«Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. ...Бүгін не ексек, ертең соны орамыз» дейтін Әлиханның аманаты қазақ даласының бүгінгі рухани-моральдық ау-жайы мен діни ракурс бойынша болашағы көпті ойландыратын мәселе жайында кәсіби сарапшы, теолог маман, Республикалық түсіндіру тобының мүшесі Кеңшілік Тышқанұлымен ой қозғап, пікір өрбітіп едік. Қоғамдағы діни алауыздық, салафизм ағымының өмір сүруіне мүдделі факторлар, діни сауаттылықты арттыру һәм байсалды-радикалды бағалаудың аражігі, қолданбалы-қуатты мемлекеттік идеологияның бар-жоқтығы т.б. өзекті тақырыптар тұлпар жараған жерге дейін таратылатын болады.

 

  «Бұл үрдіс енді ушыға бермесе, оңала қоймасы анық...»

Кеңшілік Тышханұлы мырза, сұқбат беруге келісім бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін! Әңгімемізді арыдан бастасақ, Қазақстаннан осы күнге дейін Сүрия-Ирак аймағындағы «халифатқа» бірікпек мақсатпен 900-ге жуық азамат кеткен деген ақпарат бар. Осы дерек бойынша рухани сауықтыру, сана саламаттылығына байланысты елімізде әлі де болса қиындықтар, жүйелеуді қажет ететін мәселелердің барын аңғартпай ма? Діни фактор әсерімен «жиһад» жолына түсуіне біздегі жалпыхалықтық идеологияның әлсіздігі, тіпті практикалық тұрғыда жоқтығы себеп дей аламыз ба? Жалпы Қазақстанда ел халқын ұйыстыратын көпсемалы (діни, мәдени, ділдік, этикалық...) қуатты қолданбалы идеология жұмыс жасап тұр ма?

– Әрине, сұрақ барынша орынды. Біз Тәуелсіздік алғалы бері отыз жылға жауық уақыт өтті. Бұл уақыт біреулер үшін аз, ал біреулер үшін көп болар. Дегенмен, дін саласында бұл уақыт аздық қылған жоқ деп санаймын. Олай болатыны халықаралық қатынастарда есігін айқара ашқан еліміз үшін жан-жақтан ентелеген діни бірлестіктер мен діни ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ тәрізді қаптап кетті. Оның үстіне еліміз 1992 жылы-ақ «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң» қабылдады. Бұл заңда діни ағымдар мен бірелстіктерге тіпті кедергі келтіретін бірде-бір талап болған жоқ десек артық айтқандық емес. 10 адам бірлесіп діни бірлестік құруға мүмкіндік алды. Осының салдарынан дәстүрлі діндермен қоса өзіңіз жоғарыда айтқан радикалды топтар да қалыптасып үлгерді. Бұл олқылықтың орны 2011 жылы 11 қарашада «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң» қабылдау арқылы толтырылды. Діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтіп, жарғыларын қайта ұсынды, оларға жаңаша талаптар қойылды. Десек те, еліміздегі дін саласындағы құқықтық негіздер толық орнықты деуге болмайды. Діни ахуалға байланысты әлі де талаптар мен заңдар пайда болады деген ойдамын.

Әйтсе де қаншалықты құқықтық мемлекет болғанымызбен, өзіңіз көтерген қолданбалы идеологияның орны ойсырап тұрады. Бастапқыда әлемге жар салған «көпэтносты», «көпкофессиялы» елміз деген ұранымыз артықшылығымыз сияқты көрінгенімен діни алауыздық туындаған жағдайда кемшілігімізге, осалдығымызға айналатындығын да естен шығармаған дұрыс. Олай болатыны қазір мемлекеттік құраушы қазақ ұлтының өзі сиырдың бүйрегі тәрізді көптеген діни-дүниетанымдық көзқарастарға бөлініп кетті. Бұл үрдіс енді ушыға бермесе, оңала қоймасы анық. Мұның алдын алудың жалғыз жолы – ұлтты ұйыстыратын ұлттық-рухани құндылықтарға басымдық беретін іргесі мықты идеология болмақ. Бұл әзірге біздің елімізде жоқ. Тіпті бар деген күннің өзінде шашыраңқы. Жекелеген тұлғалардың аузында ғана жүр. Сондықтан, құлаққа жағатын ұраншылдықты қойып, болашақ ұрпақтың рухани тұтастығына қызмет ететін ұлттық идеологияны ашық дәріптей бастауымыз керек.

