16 желтоқсан қазаққа Кеңестік бодан кездегі (Желтоқсан оқиғасы, 1986 ж. Алматы қ.) және тәуелсіздіктің бейбіт таңындағы (Жаңаөзен оқиғасы, 2011 ж. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қ.) нақақ төгілген қан мен ауыр қайғыны еске салады. Ұзық жылдар бойы қоғам белсенділері атаулы күннің тарихи мәнін айқындау мәселесін көтеріп келеді.
Әдетте, 16 желтоқсан, Тәуелсіздік күні қаладағы студенттерді үйіне қайтарып, жатақханадағысын тізімдеп, кіріп-шыққанын тіркеп отыратын, анау жерде концерт, ескерткіш түбінде «өліні разы қылмаққа» құран бағыштап жатады. Осы дүдәмал ала-құлалықтан арылуды тілеп жүрген жұрттың қарасы қалың. Не шаттанарын, не ақтаңдақ өткенін еске аларын білмей жармақ күйге түскен көпшілік атаулы датаны Жалпыұлттық аза тұту күні болса дейді.
Ал он жылға тарта Республика күні ретінде мерекеленіп, кейін белгісіз себептермен күнтізбеден түсіп қалған «25 қазанды – Қазақстанның Тәуелсіздік күні деп белгілеген лазым» деген бастаманың айтылып жүргеніне көп болды.
Бұл жайлы белгілі абайтанушы, «Толық адам» ілімінің бүгінгі бұқаралық интерпретаторы Омар Жәлелұлы «қан төгілген күні бөрікті аспанға атып тойлау қисынсыз» деп санайды. Ол:
– Ел болу. Бізде басқа мақсат, арман-мұрат болмау керек. Өйткені Ел болудан басқа мақсат-мұраттардың бәрі қораш, күйкі, түкке тұрмайтын бәкене нәрселер. Егер біз Ел бола алмасақ, ішкен-жегеніміз, киген киіміміз, мінген көлігіміз, құшқан қатынымыз, өсірген ұрпағымыз, салған үйіміз – бәрі желге ұшады. Ел болудан үлкен, ауқымды, кең, шетсіз-шексіз, масштабты мақсат-мұрат болуы мүмкін емес. Ел болу – бұл өлшем. Ел болу жолында өзінің жеке амбициясын Елдіктен жоғары қойған кез келген адам – қазақтың дұшпаны. Ондайлардың жолын кесу керек, тайраңдатпау керек. Орнына қою керек. Әділ жазасын беру керек. Ондайлар Ұлттың ұлы денесіне шыққан жара, сыздауық не шиқан тәрізді. Олардан емделмесе, сақтанбаса – ұлт құриды, құрдымға кетеді. Сондықтан не оларды аяусыз сылып тастау керек, не бақыртып жараның бетіне құрым киізді күйдіріп басу қажет. Өкінішке қарай, біз Ел бола алмай отырмыз. Ащы болса да шындық. Өтіміз жарылып кетсе де осыны мойындауымыз керек. Ел бола алмай отырғанымыздың басты себебі – отаршылдық=құлдық. Отаршылдық=құлдық – Ұлттың ұлы денесіндегі ең үлкен жара – осы, – дейді.
Осылайша, қоғамдық ағартушы ел болғандық бүгінгі аталып жүрген тәуелсіздік күнін тәу ету күні ретінде тану деп біледі. Оның ойын белгілі саясаттанушы, қоғам белсендісі Дос Көшім де қуаттайды. Ұлтшыл сарапшының ойынша, азаттық таңының ақжолтай хабары тараған күнді желтоқсан толқуымен тұспа-тұс келуінің астары бар.
– Меніңше, әңгіме қай күнді ресми түрде Азаттық күні деп тойлауымыз керек деген сұрақта сияқты. Әрине, Декларация жарияланған күн – мемлекеттік мейрам болып табылады. Оның басты себебі – Тәуелсіздік жариялаған 16 желтоқсанның, тоталитаризмнің негізін шайқалтқан, қазақ ұлтшылдығының нақты көрінісі болып табылатын 16-17 желтоқсанмен қатар келуі. Бұрын біздер бұл екі күнді де тойлайтынбыз. Бірақ кейін мемлекеттік билік Желтоқсан көтерілісін тәуелсіздік тойының көлеңкесінде қалдыру үшін 16 желтоқсанды ғана ресми мейрам етіп белгіледі. Демек бізде таңдау болды, ал билік «Желтоқсан көтерілісінің» атын өшіру жолын таңдады..., – дейді саясаттанушы.
Ал Омар Жәлелұлы өз ойын сабақтай келе, «арлы ұлттардың» тәуелсіздік жолындағы күресін, қанды оқиға датасын аза тұтып, күңірене еске алатынын алға тартады. Ол мұндай күні «арлы қлттар… тәубесіне келеді, «өлі риза болмай, тірі байымайды». Қан төгілген күні бөркімізді аспанға атып тойлау – қай қисынға сияды? Аруақты күңірентіп қалай Ел боламыз?» деп алаңдушылық танытады. Омар Жәлелұлы:
– Меніңше, 16 желтоқсан – Елдік жолында шәйіт болған барша аруақтарға құран оқытып, дұға бағыштайтын Ұлттық Тәубә күні болуы керек. Алла Тағала Тәубемізді қабыл қылса ғана, Ел боламыз. «Қолыңмен істегенді, мойныңмен көтер» дейді ата қазақ. Тәубе сол – құл болғанымызды=отар болғанымызды мойындап, енді құл болмаймыз деп жылап тұрып Алладан кешірім сұрау! Құлдық кезеңде=отаршылдық кезеңде – аштан қырылған, атылған, айдалған, сұраусыз кеткен, түрмеге тоғытылған, бізден дұға дәметкен мыңдаған, миллиондаған аруақтарды еске алу күні болсын! Алла Тәубемізді қабыл қылсын! Тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деп түйіндеді.
Тәуелсіз елдің отар санаға қарсы заң қабылдауына толық хақы бар деп есептейді көп белсенділер. Бұған дейін Дос Көшім «Парламент бұл мәселені бес минуттың ішінде шешіп, Желтоқсан көтерілісімен қосарланған Тәуелсіздік күнін 25 қазанға көшіре алады. Егер... билікте осы мәселені шешеміз деген ниет, ынта, түсінік болса...» деген болатын.