Халықаралық Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау ұйымы қыркүйек айындағы ұстаулар мен тұтқындауларды  сынап, президент Тоқаевтың «саяси реформалар жүргізу жайлы» сайлау кезіндегі уәдесін  еске салып, реформа жасауға шақырды.

Ұйым мәлімдемесінде маусымда билікке келген Қазақстан президенті Тоқаев елдегі «саяси реформаларды жеделдетуге және адам құқықтарын жақсартуға ниет білдірді» деп бағаланғанымен, жалғасында «алайда, демалыс күндері бейбіт демонстранттардың жаппай ұсталуы және оның алдындағы кеңмасштабты қамаулар Тоқаевтың реформалық ұмтылысына нұқсан келтіреді» деп көрсетілген.

Билік экстермистік ұйым ретінде таныған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» («ҚДТ», орысша кең атауы «ДВК) қозғалысының қуғындағы жетекшісі Мұхтар Әбілязов шақырған «митингі орындарында» 21 қыркүйекте ІІМ мәліметі бойынша 100 шақты азамат ұсталып, оның 15-і әкімшілік жазаға тартылған.

Болмаған жиынды тарату мақсатында полиция қызметкерлері азаматтарға (кейбірі өзінің жай өтіп бара жатқанын айтады) дөрекі түрде асыра күш көрсеткені хабарланды.

Сондай фактілердің айғағы ретінде мәлімдемеде «Бір ер адамды полицияның жұлқып ұстағаны сонша оны арнайы көлікке салып жатқан кезде протезді аяғы шешіліп кеткен» делінген.

Қазақстанның «Бейбіт жиын өткізу» туралы заң-ережелеріне шолу жасаған HRW бейбіт жиын өткізудің машақатты екенін, азаматтардың өтінішіне жергілікті билік «көбіне рұқсат бермейтініне» назар аударады. Ұйым маусымның 9-ындағы президент сайлауы және одан кейінгі күндері «рұқсат етілмеген митингіге» кем дегенде 4 мың адам шығып, жүздеген адамның әкімшілік жазаға тартылғанын сынға алып, еске салады. Сонымен қатар үндеу мәтінде Тоқаевтың «маусымда наразылық туралы заңға реформа жасауға уәде бергенін» және «қыркүйектегі өзінің алғашқы халыққа жолдауында реформаны қолдайтынын тағы да растауына» ерекше мән берілген.

Сондай-ақ әлемдік ұйым мәлімдемесінде «билік конституциялық реформалар үшін тамыз айындағы шеруге және ай басындағы «Қытай экспансияына» қарсы наразылықтарға қатысушыларды ұстамағанын», бірақ «екі аптадан соң  21-інің қарсаңында «қытайлық 55 жобаға» байланысты қарсылық акцияларда көзге түскен 36 белсендіні әкімшілік жазаға тартылғаны» жазылған.

40 жылдан астам 100 шақты елде жұмыс жасайтын Адам құқықтарын қорғау ұйымы:

– Бұрынғы Назарбаев 30 жыл басқарған елде  Тоқаев өзгерісті талап етуге хақылы. Бірақ оның реформалық үндеуіне қарамастан, Қазақстандағы шындық бұрынғыша өзгеріссіз қалуда. ...Егер Тоқаев Қазақстанның адам құқығы тәжірибесін шын мәнінде өзгерткісі келсе, бейбіт жиын өткізу туралы заңын реформалап, бейбіт шерушілерді қамауды тоқтатуы тиіс. Ірі уәде мен риторика жеткіліксіз», – дейді.

Бұған дейін әртүрлі бағыттағы халықаралық ұйымдар Қазақстанда бейбіт жиналу құқығы жиі бұзылатынын әрі саяси тұтқындардың барын талай мәрте ескертіп, астаналық кеңсені  халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындауға шақырған.

"The Qazaq Times"