Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ қаласы Нью-Йоркке сапарлап барды. Ол БҰҰ Бас ассамблеясының 74-ші сессиясына қатысады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.
Мәліметтер бойынша, Қазақстан президенті БҰҰ бас ассамблеясының «Кедейлікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерді ілгерілету үшін көпжақты күш-жігерді шоғырландыру» тақырыбымен өтетін жалпы пікірсайысында баяндама жасайды.
Сапар барысында Қ.Тоқаев БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, бірқатар мемлекет және Үкімет басшыларымен, халықаралық ұйым жетекшілерімен, америкалық бизнес, трансұлттық компания өкілдерімен, АҚШ-тың саяси әрі сарапшы топ мүшелерімен кездесуі жоспарланған. Президент сөзінде: «Біз Америка Құрама Штаттарымен тығыз әріптестік байланыс орнаттық және сыртқы саясаттағы көптеген маңызды мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Болашақта да солай болады. Қазақстан соңғы үш онжылдықтың бедерінде сәтті жүзеге асырып келе жатқан тәуелсіз, көпжақты және сындарлы сыртқы саясатын менің басшылығыммен де жалғастыра береді», – деді.
Биыл 114 мемлекет көшбасшылары мен 80-нен астам елдің сыртқы істер министрлері 24-30 қыркүйек арасында БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші саммитіне қатысып, жаһандық мәселелерді талқыға салмақ. Тақырыптар ғаламдық мәселелердің барлық спектрі қарастырылатын 170-тен астам мәселелерді қамтиды: аймақтық қақтығыстардан бастап, қазіргі экономикалық, экологиялық және гуманитарлық мәселелерге дейін.
Айта кетейік, Құрама Штаттарына ресми сапармен қаңтарда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев барған болған. Ол сапарында Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесу ұйымдастырған. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті ретінде АҚШ-қа алғаш рет сапармен барды. Ол бұрын БҰҰ бас хатшысының орынбасары болып істеген.