Бүгін елорданың Мәжіліс үйінде VI шақырылымдағы ҚР Парламентінің бесінші сессиясының ашылуына орай президент Тоқаевтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Жиында президент Қазақстан халқына Жолдау жасауда.
Жолдау Н.Назарбаевтың дәстүрлі коммуникациялық формасы. 9 сәуір Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде «Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. ...Біз Елбасының сара жолымен жүреміз» дегені бар. Кезекті жолдау – жаңа президенттің бұрынғы формадағы алғашқы мәлімдемесі. Расымен де сабақтастықты берік ұстанымы деп білетін екінші президент «Елбасының сара жолының» үлгісін танытып келеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тамыздың 10-ы Халыққа жолдау жариялайтыны туралы хабарлаған еді. Президент тіпті жолдауда көтерілетін мәселелердің шет жағасын айтып қалған. Саяси интригалық хабарламаға елеңдеп отырған ел қарасы қалың.
«2 қыркүйекке жоспарланған Халыққа Жолдауымда есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде Парламентке және Үкіметке тапсырмалар жүктеледі», – деп жазған еді Тоқаев Twitter парақшасында. 10 тамыз 2019 жыл.
Тоқаев өз Жолдауында «Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігі», оған «арнайы орын бөлінетінін» айтты. Сонымен қатар елд жаңа кезеңдегі дамытуда «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», – деді.
Жиында көптақырыпты Жолдаудың бір төбесі ретінде депутаттардың халыққа қарай бет бұрып, елдің түйткілді мәслелерін қозғай алмауына сын айтылды. «Біздің қоғамды мазалаған негізгі мәселелер көшелерде емес, азаматтық диалог аясында Парламентте шешілуі тиіс. Депутаттар өзінің заңды құқығын пайдаланып, Үкіметке өзекті мәселелер туралы сауал жолдап, одан нақты шараларды қабылдауды талап етуі керек», – деді президент Қазақстан халқына Жолдауында.
Естеріңізге сала кетейік, 1997 жылы 16 қазанда Н.Назарбаевтың ел миссиясын, ең маңызды 7 приоритет пен нақты 8 қадамды айқындаған алғашқы «Қазақстан халқына Жолдауы» тек орыс тілінде жасалған еді. Содан бері экс-президент Н.Назарбаев өз өкілеттілігі тұсында 24 рет Жолдау жасап, бірнеше ірі-ірі жобаларды жариялаған. Бір қызығы, бастапқы кезеңдерде 8 жолдау (8 жылда) символикалық мәнде күнтізбе бойынша айдың 16-сы жолданып жүрген.
Ал 20 наурыздан бастап ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялы түрде 13 мәрте мәлімдеме жасаған.