 

«...Адамды елінен ғана емес, дүниеден де бездіріп жібереді»

– Кісінің есін билеп, елден бездіретін «радикалды фанатизм» синдромына шалдықпас үшін қалай дегенмен де теологиялық фундаментальді сауаттылық қажет қой. Осы бағытта 2012 жылдан «ажал бұршағы» төгіп тұрған соғыс ошақтарына қашып бару үрдісін тыю үшін мемлекет тарапынан атап айтқанда қандай амал-шаралар қолға алынды? Әрі сол әрекеттердің тиімділігі, өнімділігі туралы сарапшылық пікіріңізді білдірсеңіз.

– Жалпы, сіз айтқан теологиялық сауаттылық та кейде адамдардың радикализмге ұшрауының алдын ала алмайды. Керісінше, соған итермелейді. Қазіргі радикалды жолды таңдаған азаматтармен әңгімелесе қалсаңыз олардың құндылықтар бағдары басқаша. Олар үшін дүние, мемлекет, отбасы, еңбек, т.б. мәселелер маңызды емес. Бар мақсаты діннің ішіндегі өздері де толық түсінбейтін (олар үшін логика харам-авт.), түсінгісі келмейтін үндеулердің үдесінен шығып, «жұмаққа» бару. Міне, теріс теологиялық түсіндірмелердің салдары, адамды елінен ғана емес, дүниеден де бездіріп жіберетіндігіне көзіміз жетті.  Осының нәтижесінде жүздеген отандасымыз бала-шағасын ертіп қақтығыс ошақтарына ағылды. Әрине, бұдан да көп болар еді, алайда жүргізіліп жатқан шаралардың арқасында барынша кетушілердің жолын бөгеп, радикалды көзқарастарынан қайтаруға талпыныс жасалды. Сүрияға кетудегі басты кемшілік теологиялық қана емес, саяси сауатсыздық дер едім. Себебі, тіпті дін үшін күрес деген (қиялдағы халифатты орнату-авт.) күннің өзінде бес қаруы сай мемлекеттерге қарсы жалаң қолмен жауға шапқандай, ұрысқа шығу ақымақтық екенін олар түсінген жоқ. Нәтижесінде қақтығыс ошақтарына кеткен еркек кіндіктілердің басым көпшілігі мерт болды.

 

«Заң бойынша дін мемлекеттен бөлінген. Алайда дінді қоғамнан бөле алмаймыз»

– Өзіңіз айтқандай жыл басынан бері жүзеге асырылып келе жатқан 3 кезеңді циклдық «Жусан» операциясы аясында 516 жерлесіміз елге қайта оралды, оның 357-сі балалар. Дәл осы тақылеттес көрші Өзбекстан да «Меһр» («Мейірім») операциясын ұйымдастырып 156 азаматын Ташкентке қайтарды. Қазақстанның қазіргі жағдайында «салдардан себепке» қағидасы бойынша қандай алдын-алу шаралары жасалуы қажет?

