ҚР аумақтық құрылымы бойынша азаматтардың орташа жалақысы

Өңір

    Орташа жалақы,

2019 жыл І тоқсан (теңге)

Халық саны

1 шілде 2019 жыл

Атырау облысы

322 674 636 534 адам

Маңғыстау облысы

287 876

686 600 адам

Нұр-Сұлтан қ.

233 466

1 099 100 адам

Алматы қ.

205 343

1 874 000 адам

Батыс Қазақстан облысы

160 212

654 700 адам

Қарағанды облысы

157 338

1 378 100 адам

Ақтөбе облысы

156 927

875 200 адам

Павлодар облысы

145 845

753 300 адам

Қостанай облысы

144 777

870 675 адам

Шығыс Қазақстан облысы

144 156

1 376 900 адам

Қызылорда облысы

134 129

798 500 адам

Шымкент қ.

122 289

1 022 400 адам

Алматы облысы

121 179

2 047 100 адам

Солтүстік Қазақстан облысы

113 282

553 100 адам

Жамбыл облысы

112 275

1 128 500 адам

Ақмола облысы

112 200

739 027 адам

Түркістан облысы 108 970

1 992 800 адам

*ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті деректері бойынша дайындалды.

Шындықтан алыс экономикалық бағалаулар 

Биылғы маусым айындағы деректеріне сәйкес елдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің маңызды санатының бірі орташа айлық жалақы бағалау бойынша 177 963 теңгені құраған. Жыл басында күшіне енген ең төменгі жалақы көлемі 42 500 теңге шамасында межеленген болатын. «Жалақының ең төмен мөлшерін бекіту» туралы «ҚР-ның республикалық бюджет туралы жыл сайынғы заңында бекітілген айлық жалақының төмен мөлшері күн көріс азығынан төмен болмауы тиіс», – деп көрсетілген egov.kz ашық үкімет порталында. Ал, базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 29 698 теңге деп бағаланған. Тіпті осыдан 5 жыл бұрын ең төменгі күнкөріс мөлшері 19 966 теңге деп белгіленген еді. Бүгінде күнкөріс минимумы себетінің 40%-ы азық-түлік өнімдері болса, қалған 60%-ы халыққа қажетті тұрмыстық күнделікті тұтыну тауарларынан тұрады.

Осыны ескерген мамандар «ай сайын 29 мың теңгенің көлемінде ғана тамақтану мүмкін емес, сондықтан халықтың жайын ойласақ, күнкөріс себетін қайта қарап, оның ішіне коммуналдық төлемдер, телефон қызметі, дәрігерлік көмек, киім-кешек шығыны, қоғамдық көліктерге кететін шығын тағы басқа халықтың қажетін өтеуі тиіс қызметтер енгізілуі тиіс» дейді. «Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын есептеу ережесі» өз деңгейінде басшылыққа алынып, шынайы есептелсе, мұншалық парадокс болмас еді дейді белсенділер.

Көптеген сарапшылар Қазақстандағы өмір сүру стандарттарының шығындары мен жалақы арасындағы пропорциялық баланс бұзылған дейді. Нарықтық қоғамда  мәдениет министрі 980 мың теңге, ал диірменші мен еден жуушы 48 мың теңге жалақы алатын «қазақстандық» қатаң үлгісіне таңғалмаймыз. Бірақ, орташа жалақыны шырқап кеткен шенділердің ресми табысы мен артса көзге тамызардай етіп әзер өсетін, қымбатшылығымен еріп жүретін ел несібесін қосып, физикадағы орташа жылдамдықты анықтау формуласы арқылы есептеу – статистиканың «үшінші өтірікке» айналуына себеп болғандай. Статистика, әсіресе мемлекет жүргізетін қысапнаманың «гумандық» принципі қайда? Ат төбеліндей мемлекеттік қызметкерлер корпустарындағы шенділердің тәуір күйі елдің шынайы жағдайын жамап-жасқай алмайтыны анық. Пирамиданың іргетасына жіті назар аударған жөн. 2019 жылы 9 миллиард 3,8 миллион теңге жұмсалатыны белгіленген мемлекеттік қызметшілер секторындағы ондаған мың кадрларының айлығын арттырудың үш жылдық жоспарында 2020 жылға 16 миллиард 233,2 миллион, 2021 жылға – 16 миллиард 438,5 миллион, ал 2022 жылы тағы да 16 миллиард 685 миллион теңге бағыттау жобалануда. Бұл «баршаға арналған игілік» инфляцияны бақылауды Ұлттық банк емес, Үкімет өз қолына алса ғана шапағаты зор болмақ дейді мониторинг мамандары. Өндірістік әлеуетті дамытпай жалақымен қосақтатып қымбатшылықты беталды еркіне жіберер болса, валюта құнсыздануына алып келуі мүмкін деп ескертеді. Сонымен қатар, эко­номистер ең төменгi күнкөрiс деңгейiн өсіру біздің еліміздегі инфляцияға себеп болмайды, қайта республика азаматтары­ның табысын ұлғайту тұтынушылық сұра­ныстарды арттырып, отандық тауарларға оң ықпал етеді деген ойда. Әрине, 29 мың дегенің қалталы адамның бір қор-қор тартып, көк шәй ішкенінен артылмауы мүмкін. Ал әлеуметтік жағдайы төмен адамдар үшін ай бойы тұтынатын алпыстан астам тауар мен қызмет түрінің бағасы. Ортақ активті тауарлар бағасы теңестірілген Кеден одағындағы көрші Ресейдің өзінде күнкөріс минимумы 11 185 рубль, теңгеге шаққанда 66 мыңнан асатын көлемде бекітілген. Сондай-ақ, өзге елдерде, Словакияда 198.09 € (87 700 т), Латвияда 240€, Грецияда 360€, Швейцарияда 400€, Финляндияда 1200€, Люксембургта 2000€ деп белгіленген.

