Украинаның экс-президенті Петр Порошенко басқаратын «Еуропалық ынтымақтастық» партиясының депутаты Алексей Гончаренко Украина қауіпсіздік қызметі ресейлік журналист Владимир Соловьевке қарсы екі қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
Гончаренко Facebook-тегі парақшасына СБУ жауабының көшірмесін қойып: «Менің өтінішіме Украина қауіпсіздік қызметінен жауап келді. Мариуполь және Северодонецкідегі тергеу бөлімдері сотқа дейінгі тергеуді жүргізетін екі қылмыстық іс бастады» – деп жазды.
Гончаренко Соловьев Украинаның аумақтық тұтастығы туралы өздерінің батыл сөздері үшін заң алдында жауап беріп, Еуропаның санкциялық тізіміне енгізілетінін айтты.
Ресейлік белгілі журналист Познердің теңеуімен «журналистиканың нашар белгісі» немесе оппозиция өкілі Навальный «үшінші сортты журналист» санайтын Владимир Соловьев қазақ қоғамына да Ресей пропагандасының өкілі ретінде таныс.
2018 жылы Қазақстан БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде Сүрия мәселесіне қатысты Ресейдің резолюциясына қол қоюдан бас тартқан кезде орыс БАҚ-тары ұлардай шулады. Қазақстанның көпвекторлы саясатымен сәйкесетін бұл қадамды журналист Владимир Соловьев «Воскресный вечер» ток-шоуында әбден сынаған еді.
Тікелей эфир барысында ол: «Қазақстанмен біздің альянс қандай өзі? Олар неге бізге қолдау білдірмей, үнсіз қалды? Біз білмейтін шығармыз, бәлкім арамызды қара мысық кесіп өткен шығар? Әлде келесі «майдан» Қазақстанда болады деп күтеміз бе?– деген еді Соловьев. Бұл қыжыртпаға «Ресейлік журналист Соловьев? Жоқ, мен эфирді көрмедім. Бұл танымал шоу ма? Шынымды айтсам, мұндай журналисті танымаймын», – деп жауап берген ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев та сын астында қалған.
Әр хабарында Украина мен Орта Азия елдеріне көз алартпастан өте алмайтын Соловьевті Киевтің сотқа беруі – әділдік ұғымына жарқын мысал болғаны анық.