–  Құдайға сену адамның психологиясына қатысты құбылыс. Әрі діни сенім де адамның жүрегіне ұялайтын құндылық. Ал құндылық деп білген дүниесі үшін адам өзінің жанын да пида қылатындығын көріп отырмыз. Сондықтан, діни көзқарастарға бөлінуді мемлекетіміз өз ағысына қалдырмай белгілі бір деңгейде реттеушілік қызмет атқаратын уақыт жетті. Заң бойынша дін мемлекеттен бөлінген. Алайда дінді қоғамнан бөле алмаймыз. Енді қайтадан атеистік қоғам құра алмайтындығынымыз айдан анық. Олай болса жас ұрпақтың санасына қазірден бастап дұрыс бағдар беру жұмыстарына білек сыбана кірісуіміз қажет. Әлемдегі елдердің барлығы дерлік зайырлы елдер. Бірақ көбіне өздерінің мемлекеттік идеологиясына қолдау ретіндегі ресми мойындалған конфессиялары немесе діндері бар. Тіпті көрші Ресейдің өзінде мектептерде «Православие діні мен мәдениетінің тарихы» пәні оқытылып келеді. Бұл зайырлылық ұстанымдарына қайшы емес. Біз де 2008 жылдардан бастап мектептерде «Дінтану негіздері», 2016 жылдан бастап «Дінтану және зайырлылық негіздері» пәндерін оқытып жатырмыз. Бірақ, бұл пәндер факультатив. Сабақ кестесінің соңына қойылады. Мұғалімдер немқұрайлы қарайды. Сондымен қатар аталмыш пәннің мазмұнында оқушыларға рухани бағдар беретін, дәстүрлі діни көзқарастарды орнықтыруға бағытталған тақырыптар өте аз. Соның салдарынан пән негізгі көзделген мақсатын орындап отыр деп айтуға келмейді. Сондықтан бұл пәндегі діни плюрализм тақырыбын (барлық діндердің тарихын қамтыған –авт.) азайтып, өзімізге қатысты рухани-құндылықтық тақырыптарды молайту уақыт талабы, қоғамның мұқтажы. Егер жасөспірімдерге мектеп қабырғасынан бастап діни, рухани компастық бағдар бере алмасақ, радикализм мен экстремизммен күрес ұзаққа созылады. Ал бұл болашақ бөлшектенудің, тіпті діни негіздердегі қақтығыстардың бастамасы болып табылады.

 

«Біз радикализм-экстремизм деп мұсылмандардың басын қоса алмай жүргенде прозелитистік ұйымдар бетімен кетті...»

– Кәсіби-эсперт теолог ретіндегі тәжірибеңіз бойынша жаңа президентке қандай ұсыныс-талаптар айтасыз? Қазақстандық қоғам сан жағынан аз болғанымен көптеген топтарға бөлінгенін көз көріп жүр. Мұндай агрессиялық діни плюрализм ел келешегіне теріс әсер етері сөзсіз ғой.

– Жоғарыда да аздап тоқтала кеткеніміз сияқты еліміз, халқымыз сан түрлі діни ағымдарға кіріп жатыр. Тіпті патшалық ресейдің шоқындыру саясаты жүргізілген тұста да қазақта мұндай шоқыну деңгейі болмаған (кейбір мамандардың пікірінше  жүз мыңға жуық өзге дінге өтіп кеткен қандастарымыз бар – авт.). Ал біз радикализм, экстремизм деп мұсылмандардың басын қоса алмай жүргенде прозелитистік ұйымдар бетімен кетті деуге болады. Әрине құқықтық жағынан проблема жоқ. Олар барлық мемлекеттің қойған талаптарын орындап отырған да шығар. Ел Конституциясы бойынша діни сенім бостандығы берілген, әркім қалаған дініне кіре алады. Бірақ бұл болашақ діни алауыздықтың алғышарттары екендігін естен шығармау керек. Сол прозелитистік ұйымдар қазірдің өзінде мінез көрсете бастады. Елдің рәміздерін мансұқтап, Отан қорғаудан бас тартып жатқандары да бар. Ал осылай көбейе берсек, солай да болады, нәтижеде біртұтас ел бола аламыз ба деген үлкен сұрақ туындайды. Біраз уақыттан соң қай діннің өкілі билікке жетсе, сол дін мәжбүрлі түрде приоритетке ие болады. Осы себепті де діни ұйымдар әсіресе жастармен көп жұмыс жасап отыр. Сондықтан жаһанданудың жалаң ұрандарына жұтылып кетпес үшін, ұлттық тұтастықты сақтап қалу үшін діни бірегейлік ауадай қажет. Ал бұл идеологияны мемлекет қолға алуы керек. Өз көлеңкемізден өзіміз қорқа бермей батыл қадамға бару керек. Қазақтың руханиятын, дінінін, дәстүрін, мәдениетін, ұлттық дүниетанымын қамтыған арнайы пән енгізілуі керек, әрі бұл міндетті пән болуы тиіс!

