ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиева сотта өз кінәсін толық мойындады.

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Бекмағамбетов: «Суханбердиеваның айыбы өзінің мойындауымен, куәгерлер мен күдіктілердің түсініктемесімен және қылмыстық істің өзге де материалдары арқылы расталды. Күдікті өз айыбын толық мойындады», – деді.

6 маусымда астана соты айыпталушыны тамыздың 2-іне дейін қамауға алуға байланысты шешім шығарды. Бұған дейін Ұлттық бюро вице-министрдің үстінен жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын мәлімдеген.

Айта кетейік, Эльмира Суханбердиева 1971 жылы 26 қазанда Атырау облысында дүниеге келген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін бітірген. 2013-2016 жылдар аралығында Астана қалалық білім басқармасының басшысы болып қызмет атқарған. 2016 жылы сәуірден бері Білім және ғылым вице-министрі болған.

"The Qazaq Times"