Алдағы уақытта Қазақстанда несие беру шарттары өзгертілмек. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.
Үкімет отырысында Досаев: «Қарыз алушының барлық міндеттемесі, оның төлем қабілеттігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады. Борыштық жүктеме коэффицентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады. Банктер мен банктік қызмет туралы заңға, сондай-ақ микроқаржылық ұйымдар туралы заңға 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдерді есептеуге тыйым орнату бойынша түзетулер енгізілетін болады. Ұлттық банк аталаған түзетулерді парламенттің қарауына қыркүйекте енгізеді», – деді.
Жыл соңына дейін тұтынушылық несиелерді беру кезіндегі банктерлің меншік капиталына қойылатын талаптар қатаңдатылмақ. Сонымен қатар, азаматтардың берешегін өсірмеу мақсатында онлайн несие берушілер, несиелік серіктестер мен ломбардтарды реттеуге арналған нормативті актілер қабылдау жоспарланған.