 

«Олар қос стандартпен де өмір сүре береді...»

– Енді осы тұста көптің көкейінде жүрген бір сауал. Елбасы ресми түрде 2016 жылғы Ақтөбе, Алматы қалаларында болған терорлық актілердің радикалды сәлафизммен тікелей байланысты деп растауына қарамастан неліктен әлі күнге дейін сәлафизм ағымына қатысты өткір шешімдер қабылданбауда. Жалпы, талдау тұрғысынан келгенде сәлафизмді радикалды және байсалды деп бөліп бағалау қаншалықты негізді?

– Уахабо-салафизм қазірігі күнгі ең өткір мәселелердің бірі. Оның өткірлігі қазіргі таралу қарқынында ғана емес, Қазақстандың саяси жағдайға бейімделуінде, жасырынуында. Бұл аталмыш ағымның қаупін толық сезінуге кедергі болмақ. Тіпті қазір қоғамда салафизм идеологиясын ұстанып жүрген кейбір азаматтар билікті қолпаштауда алдына жан салмайды. Бұл олардың қос стандартпен өмір сүре беретіндігін, шынайы бейнесін жасыратындығын көрсетеді. Бұл сипаты биліктің қатаң шешімдер қабылдауына жол бермей отыр. Оның үстіне Қазақстан көптеген әлем елдерімен қарым-қатынас жасайды. Олардың ішінде Уахабизм идеологиясына ресми басымдық беріп отырған араб елдері де бар. Уахабизмге тиым салған жағдайда осы қарым-қатынасқа сызат түсуі мүмкін. Қаржылық қатынастар, инвестициялық келісімдер т.б. көптеген мүдделер үшін әзірге тек идеялық қарсылық жасалғанымен заңдық тиым жоқ. Сол үшін де күресу мүмкін емес. Радикалдылық-байсалдылық мәселесіне келгенде, жалпы идеология ретінде уахабо-салафизм ағымы радикалдылыққа құрылған. Өз ішінде бірнеше тармақтарға бөлінуіне қарамастан, оқитын кітаптары, рухани ұстаздары, жалпы көздейтін мақсаттары ортақ. Сондықтан салафизмде жүргендердің байсалдылық пен радикалдануының арасын ұстаздарының бір уағызы, бұйрығы, нұсқауы ғана бөліп тұрады.

 

«Көзге көрініп тұрған құндылық болмаған соң кімнің қолынан ұстаса соған еріп кетеді»

– «Отан отбасынан басталады». Қазақстанда он бес мыңға жуық сәлафизм сенімінде діни аудитория бар деседі. Ал бейресми деректерде тіпті көп. Бұл отбасыларда тәртіп, түсінік қоғамнан тыс, өзінше дербес. Зайырлы-академиялық білімдер мен  дәрілік екпелерден бас тартып жатады, демократиялық принциптерге қырын қарайды, көбіне сауда-саттыққа үйір келеді. Мұндай жанұяларда қанша мыңдаған балалар өсіп-жетілуде. Ертең бұрын-соңды білмек түгілі болжап көрмеген жаңа түсініктегі буын тәрбиеленіп шыққанда сан соғып қалмаймыз ба? Отбасы институтының іргесін қайта бекіту-мықтау ісі қандай формада жүргізілуі тиіс?

