АҚШ Польшаға қосымша бір мың сарбаз жіберетін болды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп 23 қыркүйек күні Нью-Йоркте Польша президенті Анджей Дудамен кездесуде мәлімдеді.
Екі елдің президенттері қол қойған қорғаныс саласындағы әріптестікті кеңейту туралы декларацияға сәйкес, АҚШ Польшаға қосымша тағы бір мың сарбазын жібермек. Трамптың сөзінше, қосымша әскер Еуропадағы басқа елдердегі АҚШ базаларынан баруы мүмкін. Польша оларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді өз міндетіне алған. Бірақ жаңа әскери база салынбайды деп хабарланды. Бұған дейін Дуда Польшада әскери база ашу және оны "Трамп форты" деп атау туралы ұсыныс жасаған.
Қазір Польшада төрт мыңға жуық АҚШ сарбазы бар. «АҚШ-тың Польшадағы әскер санын көбейтуі Ресей тарапынан төнетін қауіпке байланысты ма?» деген сұраққа Трамп "жоқ" деп жауап берген.
Бұл күндері Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясы өтіп жатыр. АҚШ президенті осы жиынға келген бірқатар шетелдік мемлекет басшыларымен кездескен. Бас ассамблея сессиясына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та барған.