Қыркүйектің 20-сына қараған түні баспана мен жәрдемақы мәселесін көтерген 20-дан астам әйел астанадағы Министрліктер үйінің алдына түнеген. Наразылық әлі жалғасып жатыр.

Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, олар кешелі бері Ақорда маңына жиналып, әлеуметтік мәселелерінің шешілуін сұраған.Наразылық білдіруші әйелдердің басты талабы – алғашқы жарнасыз төмен пайызбен баспана алу, кәмелетке толмаған әрбір балаға жәрдемақы төлеу. Кеше "Байбек", "Елбасы" деп ұрандасқан наразы әйелдер Министрліктер үйін бойлап жүріп өткен.

11°-13° температурасында түнеген көпбалалы әйелдердің айтуына қарағанда, оларды түні бойы арнайы құқық қорғау органдарының жасағы күзеткен. Наразылардың бірі, жеті баланың анасы Жанар Баймұхаметова кешеден бері билікке талап айтып, көшеде жүргенін, "бірде-бір депутаттың мұң-мұқтажын тыңдауға шықпағанын" айтады.

Жеті баласы бар Жанар Баймұхаметова. Елорда. 20 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Азаттық/Ө.Жоямерген

"Мына үкімет бізді "бомж" құрлы көрмеді. Бір рет те келіп "не үшін отырсыңдар?", "қандай мұң-мұқтаждарың бар?" деп бір адам сұраған жоқ. Сенесіздер ме? Көп балалы аналардың бәрі министрлік алдында қондық", – дейді көпбалалы Баймұхаметова.

"2002 жылдан бері баспана кезегінде тұрғанмын, бірақ үш рет кезектен шығарып тастады. 2000-жылдардың басында "оралман мәртебесіне байланысты" мені кезектен алып тастаса, одан кейінгі жылдары "балаларының кәмелетке толып кеткен деп айтты. Биыл қайта кезекке тұрғызып, 3034-ші қылып тізімнің ең соңына тіркеді", – деді ашынған ана.

Ұлттық экономика министрлігінің алдында түнеп шыққан әйелдердің бірі Кенжегүл Досмайылқызы:

Наразы аналардың бірі Кенжегүл Досмайылқызы. Елорда. 20 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Азаттық/Ө.Жоямерген

"Кеше түнде Youtube-тан біздің отырғанымызды көріп, қарапайым азаматтар ыстық тамақ әкеп беріп еді, соны "сендерге ДВК әкеп жатыр, "тамақты алмаңдар" деп мұндағы полиция қызметкерлері өзімізге қыспақ көрсетті. СОБР-ы бар, полицейлері бар бізді қылмыскерлер сияқты күзетіп тұрды. Қайда бармасаң да күзет. Ақордаға бізді бір қадам жақындатпайды", – деп шағынған Азаттыққа.

Бүгін таңертең оқиға орнына қала әкімдігінің өкілі Бақтияр Мәкенұлы келіп, тұрғын үйдің берілу ережесін түсіндіруге тырысты:

"Бұл кісілердің көбін қабылдағанбыз. Көбіне мемлекет тарабынан үлкен көмек берілді. Әрине, баспана мәселесі бар. Бұл жерде тәртіп бар. 11 мың адам баспана (қала бойынша 47 мың адам – Азаттық) кезегінде тұр. Кейбірінің кезегі де келіп қалды. 407, 306 сияқты. Егер кезексіз берсек, заңды бұзамыз. Сондықтан бұларға заң бойынша аласыздар деп түсіндіріп айттық", - деді ол.

Астана әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы аналарға қала әкімімен кездесу үшін арнайы қабылдауға жазылу қажеттігін, сонда оларды қабылдайтынын айтты.

Наразы әйелдер мен әкімдік өкілдері. Елорда. 20 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Азаттық/Ө.Жоямерген

 

"The Qazaq Times"