– Менің шырылдап айтатыным да осы. Діни саясатта екі-ақ жағдай бар. Не олар бақылауда болады, не бақылаудан шығып кетеді. Қазір жалпы діни ахуал тұрақты, бақылауда болып есептеледі. Ал ертең бұлыңғыр. Біздегі теріс ағымдарға кетудің басты себебі рухани жұтаңдық. Көп отбасында ұлттық құндылықтар әлсіз. Тіпті қазір толық емес отбасылардың қатары тым көп. Ол жерде тәрбиеленіп жатқан балалар ес білгенде рухани ізденіске түседі, көзге көрініп тұрған құндылық болмаған соң кімнің қолынан ұстаса соған еріп кетеді. Сондықтан отбасын бекітуге қатысты жұмыстар жасалуы тиіс, әрине. Бірақ бұл ұзақ уақытты алатын шаруаға ұқсайды. Сондықтан мен мектептерде ұлттық-адамгершілік құндылықтарды оқыту керек деген пікірдемін. Тым болмаса, балалар өздерінің өткенінің қалай екендігін, бабаларымыздың қай жолда болғандығын, қандай еңбектер жазғандығын, олардың мазмұнымен танысып шығар, теріс ағымдарға тап болған кезде қарсы қалқан болар деген үміттен туындаған ой. Әрі бұл діни бірегейлігімізді сақтап қалуға да үлкен сеп. Тек салафизм ғана емес, барша діни ағымдарға мемлекет тарапынан талаптар күшейтілуі тиіс. Қазір он мыңдаған қара көздер шоқынып кетті. Олардың ұрпағы не болады? Талай тарихи дауылдарда, шоқындыру саясаттарында діни-рухани бірлігімізді бұзбаған ұлт едік. Тәуелсіздіктен кейін бүлінуімізге не себеп? Әрине, кеңестік тар идеологиядан шыққан елімізде рухани хаос пайда болды. Сол үшін де әлі де болса діни ағымдардың қатарын толықтыратын аудитория басым болып тұр. Ал мұны жөнге салатын мемлекеттік саясат болуы керек!

 

«...Жекелеген шешімдерде біреулердің ықпалы болуы мүмкін»

– Қазақстандағы діни институттар мен билік көзқарасына қатысты бір сауал. Кейбір теологтардың пікірнше біздегі діни алаң мақсатты түрде әртүрлі «мектептердің»  тартысына құрылған. Әрі ол қайсыбір аудитория басымдыққа ие болмас үшін қатаң бақылауда. Бұған  саяси қауіптер тумас үшін көпбағыттылыққа билік мүдделі дегенді айтады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Осы ықтималдылықты ескерсек, онда дін мен мемлекет өзара белгілі бір деңгейде байланыста болуы тиіс деген ой тумай ма?

– Мұндай пікірлердің бары рас. Бірақ, мен маман ретінде айтарым, біздің осы салаға жауапты мекемелерінің басындағы азаматтар қолдан осындай жағдай жасап елдегі діни-ағымдық тепе-теңдікті сақтап отыратындай саясат жүргізетіндігіне сенбеймін. біреулердің ықпалы болуы мүмкін. Ал, жалпылама ондай негізге құрылмаған. Құралған күннің өзінде бұл ұзақ мерзімді саясат бола алмайды. Сол өздері қамқор болған ағымның аузына өздері түседі. Елдің іші бүлінеді, жақтастары көбейеді. Ал қазір кімнің жақтасы көп, билік кімнің қолында болса – сөз соныкі!

– Ендігі өзекті мәселердің бірі сауатты, интеграциялық білігі зор теолог кадрларды даярлау, қызметпен қамтамасыз ету жөнінде. Ділі бекем дінтанушылар дайындауда отандық ЖОО әлеуеті қай деңгейде? Олардың өз мамандығы бойынша жұмысқа тұруы қалай шешілген? Осызаманғы теология саласы бойынша қандай негізгі профессиялық проблемаларды атар едіңіз?

