Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов биыл тойланатын әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдық мерейтойы, Жеңістің 75 жылдығына орай бюджеттен 3 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеген. Бұл қаражат аз ба, көп пе?
Мұны білу үшін Қазақстанның өткен және алдағы айтулы жобаларға қалай қарайтынын бажайлап қарасақ, жауабы өздігінен біліне қоятын тәрізді. Тақырыптағы шұбырған миллиардтар сөз орайымен, редакция кеңшілігімен «Абайға» деп асыра көрсетілген. Шын мәнінде, үш миллиардтың шашуы үш тойға жобаланған.
Былтыр 16-17 мамырда «Шабыттандырушы өсім: Адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбында өткен екікүндік XII Астана экономикалық форумына да республикалық бюджетпен 1,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген-ді. Соңғы екі жылда ел тарихындағы айтулы оқиғаның бірі Түркістан облысын құру, оны дамыту бағытында 1,236 трлн теңге қаржы бөлінсе де, әзірге аталған ауқымды қаражаттың тиын-тебеніне дейін қалай қайда жұмсалғаны туралы ашық, көпшілікке қолжетімді-ұғынықты контенті әзірленбеген.
Сонымен бірге өткен айдың соңында Қаржы министрі Әлихан Смайылов 10 млрд доллар көлемінде инвестиция тартпақ оймен биыл Дубай көрмесіне 9 млрд теңге (22 миллион доллар) бөлген. Күзде басталатын, нақтырақ айтқанда 20 қазан мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында өтетін EXPO жобасына Қазақстан да қатысады.
Тәуекелі зор, тиімділігіне кепіл жоқ шарада «Егер Қазақстанның павильонын келген инвесторлардың арқасында елімізге қосымша инвестиция тартылса, бөлінген қаражат өзін-өзі ақтап, жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс орындарын ашып, салық түсімдерін арттыруға жол ашылады» деп түсіндіруге тырысты елдің бірінші бухгалтері.
Бұған дейін келушілер қатарын көбейту үшін мұғалімдерге күштеп билет сатқан, кешен құрылысының кінәраты ашық сынға ұшыраған 2017 жылғы Астана-EXPO көрмесіне жалпы жиыны 565,1 млрд теңге (2,1 млрд доллар: 2013 ж. – 20,3 млрд, 2014 ж – 46,1 млрд, 2015 ж. – 154,2 млрд, 2016 ж. – 276,2 млрд, 2017 ж. – 77,3 млрд теңге) бөлінген болатын.
Сондай-ақ 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен қысқы Азия ойындарының шығынына 233,5 млрд теңге (1,650 млн доллар) жұмсалған. Бір жарым жыл тексерген есепшілер «талай заң бұзылғанын анықтағанын» айтқан болатын. Мәселен, есеп комитеті Азия ойындары үшін 10 млрд 280 миллион теңгеге (шамамен 69 миллион доллар) алынған спорт жабдықтары керексіз болып қалғанын анықтаған.
Биыл 80 жасқа келетін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс Астана күні мерекесіне қанша қаражат бөлінері әзірге белгісіз.
Мәдениет және спорт министрлігі күні кеше Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау жоспары 82 тармақтан тұратынын хабарлады. Өзге жұрттар Конфуций, Шекспир, Толстой ілімін идеологиялық феноменге айналдырып үлгергенде, біз мектепті айтпағанда ЖОО-да жаппай Абайтану курсын оқыта алмай жүрміз. Қоғам белсенділері қалың топтың шаңды дүрмегінде, флэшмоб, бір фуршетпен күн өткізетін із-дерексіз конференция-жиындар, ғұмыры хайптай-ақ қысқа имиджік марафондар нөпірінде басылып қалмай қайтымды, өміршең жобалар іске асса дейді.
Мемлекет басшысы жуырда жариялаған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Абайды жастарға үлгі етеді. Берісі исі қазақты, арысы бүтін адамзатты өзіне ұйыта білетін Абай парасаты аясының ең бір сәулелі тұсы – «Толық адам» концепциясын елдікті күшейтіп, жұртты жан тазалығына, өркениетті мәдениет көшіне сүйрейтін жалпыұлттық идеология деңгейіне көтеруге кім кедергі? Дубайға 9 млрд-ты төге салған бұл қазақ өзінікін әлі қорашсынатындай, қойма қасы мен билік басында жүргендер әлі де өз ұлтын шын тани алмаған сияқты. Кең танауына ақ жағасын тартып түймелеген сарайдағы қазынашы алтын сандықты әлем-жәлемге ақтарғанда тәбеті зор, қолы құлаштай-ақ ашық, ал халқына келгенде шық бермес Шығайбай. Себебі еліккіш, желпінгіш...