Бүгін белгілі журналист, белсенді Жанболат Мамай, құқық қорғаушы, тәуелсіз журналист Сергей Дуванов пен Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы, саясаткер Төлеген Жүкеевтер Алматыдағы Адам құқығы бойынша халықаралық бюроның ғимаратында өткен баспасөз жиынында Қазақстанда жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді.
ХХ ғасырдың басындағы жасанды жолмен болған ашаршылық туралы бес бөлімді «Зұлмат» және «Сталин қылмысы: Ұлт зиялыларын қалай қуғындап, түбіне жетті» атты деректі фильмдердің авторы, істі болған қоғам белсендісі ретінде танылған Жанболат Мамай әр кез қоғамдағы маңызды оқиғалар мен құбылыстарға өз пікірін ашық білдіріп, үн қосып келеді.
Мамай 28 жасында, «Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы қызметінде жүрген кезінде «Мұхтар Әблязовтің ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты» деген айыппен «саяси астары бары айқын» сотқа тартылып, жеті айдан кейін, 2017 жылдың 7 қыркүйегінде сот үкімімен бостандығы үш жылға шектеліп, босап шыққан болатын. Баспасөз жиынында Жанболат Мамай:
– Біз Қазақстанда жаңа саяси, демократиялық партия құратымызды мәлімдегіміз келеді. Біз бұл мәселені кеше немесе бүгін ғана көтерген жоқпыз. Бұл ой бізде бұрыннан бар болды. Біздің басты мақсатымыз - саяси реформа жүргізу. Саяси тұтқындарды босатуға қол жеткізу. Арон Арынбек, Мұхтар Жәкішев сияқты саяси тұтқындардың босатылып, мемлекеттің оларға өтемақы төлегенін қалаймыз. Сондай-ақ, Қазақстанда митингіге заңсыз шықты деп белсенділер мен азаматтарды 15 тәулікке қамау жағдайын өзгерткіміз келеді. Біз Әділет министрлігіне өтініш тастап, бәрін заңды түрде жасаймыз, – деді.
Жиында журналистердің «Қосанов секілді лақтырып кетпейсіздер ме?» деген сұрағына «ондайлар арамызда жоқ» деп жауап берді партия құрушылардың бірі қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев.
Қазақстанның Ирандағы елшісі қызметін атқарған оппозициядағы саясаткер Жүкеев «Жоқ олай болмайды. Алдарыңызда отырған адамдар өздеріне жауап бере алатын азаматтар. Біз Қосанов сияқты емеспіз. Біздің арамызда Қосанов сияқтыларға орын жоқ. Біз бұны өз ісімізбен дәлелдейміз. Жанболат Мамай, Сейгей Дуванов бұны дәлелдей алады. Олар соңына дейін барады. Біз бізді сатып кеткен адамдардың жолымен жүрмейміз. Біз өз қатарымызға әрқашан соңына дейін күресетін, қайтпайтын қайсар, өз дегеніне жететін азаматтарды қосқымыз келеді. Бүгін-ертең партия құратынымыз мәлім. Ертерек қолға алып, бұл жұмысты аяқтауымыз керек. Бұл шаруаны атқаруда жастардың қосар үлесі зор болуы керек. Сонда ғана біз саясаттағы заңдарды өзгерте аламыз», – деп таратып берді.
«Журналистік кәсібіне тыйым салынса да, қоғамдық қызметпен айналыса беретінін» айтқан жас саясаткер биылғы саяси өңі қалың өзгерістер барысында азаматтық қоғам өкілі ретінде көріне білді.
Сондай-ақ, Жанболат Мамай «демократиялық қоғамды аңсайтын саяси күштерді бірігуге» шақырды. Ол «тәуелсіз, өз пікірін ашық айта алатын» және «Қазақстандағы шын өзгерістерді қалайтын азаматтарды» қатарға қосылуға үндеді.
Ең басты мәселеге қатысты Жанболат Мамай «Қазақстанның демократиялық партиясын» Жүкеев пен Дуванов үшеуі бірігіп қаржыландыруға тырысатындарын және өздерінің негізгі күшін әлеуметтік желіге салып, сол арқылы жақтастарын іздейтінін айтты.
«Біз заңды түрде тіркеуден өтетін боламыз. Барлық әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істейміз. Алдағы уақытта қызу шаруалар жүретін болады. Штабымызды құрамыз, адамдар жинаймыз. Өз офисіміз болады. Сол жерде кез-келген адамды қабылдаймыз. Әр істе белсенділік танытатын боламыз», – дейді жаңа партияның жаңа көсемі.
Олар барлық тәуекелге дайын екендігін айтады. Жақын арада әлеуметтік желіде партия жарлығы жарық көрмек.