– Еілімізде нақты діни білім беретін оқу орны Нұр-Мүбәрәк Египет ислам университеті. Сонымен бірге бірнеше университеттерде теология, дінтану, исламтану бағыттары бойынша мамандар даярлануда. Жалпылама алғанда елдегі мықты деген теологтардың басым бөлігі білімін шет елдерде алғандар немесе біліктілігін шет елдерде көтергендер. Ал қазіргі заманның талабына сай, теологиялық талаптарды толық игерген мамандар әзірге саусақпен санарлық. Бұнда әрине білім бағдарламаларының мазмұны, оқытушылардың біліктілігі сияқты факторлар рөл атқарады. Дегенмен қу шөппен ауыз сүртуге болмайды. Отандық дінтану саласы ақырындап қалыптасып келе жатыр. Жұмысқа орналасу жағынан да аса күрделі жағдайда емеспіз. Қазір білікті мамандарға деген сұраныс жоғары. Әсіресе аймақтарда сұраныс бар. Сондықтан  бұл бағытты жетілдіре беру қажет деп санаймын.

 

«Асыл арна» мәселесінде де үміттен күдік басым»

– Қазақ қоғамына тән гумандық сипаты басым дәстүрлі ислам мектебінің ғылыми-практикалық  потенциалын қалай бағалайсыз? ҚР Дін істері және Азаматтық қоғам министрлігі, жергілікті Дін істері басқармалары, ҚМДБ, «Асыл арна» діни-ағартушылық арнасы институттары арасында бірізді, жүйелі әрі сенімді-мөлдір қарым-қатынас жүргізу арқылы ескі әлемнің жаңа тұрғындарының бар қажеттіліктерін қанағаттандыратын тұщымды жауап берілсе, діни алауыздық әлдеқайда кемуі мүмкін ғой. Бізде осы платформа қалай әрекет етеді?

– Дәстүрлі ислам мектебі деген ұғым төңірегінде біраз шаралар жасауға талпыныстар болған. Алайда бұл жауапты Министрліктің бір жылдық жобасымен шектелді-ау деп ойлаймын. Олай болатыны бұл тақырып бойынша ең білікті мекеме Діни басқарма болуы керек еді. Қазіргі Діни басқарманың бағыты мүлде басқа жақта. Ғылым мен ағартушылық деген дүние кенжелеп, діни догмалық дәрістердің айналасынан шыға алмай жүр. «Асыл арна» мәселесінде де үміттен күдік басым. Себебі бұл Арнаны менің білуімше шет ел қаржыландырады. Сәйкесінше солардың талабы мен мазмұнын негізге алады. Сондықтан бірді-екілі бағдарламалар болмаса түбегейлі дәстүрлі ислам мектебін ұлықтап кетеді деу қиын. Ал ресми мекемелер зайырлылық қағидаларын алға тартып, барлығына тең қараймыз деген сылтау айтып дәртүрлі ислам мектебінің даму тетігін әзірлеуге асықпай отыр. Сондықтан дәстүрлі ислам мектебін қалыптастыру, дамыту бойынша мүдделі ұйымдардың өзінің ауызбіршілігі жетіспейді қазір. Жекелеген тұлғалар мен мамандардың өзі бір-бірінің пікірін мойындай қоюы екіталай. Бұл діни бірегейлік пен болашақ рухани тұтастықты сақтап қалуда аса маңызды мәселе болып табылады.

– Құрметті Кеңшілік мырза, қазіргі қазақтілді темірқазық теолог-маман ретінде өзіңізден төрелік сұрауға жүгініп едік. Тұщымды әрі өткір ой-пікірлеріңіз үшін рақмет. Елдігіміз бен бірлігіміз мәңгі болғай!

"The Qazaq Times"