14 желтоқсан Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партияның ұйымдастыру комитетінің бастамасымен белсенділер Алматыда Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғаларының құрбандарын еске алды.

Күндіз сағат 12-00 шамасында  Сәтбаев пен Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысындағы «Астана» қонақ үйінде өткен жиынға елдің әр аймағынан белсенділер қатысты. Жиынның бастапқы бөлігінде қатысушылар Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын бір минут үнсіздік танытып, еске алды. Қазіргі қазақ әдебиетінің ірі өкілдері, Жаңаөзен оқисаны туралы белсенді түрде үн қатқан Қабдеш Жұмаділов пен Софы Сматаев тәуелсіздіктің өткені мен бүгіні жөнінде ойларын бөлісті. Олар 15 өңірде бейресми штабтары құрылып үлгерген "Қазақстанның демократиялық партиясына" қолдайтынын жеткізді. "Жаңаөзен қырғынына 8 жыл" тақырыбында өткен алқалы жиында саясаткер Төлеген Жүкеев, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы және публицист-саясаткер Ермұрат Бәпи сөз сөйлеп, өздерінің өткір пікірін ортаға салды.

Белгілі қаламгер Ырысбек Дәбейдің Жаңаөзен тақырыбын арқау еткен жаңа "Қоңыз" атты шығармасы. 14 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: QT

Жаңаөзен оқиғасына 8 жыл толуына орай ойталқы жасап,  тәуелсіздік таңындағы ең ауыр оқиға туралы тұңғыш әдеби туынды, қаламгер Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» кітабының тұсаукесері өтті.  Сондай-ақ Демократиялық партияның Алматы штабының құрылғаны айтылды. Кітап оқырмандарының бірі, жас ақын Асылан Қуанышұылы өз ішкі толынысын білдірді:

– Бір уақыт келеді... Дәл осы роман үшін сіз боп, біз боп Ырысбек аға Дәбейге алғыс жаудырармыз. Және, тіпті, өзімізге де айтуға қорқатын ішкі мұңымыз бен сырымызды мөлдіретіп, қанын сорғалатып тұрып жария қылған "Қоңызды" қолдан-қолға өткізе, таласа-тармаса оқырмыз. Себебі, тарақан-тірліктің құрсауына тастай салған, керең, соқыр, мылқау "Қоңыз Құдайлар" әлі де тірі. Олардың ұрықтары тажалдай төніп, әлі қанша ғасыр маңдайымызға мехнаттың мөрін басады... Меніңше, Ырысбек аға өзінен кейінгілерге (мүмкін үлкен буынға да) даңғыл жол ашып берді. Жаңа қауыз ашып келе жатқан "жаралы гүлдердің" тағдырын, қанаушы, тонаушы, қатігез күштің қаныпезерлік қылмыстарын әшкере ете отырып, гуманисттік ойларға жетелейтін тың, ірі туындылардың жазылуына түрткі бола алды, – деді.

Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасының құрбандарын еске алуға арналған жиындағы көрме. 14 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: QT

Мамайдың айтуынша әрі интернетте тараған бейнедәйектерге қарағанда, жиынға келгісі келген аймақтағы белсенділерге қысым жасалған. Мәселен, «Қостанайдан жиынға беталған бір топ азаматты полиция пойыздан түсіріп, әкімшілік жазаға тартқан». Сонымен қоса осыған ұқсас «бөгеу» операциясы Қызылорда мен Таразда да болған.

Демократиялық партияның Алматыдағы штабының басшылары Ырысбек Тоқтасын мен Нұрбол Бәйтереков. 14 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: QT

Басқосудың негізгі бөлігінде Демократиялық партияның Алматыдағы штаб ұйымы құрылып, оған басшылыққа Ырысбек Тоқтасын мен Нұрбол Бәйтереков тағайындалды. 2011 жылы жеті айға созылған мұнайшылар ереуілінің, Жаңаөзен оқиғасының бір топ куәгерлері арнайы шақыртуымен келіп қатысты. Сөз алған спикер, Орал қаласындағы партия штабының төрағасы Жанат Есентаев өз ризашылығын танытып, гитарасымен саяси ән орындады.

ҚДП ұйымына танымал жазушылар Қабдеш Жұмаділ мен Софы Сматаев қолдау білдірді. 14 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: QT

"Жаңаөзен қасіретіне арналған" жиында саяси ұйымның мүшесі Жанбол Рахматуллин 5 бөлімді қамтитын арнайы қарарды таныстырды. Резолюцияда

  • 2011 жылғы Жаңаөзен-Шетпе оқиғасына "бұйрық берген және оны атқарған" басшылар мен қатысушыларды қатаң тексеру-тергеуден өткізу;
  • Бейбіт шеру, митингке шығуды рұқсат сұрамай-ақ, тек ескерту формасына ауыстыру;
  • Саяст партияларға теңқұқықты мүмкіндік беру;
  • Президент және парламент сайлауына қатысты заңдарды қайта қарап, толықтыру;
  • Экс-президент туралы заңдарды алып тастау;
  • Саяси тұтқындарды дереу ақтап-босату, Қытайдағы қысымнан қашып келген этникалық қазақтарды қорғау... талаптары бекітілді.

Жиынның қарары қабылданғаннан кейін Жаңаөзен-Желтоқсан құрбандарына арнап ас беріліп, рухтарына тағзым етіп, құран бағыштады.

Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасына қатысты өткен жиынның қорытынды қарары қабылданып оқылды. 14 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: QT

Сондай-ақ ҚДП бастамашысы Мамай «боздақтарды еске алатын жиынға титушка-шуылдақтар жіберілсе, бұл масқараның көкесі, Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарының рухын қорлау деп қабылдайтынын» айтқан еді.

Жиналғандар елдің әр аймағынан келген. 14 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: QT

Қазанның 16-сы Жанболат Мамай мен бастамашыл топ «Қазақстанның демократиялық партиясын» құратынын мәлімдеген болатын.

 

"The Qazaq Times"