Әлем ақпарат кеңістігінде билікке қарсы наразылық шерулер туралы ақпарат көбейгені белгілі. Биыл Испания, Чехия, Алжир, Ирак, Судан Чилиді қамтыған көптеген елде үкіметке қарсы наразылық акциялары өтті. Ал, Гонконгта жаз бойы миллиондаған адамның шеруге шыққаны мәлім. Бір ғана қазан айының өзінде бірнеше жүз мыңдаған адамның қатысуымен наразылық шерулер болды. Биылғы жыл елімізде де билікке наразы көңіл күйдің күшейе түскенін байқау қиын емес.
Назар аударарлық бір жағдай – ұқсамаған мемлекеттер, тіпті алыс құрлықтарда болғанына қарамастан наразылық шерулерінің талаптары мен сипаты бірдей. Бәрінде де билеуші элитаға деген наразылық, көңіл толмаушылық, жемқорлыққа батқан үкіметтерді айыптау сынды ортақ ұрандары бар. Ал, кейбір елдерде зат бағасының қымбаттауына және жаңа салық шараларына қарсы ереуілдер болды.
Айталық, Ливанда әлеуметтік желіге байланысты жаңа салық мыңдаған адамды көшеге шығарды. Үкімет алғашқы ұсыныстан бас тартса да ереуіл жалғасты. Себебі, бұл елдегі қайшылықты проблема тек жаңа салық шарттары ғана емес еді. Электр энергиясы, таза су мәселесі, сыбайлас жемқорлық секілді ел наразылығын күшейткен мәселелер өте көп.
Эквадорда да осыған ұқсас наразылық болып, ереуілші топ жолдарды жауып, Парламент ғимаратына шабуыл жасады. Шерушілер мен полиция арасында қақтығыстар болғаны да айтылды. Үкімет жаңа шешім шығарды, бірақ наразылық жалғаса берді.
Чилидегі наразылық қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысының жоғарылауына байланысты болды. Бұнда да үкіметтің жаңа шешімінен кейін де наразылық шарасы жалғаса берді.
Ирактағы ауқымды наразылық жүрістері кезінде 160-қа жуық адам қаза тапты. Ел азаматтары жұмыссыздық пен үкіметтің дәрменсіздігін айыптап көшеге шыққан болатын. Олар Адил Абдул-Махдинның билігін жемқорлықпен айыптады.
Қыркүйекте Мысырда әскери төңкеріс арқылы билік құрған президент Абдел Фаттах ас-Сисиниді жемқорлықпен айыптаған наразылықтар болды.
Бұлардан тыс Үндістан, Аустралия, Британия, АҚШ-ты қамтыған әлемнің 60 ірі қаласында миллиондаған адамның қатысуымен климат өзгерісіне қарсы наразылық шаралары да болды.
Халықаралық сарапшылар биылғы әлем елдеріндегі халықтың наразы көңіл күйін тарихтың қайталануы ретінде бағалап жатыр. Әлемдегі бұл үрдіс үкіметтердің, билеуші топтардың дағдарысы десе де болады. Әлем жақсылыққа қарай жаңаруды күтіп тұрғандай. Айта кетейік, талай реткі әлемдік өзгерістер мен ғаламдық дағдарыстар алдында да жаппай наразылық шаралары көбейген. Зерттеушілер биылғы жылды «1968 жыл қайталанып жатқандай» деп суреттейді. Тарихтағы осы жалда да әлемде билікке қарсылық көп болған екен. Бұл жағдай үкіметтерге дабыл қағып жатқандай.