Қыркүйектің 20-сына қараған түні баспана мен жәрдемақы мәселесін көтерген 20-дан астам әйел астанадағы Министрліктер үйінің алдына түнеген. Наразылық әлі жалғасып жатыр.
Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, олар кешелі бері Ақорда маңына жиналып, әлеуметтік мәселелерінің шешілуін сұраған.Наразылық білдіруші әйелдердің басты талабы – алғашқы жарнасыз төмен пайызбен баспана алу, кәмелетке толмаған әрбір балаға жәрдемақы төлеу. Кеше "Байбек", "Елбасы" деп ұрандасқан наразы әйелдер Министрліктер үйін бойлап жүріп өткен.
11°-13° температурасында түнеген көпбалалы әйелдердің айтуына қарағанда, оларды түні бойы арнайы құқық қорғау органдарының жасағы күзеткен. Наразылардың бірі, жеті баланың анасы Жанар Баймұхаметова кешеден бері билікке талап айтып, көшеде жүргенін, "бірде-бір депутаттың мұң-мұқтажын тыңдауға шықпағанын" айтады.
"Мына үкімет бізді "бомж" құрлы көрмеді. Бір рет те келіп "не үшін отырсыңдар?", "қандай мұң-мұқтаждарың бар?" деп бір адам сұраған жоқ. Сенесіздер ме? Көп балалы аналардың бәрі министрлік алдында қондық", – дейді көпбалалы Баймұхаметова.
"2002 жылдан бері баспана кезегінде тұрғанмын, бірақ үш рет кезектен шығарып тастады. 2000-жылдардың басында "оралман мәртебесіне байланысты" мені кезектен алып тастаса, одан кейінгі жылдары "балаларының кәмелетке толып кеткен деп айтты. Биыл қайта кезекке тұрғызып, 3034-ші қылып тізімнің ең соңына тіркеді", – деді ашынған ана.
Ұлттық экономика министрлігінің алдында түнеп шыққан әйелдердің бірі Кенжегүл Досмайылқызы:
"Кеше түнде Youtube-тан біздің отырғанымызды көріп, қарапайым азаматтар ыстық тамақ әкеп беріп еді, соны "сендерге ДВК әкеп жатыр, "тамақты алмаңдар" деп мұндағы полиция қызметкерлері өзімізге қыспақ көрсетті. СОБР-ы бар, полицейлері бар бізді қылмыскерлер сияқты күзетіп тұрды. Қайда бармасаң да күзет. Ақордаға бізді бір қадам жақындатпайды", – деп шағынған Азаттыққа.
Бүгін таңертең оқиға орнына қала әкімдігінің өкілі Бақтияр Мәкенұлы келіп, тұрғын үйдің берілу ережесін түсіндіруге тырысты:
"Бұл кісілердің көбін қабылдағанбыз. Көбіне мемлекет тарабынан үлкен көмек берілді. Әрине, баспана мәселесі бар. Бұл жерде тәртіп бар. 11 мың адам баспана (қала бойынша 47 мың адам – Азаттық) кезегінде тұр. Кейбірінің кезегі де келіп қалды. 407, 306 сияқты. Егер кезексіз берсек, заңды бұзамыз. Сондықтан бұларға заң бойынша аласыздар деп түсіндіріп айттық", - деді ол.
Астана әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы аналарға қала әкімімен кездесу үшін арнайы қабылдауға жазылу қажеттігін, сонда оларды қабылдайтынын айтты.