Күнделікті күйбеңнен көңілді кір шалғанда, қарбалас тірліктен бір сәтке қол үзіп, классикалық музыка тыңдаумен жансарайын тазартып, азық іздейміз. Сұлулық пен сезім үйлесімін жеткізіп, адам жанын тебірентер музыка әлемінен асқан тыныштық табылмайды мұндайда. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерватория төрінде «BAYKANAT» концерт агенттігінің ұйымдастыруымен өткен даниялық композитор Себастьян Завадскийдің концерті көрермен көңілін риясыз жылуға бөлегендей.
Себастьян Завадский – жанрлар арасындағы шекараны бұзған жас композитор. Оның туындылары классика мен экспериментализмнің жарқын үлгісі іспетті: фантазиядан туған ноталар үндестігі классикадан бастап электронды музыкаға дейін үйлесім тапқан.
2016 жылы Себастьян Лос-Анджелесте Ричард Беллиспен бірге ASCAP кино түсіру шеберханасына қатысып, Ньюман скоринг студиясының аңызға айналған сахнасында симфониялық оркестр өткізген.
Кеште композитордың «Infinite Nature, Interlude bas and piano», «Opening», «Suite», «Wokale», «Logika», «Orknojon», «One Day», «Entropy», «One Side of Me», «And The Days Kept Dripping», «Fjord», «Naestved», «Bis» сынды туындылары орындалды. Алматыға Копенгагендегі жайлылық рифмасы мен Лос-Анджелестегі қарбалас өмір ритмін бөлісуге келген композитормен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Музыкалық мансабыңыз неден басталды?
Польшаның Торун қаласында дүниеге келдім. Орта мектепті бітіргеннен кейін Данияға қоныс аудардық. Жастайымнан музыкаға әуес болдым. Кішкентайымда фортепианода ойнадым. Өнерге келуіме әкемнің де ықпалы зор.
Данияға көшкен соң Копенгагендегі музыка консерваториясында, Краковтағы музыка академиясында және ASCAP кино түсіру шеберханасында білім алдым. Алғашқы альбомым 2014 жылы жарық көрді. Ал 2018 жылы струналық квартет, күйсандыққа арналған постклассикалық үлгідегі альбом шығардым.
– Тағы қандай жанрлармен жұмыс істейсіз?
Адам ақпаратты түрлі жолмен алады. Музыка да адамға бір нәрсені, жай нәрсе емес, сұлулық пен сезім үйлесімін жеткізудің тәсілі. Кез-келген нәрседен жақсы нәтиже шығару үшін оны сүю, бар ынтаңмен берілу, нәтижесінен рахат алу қажет. Бұл әсіресе музыка өнеріне ерекше қатысы бар, өйткені музыка – рухани дүние. Осы ретте айтарым, жанр талғамаймын. Поп, джаз, металл, классика, бәрі-бәрі сүйікті жанрларым.
– Бүгінде заманауи музыка өнері шарықтай түсті. Орындаушылық түрлері мен стильдері де сан алуан. Осы ретте заманауи музыкаға деген көзқарасыңыз қандай?
Бұл сауалыңызға музыкант–музыка–аудитория үштағыны мысалымен жауап берсем деймін.
Музыканттың табысқа жетуі оның дарынына, қабілетіне, еңбекқорлығына, табандылығына, өз ісіне берілгендігіне тікелей байланысты. Оның шығармашылық қиялы ұшқыр болған сайын алдынан кездескен қиыншылықтарға төтеп беру қасиеті күшейеді. Ал бұл өз кезегінде авторға дем береді, қалай да көздеген мақсатына жетуге ұмтылысын арттырады. Әлемде музыка жөнінде сан түрлі таптаурын ойлар, пікірлер қалыптасқан. Демек, бәсеке мен көзқарас жоғары. Мен музыкада бір ғана бағытта қалып қоймай, жан-жақты қырымды көрсетуге тырысып келемін. Дәстүрлі музыка мен классиканы, басқа жанрларды үйлестіру арқылы заманауи музыка жасағым келеді.
Тыңдаушылардың музыканы сезінуі, әсерленуі орындаушыға тікелей байланысты. Егер орындаушы музыкамен тұтасып, саз сиқырының тұңғиығына бойлата білсе ғана ол нағыз орындаушы. Қазіргі заманауи музыка тудырушылар тыңдаушының жүрегін тербей алса, өнерде ойып тұрып өз орнын алады. Осы мақсатты көздеген авторлардың еңбегін жоғары бағалаймын.
– Жасанды интеллектіні музыкада пайдалануға көзқарасыңыз қандай?
Өте орынды, әрі ойландыратын сұрақ. Қазіргі техникалық даму кезеңінде мен үшін қорқыныштысы – жасанды дүниенің музыкаға келуі. Иә, робототехниканың бәрі адам ақыл-ойының жемісі. Алайда жасанды интеллект сезімге, адам жанын түйсінетін қасиетке ие бола алмайды.
Өмірдің барлық қиындықтарын, мазалаған ойлардан бір сәт арылып, шалқып-тасығаннан артық бақыт бар ма? Ол арқылы сен миыңды жаттықтырып үлкен бір серпіліс жасайсың. Жасанды интеллект бұл серпіліске жол бастай ала ма, жоқ па – уақыт еншісіне қалдырған абзал. Бір айта кетерлігі, журналистикада телевизия бөлімі, радиода дикторлық, экономика, медицина сынды салалардың роботтануы қалыпты жағдайға айналар. Ал музыка, поэзия тәрізді сырлы дүниені сезіммен жеткізу жасанды интеллектінің құзырында емес.
– Өнер жайлы сөз қозғағанда, шабыт ұғымына тоқталу қалыпты дүние. Уильям Эрнест Хенлидің поэзиясы альбомға сіздің музыкаңызға қаншалықты әсер етті?
Ән жазғанда, шабыт іздегенде поляк қана емес, әлемдік әдебиет алыптарының шығармаларын да оқимын. 2017 жылы шыққан үшінші альбомым ангиялық ақын Хенлидің поэзиясы негізінде жазылған. Ағылшын ақыны Хенлидің латын тілінде «жеңілмейтін» деген мағына білдіретін «Invictus» атты өлеңі ерекше әсер етті. Бұл өлең менің альбомымдағы әндер сияқты эмоционалды, жеңіске жету, еркіндікте өмір сүруге деген құлшынысқа толы.
Америкалық композитор Джон Уильямстің, Индиана Джонстың туындылары, «Гарри Поттер» немесе «Жұлдыздар соғысы» фильмдеріндегі саундтрек авторы ретінде орны ерекше. Шығармалары мені шабыттандыратын басқа композиторлардың бірі де бірегейі деп Абель Корзеневский, Александр Добад, Иоганн Иоганнсон және Макс Рихтерді атар едім. Әсіресе, соңғы екеуі менің кумирім. Олар біздің заманымыздың аспаптарын – электронды аспаптарды, синтезаторларды симфониялық оркестрмен үйлестіре білді. Болашақта осы тақырыпты әрі қарай зерттегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыс тілейміз!
Қосымша* Қазақстандағы неоклассикалық музыканы насихаттаумен айналысатын тұңғыш, әрі жалғыз «BAYKANAT» агенттігі осы уақытқа дейін бірқатар танымал шетел музыканттарының концерттерін ұйымдастырды. Аталған агенттік отандық талантты өнерпаздарға шығармашылық қолдау танытып, еліміздегі неоклассиканың дамуына үлес қосып келеді.