Астанада ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің ісіне байланысты адвокаттар баспасөз мәслихатын өткізді. Олардың сөзінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро басты күдітілердің кінәсіздігі дәлелденген соң, олардың туыстарына «жала жауып жатқан» көрінеді.
Адвокат Абдурахманов А., Құспан А., Есқараев М., Жүнісбай С. істің жай-жапсарын ашып айтты.
Абзал Құспанның сөзінше, Ислам Әбішев кезінде өзіне ұсынылған 2 млрд теңге парадан бас тартқанын айтқан, ал енді 60 млн теңге ақшаны танымайтын біреуден алуға оқталды деген айыппен қазір түрмеде отыр. Белсенділер «сыбайлас жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің үстінен үш айдың үстінде жасырын тергеу амалдарын жүргізіп, Әбішевтің ешқандай пара алу ойы да, ниеті де болмағанына көздері жеткен соң, ол кісіні «пара алғысы келді» деген айыппен қамады» дейді.
– Пара алуға оқталды деген айыпты сот тергеуінде күл-талқанын шығардық. Сот процесі барысында ұлттық бюро қызметкерлері заңсыз араласып, куәгерге қысым көрсетті. Бұған нақты дәлел жеткілікті. Үш ай жасырын тергеу жүргізген антикоррупция қызметі ешқандай қылмысты анықтай алмаса да, қаралау мақсатында ақпарат құралдарына жалған бейнехабар таратты. КТК-дан бастап Азаттыққа дейін осыны таратты. ...Күдікті ретінде тартылған Әбішев пен Түкиевке қатысты «пара алуға оқталу» деген айып өз дәлелін таппаған соң, енді Ұлттық бюро қызметкерлері олардың туған-туыстарының (қыздары мен бауырларының) үстінен «пара беруге оқталу» деген айыппын іс қозғап қойыпты. Оған негіз ретінде тергеу изоляторындағы біздің кейбір әңгімемізді жазып алған екен. Бірақ онда айтылған сөздің ешбірінде пара беру арқылы істі тоқтату туралы шешім-тоқтам болмаған,– деді Абзал Құспан.
Десе де құқық қорғау органдары «құпиялылығына кепілдік» берілуі тиіс кездесудегі сөздің стенограммасын ұсынбаған. Осылайша, «ұлттық бюро заңды аттап өтіп, арандату әдісімен көпе көрнеу, негізсіз іс қозғады» дейді.
Құқық қорғаушылар «антикоррупциялық ұлттық бюро сот әділдігін жүзеге асыруға кедергі келтіруде» деп шағынды. Әбішев-Түкиев жақтастарының айтуынша, ұлттық бюро мен құқық қорғау органдары қорғаушы мен күдікке тартылған адамның изолятордағы құпия сөзін заңды бұза отырып тыңдаған, арандатушылар адвокаттар мен қорғалушылардың әбден мазасын алған, сотқа тартылған азаматтардың туысына қайсыбір істі қозғау арқылы қысым жасаған, олардың үйіне мезгілсіз кез келген уақытта тексеру-тінту жүргізген, 30 томдық істі он күн емес, екі-ақ күнде сотқа жолдаған...
Сондай-ақ «ең қуатты органның бетпердесін ашушы» адвокаттар күдіктілер мен судьяға қысым көрсетіліп жатқанын хабарлады. Үкім шығатын сәтте судьяның істен шеттеуін құқық қорғаушылар «араласуынан» деп санайды.
Құқық қорғаушы «Әбішев ісінің басты фигурасының бірі, арызданушы әрі куәгер Азамат Шаймерденов күштік құрылымның адамы, бұрынғы қаржы саласына қатысы бар тұлға. Ол арнайы дайындалған персон» дейді.
Бұған дейін Ислам Әбішев 2012 жылы АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 2013 жылдың шілдесінде қызметінен аластатылды. 2014 жылдың шілдесінде қайтадан комитет төрағасы қызметіне келді. Ал 2019 жылғы 14 наурызда Әбішевті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері тұтқындады.