қарамастан, дұнған ұлт өкілдерінің шет елден көмек сұрауы, Россияда тұрғысы келуі қауіпті синдром. Сондықтан дұнған мәселесі Қазақстандағы барлық диаспораға көлеңке түсіріп кетті деп білуіміз керек. Бұл Отанын сүйген әрбір азаматты қатты ойландыруға тиісті. Әсіресе, диаспораны!
- Демек, дұнған астамшылығын барлық диаспора басшы, қосшы болып Ассамблея президумында талдауы керек. Дұнған диаспорасы Ассамблеядан кешірім сұрауы керек. Ассамблея содан кейін барып диаспораға қамқор болып отырған мемлекеттен, мемлекет құраушы,– ҚАЗАҚ халқынан кешірім сұрауға тиісті.
- Өртелген үй, қираған ғимаратты кім жөндеуге тиісті?
Оны да Ассамблея президумы шешуге міндетті. Егер, мемлекет қалпына келтіріп береміз десе, ол кәнігі жалпақшешейлік болып шығады. Мемлекет халықтың қаражатын өзін мемлекет ішінде орынсыз астам ұстаған бір диаспораға қисынсыз жұмсаған болып шығады. Бұл Мемлекет экономикасын әлсірету үшін әдейі қолдан ұйымдастырылған қылмысқа айналып шыға келеді. Бұл – мемлекеттің оқиғадан сабақ алмағаны болады. Мұндай шешім жалпы халықтың наразылығын тудырады. Ең дұрысы қалпына келтіру жұмысын Ассамблея мойнына алғаны жөн. Онда да ойлану керек: жалпы Ассамблея шаңырағы астына біріккен барлық диаспора кәсіпкерлері ынтымақтасып, тағдырлас тұтып, бірігіп ортадан қаражат шығарып жөндей ме? Әлде, өзара ақылдасып, мәселені талдап, дұнған кәсіпкерлерінің өзінің мойнына жүктей ме? Бұл Ассамблея шешуге тиісті мәселе!- Қазақтың тілін диаспораға Қазақстанның қаражаты есебінен міндеттеу – қате! Диаспора ма, мемлекет құраушы ұлт па, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде таза білуге, тұрмыста, қоғамда, бар қоғамдық салада тұтыну – Қазақстан азаматтарының міндеті! Мемлекеттік тілді білу – мемлекет қаржысынан емес, мемлекттік тілді білмейтіндер есебінен қаралуы тиіс!
- Мемлекеттен бар жақсылық пен ізгілікті көре отырып, шет елмен астыртын байланыс орнату, көмек сұрау – мемлекетімізге жасалған опасыздық және сатқындық ретінде қаралуға тиісті!
Сізге деген шынайы құрметпен, Құлбек ЕРГӨБЕК,
Жазушылар одағы Басқарма мүшесі, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Академиялар мүшесі, Парасат орденінің иегері, ҚР Президенті стипендианты.Түрколог профессор.Түркстан. 1.03.2020