Түркіменстан астанасындағы көшелерде серуендеген қыз бен жігіттің құжаттарын тексеріп, үйленбегендерін полиция бөліміне алып кетеді, деп хабарлады Ашхабадтағы Азаттық радиосының тілшісі.
Астаналық жоғарғы оқу орындарының бірінде оқитын Мақсат есімді студент бір айдан бері полицияның соңынан қалмай қойғанын айтты.
"Студенттер әдетте оқудан немесе көпшілік шаралардан жатақханаға бірге қайтады, бірге спектакльге, концертке барады. Саябақта бірге қыдырады", - дейді ол.
Студенттің айтуынша, соңғы уақытта полиция қызметкерлері көшеде кетіп бара жатқан немесе саябақта бірге отырған қыз бен жігіттің құжаттарын тексеруін жиілеткен, оларды тергеп, тағы да бірге ұсталған жағдайда оқудан шығаратынын ескертетін болған.
Ашхабад тұрғындары полиция қызметкерлерінің бұл әрекетін түсінбейтіндіктерін мәлімдеді. Құқыққорғау органдары да бұл тақырыпқа қатысты Азаттық радиосына түсініктеме бермеді.
“The Qazaq Times”