Инфляция иірімінде сүйіншіленетін "өсулер"

Жылда зейнетақы мен мемлекеттік қызметкерлер жалақысы өседі дегеннен, нарықтағы барлық тауар-қызмет еш негізсіз «белгілі бір себептермен» көтеріле қояды. Қымбатшылық бүйірінен қысқанда халық ашынып қала береді. Инфляция иірімінің бұғауы күшейетін тұс, осы – Үкімет тарапынан жалақыға «май құйғанда» жағаласып монополияланған нарық білген бағасын қояды. Бір ғана мысал, жыл басынан бері СҚО-да картоп 29%, сәбіз (233 т) 65%, пияз 90% дейін қымбаттады. Бұған байланысты тәуеліз экономист Аманжан Қоңыратбаев отандық БАҚ беттеріне берген пікірінде:

– Қымбатшылықтың негізгі көзі монополистер. Тұрғын үй коммуналды шаруашылығынан бастап ауыл шаруашылығындағы ірі компанияларға дейін бағаны өз ырықтарында ұстап отыр. Бұл тұрғыда мемлекеттің монополияға қарсы саясаты дұрыс жұмыс істесе, тек шағын және орта бизнестің тынысын ашып қана қоймай, бағаның да арзандауына түрткі болар еді. Сондықтан, инфляция сыртқы жаһандық факторлардан, не болмаса ұлттық валютаның әлсіздігінен емес, бірінші кезекте экономикада шағын және орта бизнес үлесінің төмендігінен, – дейді.

Елдің күнделікті қолданылатын маңызды тұрмыстық қажеттіліктерін, айлық азық-түліктен бастап шаш кептіргіш пен үтігіне дейін банктік ұйымдардың «бөліп төлеу» қызметі арқылы алуы заман стилі емес, алаңдатарлық тапшылық зары деп ұқсақ өз бейнемізді жақыннан танушы едік. Тұтыну бағалары өскен соң, сатып алу қабілеті де төмендеуі – экономика заңы. Ел азаматтарының еңбекке жарамды секторының белсенді бөлігі түгелдерлік банк-қаржылық ұйымдардан несие алушылар. Ломбарды самсап, букмекері қаптаған елдегі ахуалды "нарық заңы" деп ақтауға тырысу – өзімізді алдау, ауруды жасыру. Ал ауруын жасырған... Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін Euronews-қа берген сұқбатында қоғамда кедейшілік сипаты барын жоққа шығармайтынын, үкімет тарапынан әлеуметтік-экономикалық проблемаларының шешу жұмыстары жүргізілетінін айтқан еді.

Күнкөріс минимумы, ең төменгі жалақы мөлшері, орташа жалақы – әлеуметтік-тұрмыстық экономикалық қатынастардағы аса маңызды механизмдік тетіктер. Қазір алдымызда мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүргізудегі мәні зор алгоритмдік тетіктердің негізгі көрсеткіштерін тәуелсіз сарапшылардың зерттеу-зерделеуі арқылы қайта қарап, барынша реалды жағдайға сәйкестендіру міндеті тұр.

"The Qazaq Times"