Жуырда М. Тазабековтың әлеуметтік желіге тараған «саяси үгіт-насихаты» қоғам наразылығын тудырғаны есімізде. Белгілі тұлғалардан бастап қарапайым жұртқа дейін теріс реакция танытты. Алты айда 8000-нан астам азаматпен кездесу өткізген («ÁLI stýdıasy» ұсынған дерек бойынша) Тазабековтың резонанстық мәлімдемесі өзге платформалардан бөлек, бір youtube желісінде-ақ 200 мыңнан аса қаралған. Көпшілік айтып жүргендей «діннің билікке араласуына» қатысты белгілі теолог Досай Кенжетай мен саясаткер Дос Көшімнің пікірін біліп, бірқатар ерекше деректерге ой жүгіртіп, сараптап көрдік.

 «Елдің саяси сауаты күшейген тұста  мұндай көзқарастың тууы заңды емес пе?» деген сауалымызға теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай өз пікірін білдірді.

Белгілі дінтанушы Досай Кенжетай. Фото: ашық дереккөз

Ол:

– Елдің алаңға шығып «мәселемді шешіп аламын» дейтін түсінікке мен де қарсымын. Біздегі қазіргі саяси ахуал деңгейі де, дәрежесі де ондай акцияны көтере алмайды. Себебі демократиялық құқықтық сана сол баяғы кеңестік шекпеннен әлі шыққан жоқ. Сосын алаңға шыққандардың да талабы, саяси сауаты жетісіп тұрған жоқ. Бірақ енді осындай акцияларды дін өкілдері арқылы басамын деу барып тұрған саяси тоқырау. Оны кешегі Арыс оқиғасынан да көрдік. «Қашан кетер біздің елден балалық», – дейді.

Сонымен қатар дінтанушы ғалым «қоғамдағы болып жатқан дүмпу негізінен әлеуметтік және құқықтық сипатта» екенін айтады. Оның ойынша «бұған тиісті ведомстсво жауап берсе құба-құп. Зайырлылық ұстанымы бойынша бұған діни уағыз-насихат айтқызып ақтау не қаралау мемлекеттің зайырлы ұстанымына қайшы», «тіпті ұят».

Экс-президент Н.Назарбаев айыптап, теріске шығарған радикалды-деструктивті діни ағымдардың Қазақстандағы ең үлкен бөлігі салафизм, тағы бір аты уаһабизмге заңдық тұрғыда кесімді түрде түпкілікті тыйым салынбауының сыры белгісіз. Бірер жыл бұрын ораза қарсаңында Алматы мен Ақтөбеде орын алған террорлық актілер шектеу шешімін шығаруға аздық етті ме, әлде кейбір сарапшылар айтып жүргендей биліктің жоғарғы жағында мүдделі тұлғалардың болуынан ба, әйтеуір анық ресми ақпарат жоққа тән. Бұл жайында теолог Досай Кенжетай «негізі билік пен дін әбден саясиланған» дейді. Сарапшы теологтың пікірінше «елде уахабизмге тыйым салу мәселесі Ақтөбе оқиғасынан кейін қолға алынды». Бірақ «Заңға өзгеріс енгіземін деген Н.Ермекбаев та мойны салбырап мәжілістен өте алмады.  Саяси дін мен дін саясаты айқасында діни саясаттың үні шықпай жатыр. Бұл дегеніңіз ҚМДБ билік пен уахабизм алдында ноқталы бота сияқты. Бұл деген билікте уахабизмді қолдайтын содан саяси эффектіден дәмелі жоба бар деген сөз. Министрліктегі уахабизмге қарсы уәж айтатын мамандар қысым көріп коррупционер ретінде айдар тағуда. Негізі мүдделі топтың шаблоны анық көріне бастады. Билікте осындай тұлғалар да, топтар да жоба да бар екендігі айсберг сияқты су бетіне шығып келеді...» дейді. Сөз соңында теолог бұл туралы «арнайы зерттеуім аяқталып қалды. Сол материалда толық кім кімдер екенін елге жариялайтын боламын» деп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Діни белсенді М.Тазабековтің күштік құрылымдарға қарата азаматтық қоғамның құқықтық кепілдігі «шеру – біздің менталитетке шетін» деуіне қатысты саясаткер, тәуелсіз сарапшы Дос Көшімнің де көзқарасын сұрастырып біліп едік. «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі, ұлт жанашыры:

– Діни бағыттағы, діни ағарту бағытындағы адамның күйкі саясатқа, мемлекеттің міндетіне, адам құқығы арқылы анықталатын мәселеге араласқаны – оларды да, дінді де ыңғайсыз жағдайға қалдырады деп білемін, – десе, «Асыл арна» басшысының  полицейлерді наразыларға «айдап салу» «өсиетіне» байланысты ол әуелі гумандық құндылықтарды бірінші орынға қою қажеттігін айтады.

Ұлт жанашыры, саясаткер Досмағамбет Көшім. Фото: ашық дереккөз

Рухани дүниенің, кез келген діннің басты бағыты – мейірбандық пен аяушылық екенін айтқан сарапшы:

– «Приказбен келдіңіз бе, мемлекет үшін шаруаңызды жасаңыз!» деген сөз де, құдай деген адамның аузынан шығатын сөз емес. Бұйрықты көзсіз тыңдау – соғыс кезінде болатын жағдай шығар, ал бейбіт заманда басшының берген бұйрығы адам құқығына қарсы болса, оны тыңдамауға, ол бұйрыққа бағынбауға болады. Бұл – барлық өркениетті елдерде, оның ішінде, ұмытпасам, («Шаңырақ шайқасындағы» сотта осы мәселе жан-жақты талқыланған–Д.Көшім) біздің елде де бар заң, – деп ойын толықтырды. Ол әңгіме барысында «Шынымды айтсам, бұл кісіден осындай сөздерді ешқашан күткем жоқ» деген ішкі таңданысын білдірді.

