Орта Шығыс деп аталатын (Батыста Таяу Шығыс) аймақ Евфрат пен Тигр өзендерінің, Иордан алқабын, Гибралтар жағалауларын, Парсы шығанағын, Араб түбегі мен Памирге дейінгі парсы әлемін қамтыған өңір. Бұл аймақ адамзат тарихынан бері өрт пен селді тең кешіп келе жатқан, дауы тынбаған, дауылы басылмаған мекен. Сондай-ақ, бұл маң бізге белгілі тарихтың ең түбіндегі ежелгі өркениеттер ошағының бірі. Қазіргі әлемге кең тараған семиттік діндер де осы өңірде пайда болған. Отырықшылық мәдениеттің алғаш өркен жайып, жайы келгенде гүлденіп, бір тұстарда өз қолымен, бір тұстары көшпелінің ат тұяғымен күйреп, қайта жаңарып, тарих сахнасынан бір құлап, бір шығып келген мәдениеттердің шұңғыл қазаны іспетті. Пайғамбарлардан тартып дуақан, құшынаштардың, сиқыршы, жадыгөйлердің де аңызы кернеген арап.

Қазір де Орта Шығыс әлемдегі ең даулы, қайшылығы көп геосаяси аймақ ретінде белгілі. Атап айтар болсақ, Израиль-Палестин қақтығыстары, араб пен еврей қайшылығы, Иерусалимге талас, сенімдер қайшылығы-дін қақтығысы, Ирак, Сүрия соғыстары, Парсы шығанағының бітпес дауы, бірнеше мемлекетті қамтыған күрд мәселесі, осыларға қосылған діни экстремизм, терроризм дүмпулері бар. Салмағы осылардың бірінен де кем емес, ең бір күрделі теке-тірес Сауд Арабиясы мен Иран қайшылығы.Орта Шығыстың түгесілмейтін қайшылығының түпкілікті себебі көзқарақты адамдарға түсінікті. Біз тұтас аймақтың геосаяси алауыздығының түпкі себебін қазбай-ақ, аймақтағы қуатты екі мемлекеттік арасындағы кереғар қайшылықтың себебіне талдау жасап көрелік.

Таяу Шығыстағы күрдтердің орналасуы. Фото; noravank.am-

Иран мен Сауд Арабиясы Орта Шығыстағы ең қуатты елдер ретінде өңірдегі үстемдікке, ырықтылыққа, бір сөзбен айтқан лидерлігіне таласып келеді. Сауд Арабия өзін исламның сүнит бағытының, тіпті ислам дінінің Араб түбегінде пайда болғаны себепті өзін тұтас ислам әлемнің лидері санайды. Ал, Иранда шиіттер үстемдік етеді. 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Иран Ислам Республикасы құрылып, өзінің теократиялық жүйесін аймаққа жаюға тырысты. Бұл діни көзқарастың қайшылығы екі елді от пен судай отаса алмайтын күйге келтірген. Екі мұсылман ел арасындағы қайшылық соңы он неше жыл ішінде тіпті асқынып кетті.

2003 жылға дейін Иранға қарсы сүниттік күштер басымдық танытып келген. Бұған Ирактың рөлі зор болды. Сол кездегі Ирак лидері сүнит өкілі Саддам Хуссейн АҚШ бастаған коалиция жағынан биліктен құлатылып, Иракта аласапыран басталғандықтан, Иранның ықпалына қарсы тұру қуатынан айырылды. Бұл дағы Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы теке-тірестің күшеюіне жағдай жасады.

«Араб көктемінде»

Екі ел өңірдегі ықпалын кеңейту үшін барлық өзгерістерді пайдалануға тырысты. Айталық, «Араб көктемі» кезінде араб елдеріндегі саяси тұрақсыздықтан пайдаланып, Иран мен Сауд Арабиясы аймақтағы өзінің қожалық орнын бекемдегісі келді. Екі елдің бұл құлшыныстары Сүрия, Йемен және Бахрейнде көбірек қақтығысып жатты. Осы таластардан кейін екі ел арасындағы байланыс мүлдем кері кетті.

