Енді АҚШ адам құқықтары өрескел бұзылатын мемлекеттерге жиі санкция енгізіп, жауапқа тартпақ. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен ұсынған баяндамада Қазақстан билігі оппозиция мен азаматтық белсенділерді қудалап, сөз бостандығына шектеу қоятын мемлекет ретінде айтылады.

Мемлекеттік департаментте әлемдегі адам құқықтарының сақталуы тақырыбында өткен жиында Блинкен:

«Президент Джо Байден адам құқықтары мәселесін Американың сыртқы саясатының негізгі тақырыбы етуге дайын. Мен және барлық мемлекеттік департамент бұл міндеттемені өте маңызды деп санаймыз. Біз дипломатияның барлық құралдарын адам құқықтарын қорғау және олардың бұзылуына кінәлілерді жауапқа тарту үшін қолданамыз. АҚШ әкімшілігі адам құқықтарының бұзылуына қарсы», – деді.

Блинкен Қытай, Ресей, Беларусь, Уганда, Венесуэла, Эфиопияның Тиграй штаты, Сирия, Мьянмадағы ахуалға тоқталып өтті. Сонымен қатар, Қазақстанға да жеке тоқталып өткен.

Баяндамада Қазақстандағы саяси жүйе авторитарлы екені айылған. Сондай-ақ мұнда адам құқықтары саласындағы маңызды проблемалар ретінде: Үкімет тарапынан саяси қысым көрсету; сот жүйесінің тәуелсіздігіне байланысты проблемалар; пікір білдіру, баспасөз және интернет бостандығын шектеу; бейбіт жиналыстар мен қауымдастықтар бостандығына араласу; саяси өмірге қатысуды шектеу; сыбайлас жемқорлық; адам саудасы және еңбекшілер қауымдастықтарының бостандығын шектеу аталған.

АҚШ Мемлекеттік департаменті жыл сайын әлемде адам құқықтары туралы баяндама жариялайды. Оппозиция өкілдері мен тілшілерді қудалау жиі ұшырасатын мемлекеттер тізімінде Ресей мен Қытай көш бастап иұр. Сейсенбіде жарияланған есепте Мемлекеттік департамент Ресей мен Қытайды, Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуын кезекті мәрте сынға алды.

11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы туралы қарар қабылдаған. Онда Қазақстандағы адам құқығы бұзылуының жиілегені, азаматтық белсенділердің биліктен қысым көретіні, кейбірінің қудалау кезінде қайтыс болып жатқаны, сайлаулардың әділ өтпейтіні, азаматтық қоғам аясының тарылғаны айтылады. Қарар адам құқығының бұзылуына жауапты Қазақстан шенеуніктері мен мекемелеріне санкция салуды қарастыруға шақырады.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жай-күйіне арналған 2021 жылғы есебінде «Қазақстан президенті Тоқаев реформа жайлы уәделер бергенімен, 2020 жылы елде адам құқығы жақсарған жоқ» деп мәлімдеген.

Өзге де халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Қазақстан астанасын халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындап, адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды сақтауға, оппозиция мен азаматтық белсенділерді қудалауды доғаруға үнемі шақырып келеді. Қазақстан билігі елде адам құқықтары сақталып отыр деп мәлімдейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы маусымдағы сайлаудан кейін президент болды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының бақылау миссиясының мәліметтері бойынша, сайлау күні дауыс санын бұрмалау; жиналыстар, пікірлер мен қауымдастықтар бостандығын шектеу және тұтастай алғанда демократиялық стандарттарға қайшы әрекет ету сияқты құқықбұзушылықтар анықталды. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мемлекеттік функциялар бойынша өмір бойы заңдық өкілеттіктерге ие. Атқарушы билік заң шығарушы және сот билігін, сондай-ақ аймақтық және жергілікті билік органдарын басқарады. Конституцияға енгізілетін өзгерістер немесе түзетулер президенттің келісімін талап етеді.

Назарбаев биліктен кетсе де, Қазақстанда «қос билік» феноменінің белең алғаны жиі айтылады. 2019 жылы Ұлыбританияның халықаралық қатынастар бойынша беделді сараптама орталығы Қазақстандағы билік транзиті жөнінде зерттеу жариялап, іс жүзінде Тоқаев президент ретінде алдыңғы президент қалыптастырған жүйедегі қос биліктің жартысы саналатынын айтты.

Зерттеуге қатысқан сарапшылардың пікірінше, «Бұрынғы кеңес республикаларының ешқайсысы әлі басынан өткермеген мұндай ұрпақаралық транзиттің қаупі көп. 1991 жылғы тәуелсіздіктен бұрынғы уақыттан бері елде үстемдік етіп келген өз дәстүрін сақтап қалумен қоса, Назарбаев Қазақстанның өзі бастап берген бағыттан бұрылмай, күшейіп келе жатқан көптеген ішкі және сыртқы сын-қатерлер контексінде режимнің тұрақтылығын сақтап қалғанын қалайды».

Сондай-ақ, ең үлкен ішкі қатер – елді басқару мәселесі. Назарбаев билігі тұсында біршама экономикалық жетістікке қол жеткенімен, саяси реформалар едәуір артта қалды. Әсіресе тәуелсіз сот жүйесін, лайықты бақылау билігі бар парламентті қалыптастыру және биліктің өзі құрметпен қарайтын конституцияны әзірлеу бойынша реформа жүрмеді. Оның орнына «Назарбаев өз өкілетін ұзартып, билігін нығайту үшін конституцияға жиі өзгеріс енгізді, сөйтіп жабық, бейресми саяси жүйе тұрақтады. Бұл институттық басқаруды, жалпы алғанда елдің дамуын тежеді» деп санайды сарапшылар.

"The Qazaq Times"