Дос Көшім мұны «ұлтымыздың рухани азғындауының көрінісі болар» деп бағалайды. Орын алып жатқан оқиғаларды байыппен бақылап отырған саясаткер ретінде ол ойының тоқетерін «Өткен сайлауда, әлі үміткерлердің тұғырнамалары жарыққа шықпай жатып, «айтыскер ақындар» тобы мен «жазушылар одағы» Қ.Тоқаев мырзаны жақтайтындарын (тұғырнамаларды талдап, салыстырмай жатып, «қол көтеруге» қарағанда Қасым-Жомарт ағамыз да талай айтыста жеңіп шыққанға ұқсайды –Д.Көшім) жариялап, ыңғайсыз жағдайға қалса, енді дін саласындағы адамның Батыраш рөліне түсуі – мені осындай ойға алып келеді», – деп түйіндеді.

Былай қарағанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне «ментор» я «лектор» деңгейінде дәрістік форматында ақыл-кеңесінен аянып қалмаған Мұхамеджан Тазабеков сарапшылар жиі айтатын биліктің азаматтық қоғам мен тыйым салынған ҚДТ мүшелерінің ара-жігін ажыратпай, жаппай ұстау-жазалау әрекетінде көрінді. Ел ішіндегі қайсыбір мәселелерге  көңілі толмайтын азаматтық белсенді топтың уәж-үніне құлақ түрместен, олардан лезде «арандатушы», «жансыз» жасау кеңестік НКВД немесе тираниялық әдіс екенін ескергісі келмейтіндей. Тазабековтың атышулы «полициялық лекциясы» қоғамда қызу талқыланып жатыр. «ÁLI stýdıasy» деп аталатын youtube видеохостинг арнасында 2 қазанда жарияланған бейнематериалды «мінсіз монтаждалғанын» айтып ақталған Тазабековтың сөзінше шын сөздері «кесілген».

Бір қызығы, Сарыағаш медресесінің уағыздарын жиі жариялап отыратын арнада видеоға оның ақталу жазбасы қойылған. Әрі мұны монтаждап жариялаушы Тазабековпен сыйлас, ортақ жиындарда жұбы жазылмайтын Абдуғаппар Сманов басқаратын Сарыағаш медресесінің арнасы. Ал Тазабеков пен күштік құрылымдардың кездесуін ұйымдастырушы биліктің өзі екені анық, бұған кездесудің бейне түсірілімінің өзі айғақ болатындай.

«ÁLI stýdıasy»-ның видеода көрсеткен мәліметтеріне қарағанда,  «Асыл арна» діни арнасына келгелі айтыс өнерінен алыстаған М.Тазабековтың «19 наурыз 2019 жылдан бері өткізілген кездесулер анықтамасында» жиынға қатысушылардың саны нақты көрсетілген. Биыл наурыздың өзінде Павлодардың 1500 тұрғынымен, Түркістан облысына қарасты Ақсукент қаласының 500 тұрғынымен,  Шымкенттегі 150 ақын-асабалармен, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында 350 адаммен, ал сәуірде Алматы облысына қарайтын Ұзынағаш ауылының 500 тұрғынымен, Жаркент қаласының 700 тұрғынымен ауқымды кездесулер өткізген. Мамыр айында Алматыда орналасқан ұлттық деңгейдегі ЖОО бірі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да 650 адаммен, маусымда мегаполистің 500 кісіден құралған белсенділер тобымен жүздескен. Тамызда ел астанасында мамандандырылған «Күзет» басқармасының қызметкерлерімен және алматылық тұрғындармен кездескен деседі. Қыркүйекте мемлекеттік мекемелер Тазабековтың қатысуымен 1200 оралдық пен 2000 шымкенттікке арнайы жиын өткізген.

Ал, естеріңізде болса, қыркүйектің 25-сі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясының жалпы дебатында:

– Менің ұстанымым«әртүрлі пікірлер – бірақ біртұтас ұлт» ұғымына негізделген. Пікір алмасу мен диалог арқылы біз алға жылжуымыз керек. Барлық салада заңдылықты және азаматтардың күнделікті өмірін сақтау үшін құқық қорғау органдары мен соттарды үлкен өзгерістер күтіп тұр, – деген болатын.

25 қыркүйек ел президенті Қ.Тоқаев БҰҰ-ның 74-сессиясында арнайы мінберде сөз сөйледі. 25 қыркүйек 2019 жыл. Нью-Йорк, АҚШ. Фото: Ақорда

Президенттің «Егер терең саяси өзгерістер болмаса, Қазақстан сәтті әлеуметтік-экономикалық дамудың үлгісі бола алмайды. Қазақстандағы демократия әлі де жалғасатын жұмыс...Біз үнемі демократияны жетілдіруге, жағымды жақтарын дамытуға және жағымсыз тәжірибелерден үйренуге тырысамыз» дегені рас болса, сарапшылар айтқандай билік мемлекет ісіне дінді араластырмағаны абзал. Әйтпегенде, мұндай «ортағасырлық шіркеу» үлгісі құқықтық тұрғыда жетіліп, жаңаруға ұмтылған қазақстандық қоғамның сенім кредитін саяси дағдарысқа ұшыратуы әбден мүмкін.

"The Qazaq Times"