Сүрияда

Жалпы жағдайды сараптай қарағанда, региондағы стратегиялық бәсекеде Иранның бәсі басым түсіп жатқанын байқау қиын емес. Бұған Сүрия соғысын мысал етуге болады. Сүрияда Башар Асад Иран мен Ресейдің қолдауында Сауд Арабиясы қолдаған оппозицияны жеңді. Анығын айтқанда жеңуге жақын қалды. Сауд Арабиясы болса Иранның артып келе жатқан ықпалын тоқтатуға бар күшін салып бағуда.

Йеменде

Сауд патшалығының тақ мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман Йемендегі Иран ықпалын ығыстырып шығару үшін әскери әрекетті қолданды. Бұл Сауд әулетінің мемлекеті үшін нәтижелі болған жоқ. Себебі, Иран қолдауындағы йемендік шиіттер Сауд Арабиясы бастаған коалициямен күні бүгінге дейін соғысуда. Бұл Сауд Арабиясын мол әскери және экономикалық шығынға батырды. Тіпті елдің ірі қалалары талай мәрте қауіпті әуе шабуылдарына тап болды.

Ливанда

Иран-Сауд Арабия арасындағы тартыс Ливанда да болып жатыр. Ливанда Иран қолдауындағы «Хезболла» тобы басты рөлде тұр. Олар елді қарулы күшпен бақылауына алғаны мәлім. Ал, кейбір сарапшылар Сауд билігі Ливандағы билікті өзгертуге талпынып жатқанын айтады.

Тараптардың қолдаушылары

Сауд әулеті көп жылдардан бері ағылшынмен ымыраласып, АҚШ-пен ынтымақтасқаны белгілі. АҚШ билігіне Дональд Трамп келгеннен бері Сауд Арабияны қолдау күшейді. Араб-еврей қайшылығына қарамастан Израиль да соңғы жылдары Сауд Арабиясын қолдап келеді. Себебі, Израиль Ираннан төнетін қауіптен алаңдаулы. Израиль мен Сауд Арабиясының ымыраласуы 2015 жылы Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату кезінде көбірек көрінді. Бұдан тыс Сауд Арабиясы бірқатар араб елдерін өзінің жақын одақтасы қатарында тартады. БАӘ, Куэит, Бахрейн, Мысыр және Иорданиялар осы қатарда.

Трамптың Сауд патшалығындағы сапары. Фото: Al Jazeera.

Ал, басым көпшілік Ресейді Иранның одақтасы қатарында атайды. Алайда, Ресей мүдделі кезеңдерде Иранға қолдау білдіріп келе жатқаны белгілі. Орта Шығыста Иранның одақтасы деп Сүрияны атауға болады. Саддам Хусейннің билігі құлатылғаннан кейін, халқының басым көбі шиіттер саналатын Ирак та Иран жағына қарай өтті. Бұлардан кейін Йемендегі ауқымды территорияны иелеп тұрған хусит күштері бар.

Орта Шығыста осыншама аласапыран тудырған екі мемлекет бір-біріміен бетпе-бет қару алып кездескен емес. Көбінде өңірдегі елдерді айдап салып келеді. Немесе екі елдің ойыны басқа бір елдердің сахнасында қойылып жатыр. Алайда, соңғы оқиғалар екі елдің қарулы қақтығыс ықтималдығын арттырды деп айтса болады. Айталық, Йемендегі хусит күштерінің Сауд Арабиясының мұнай нысандарына шабуыл жасауы. Бұл жерде Иран өз қолымен жасамаса да, осыған пара-пар жауап алады деп санайтындар көп. Себебі, Сауд Арабиясы шабуылдан кейін бірден АҚШ-пен хат-хабарын жиілетті.

Сөзді қысқартар болсақ, парсы мен араб арасындағы теке-тірес онсызда соғыс өрті басылмаған аймақтың көрігін тіпті де қыздырып отыр. Бірақ, еңбекқор парсылар мен қалталы арабтар арасындағы тартыс осы ғасырда ғана болып отырған жоқ.

“The Qazaq Times”