Жыр сүйер оқырмандарға қазаққа белгілі ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Темірғали Көпбайдың өлеңдер топтамасын ұсынып отырмыз
ЖҰМЕКЕН
Қара суға қайық салды қалқытып,
Қара сөзге сезім құйды балқытып.
Қазыналы аспанына қазақтың,
Қоңыр күйді жырмен жазды шалқытып.
Жырға жолын жиектетпей жеңілдің,
Өлеңімен өрген өзін өмірдің.
Қоңыр кеште қоңыр үстел басында,
Қоңырайып отыратын қоңыр мұң.
Қоңыр, қоңыр ойлар тізіп ілкімді,
Түн ішінде Толағайдай сілкінді.
Өлең сайын найзағай боп іреді,
Қыңсылаған пендешілік шіркінді.
Орман-орман ой көтерген Толағай,
Қылығына күйіп кетіп қарадай,
Құлдай көнбіс «пластилин бастарды»,
Бауыздады бас-көзіне қарамай.
Аулақ кетіп абыр-сабыр, күбірден,
Үндеместен өлеңге еңбек сіңірген.
Бейталанттар байтал мініп жатқанда,
Бетін басып ұялатын іңірден.
Дүмше дүние дімкәс күйде жөтеліп,
Кексе мұңға кеткен кезде еті өліп,
Жер бетінің қасіретін сол ақын,
Жүрегімен жүрді жалғыз көтеріп.
Ойшыл жанға мұңсыз өмір бәс пе еді,
Үрді шулап қандені мен мәстегі.
Түйсігінің тереңімен ұқты ақын,
Болмайтынын жыр жазудан басқа емі.
Хақпен ғана тілдестірген мұратын,
Бақтан биік болады екен Ұлы ақын.
Өлең жазса шанағына күй тұнып,
Күй тартқанда өлең келіп тұратын.
Тебіренсе түпсіз аспан тұңғиық,
Оның жыры жұлдыздардан тұр биік.
«Жыр-Жұмекен» деген алып ғаламшар,
Жүректерге келе жатыр нұр құйып.
Шатыраш. Жұматайды аңсау
Жуғам жоқ ащы жаңбырмен,
Жасыған, мұңды жанарды.
Шашым да шәркез тағдырмен,
Шатыраш ойнап ағарды.
Жұматай
Сайрағанмен ер көңiлi құс тiлде,
Сарноқайға саратанда қар түсiп,
«Өмiр» деген шаршы тақта үстiнде,
Өттi көкем тағдырменен тартысып.
Қара өлеңнiң қағаны едi өзi де,
Сарай салған сөздiң терiп естiсiн.
Тура қарап корольдардың көзiне,
Тегiн берсе алмайтынды пешкiсiн.
Қиял-тұлпар құс жолына ауғанда,
Сөзден саумал сiмiретiн бiр қанбай.
Оңай олжа iздемейтiн жаудан да,
Сетер атқа сейдiн мiнген Бұрхандай.
Ат жалында, атан түйе қомында,
Кетпесiн деп жамиғатқа бермегiм.
Тақта үстiне шығаратын соңында,
Илхан, саид, гоан, ноян ерлерiн.
Жанды көрсе белi қыпша, көзi – гүл,
Хан басымен кетпес едi елемей.
Жаны – көктем, ойы – мұхит, сөзi – мiр,
Көбе сөгер қозыжауырын жебедей.
Керме айналып Кенежирен желгенде,
Ұмытатын ұпай, есеп, пайдасын.
Жан-жағынан тағдыр қысып бергенде,
Жалау етiп көтеретiн Ләйләсiн.
Қара өлеңнiң қонып ерге құт, әрi
Қасоқ ойын қоса қолдап Жаратқан.
Шұғынықтың жайылғанда жұпары,
Шетсiз-шексiз шер төгетiн шанақтан.
Мәңгi сарын мұңға балап мың сырын,
Арда жырға «ар гүлi» деп ат қойып.
Тағдыр иттiң быт-шыт қылып тұмсығын,
Кеттi көкем күйкi күнге «мат» қойып.
ПЕГАС
Ардай аппақ қанатынан нұр ескен,
Шабытымның алтын жалды пырағы.
Жерден асқақ, бұлттан биiк сiрескен,
Күнiкейдей күн астында тұрағы.
Алқа таққан алқаракөк аспанға,
Жұлдыздардың арасында мекенi,
Қара өлеңге ғарыш құшақ ашқанда.
Қиялымды ертiп алып кетедi.
Жерде қалып жақұт тәждi сарайлар,
Көңде қалып күнделiктi күйбелең,
Әлдеқашан Асан қайғы, Абайлар,
Төрге шыққан аспандағы үйге енем.
Ақ қанатты перiштедей киелiм,
Ғарыш жақтан күлдiр-күлдiр кiсiне.
Тәнiм ерiп, көкке сiңдi сүйегiм,
Жаным енiп мөлдiреген түсiне.
Ақбоз, Көкбоз қазығында байлаулы,
Үркiтсең де үзе алмайды арқанын,
Жалғыз жайлап жұлдыз аққан жайлауды,
Кiсiнешi тағы мiнез тарпаңым.
ЖЫЛДАР ЖЫЛЖЫП БАРАДЫ...
Бесін сәттің білмесең дүр бағасын,
Бұла жүрек, несіне бұлданасың?
Жазбақ болып түндерде тырбанасың,
Жылап қалған жылдардың жылнамасын.
Жылдар жылжып барады жылап-күлген,
Сырнайына уақыттың құлақ түрген.
Сұрауы бар дейміз-ау әрбір сәттің,
Сұрарыңды білмейсің бірақ кімнен.
Уақыт деген баһадүр – күн қасабы,
Минуттардың сұлайды мың жасағы.
Тіршіліктің түбіне ой жетпейді,
Жыл өтеді, жаныңды мұң басады.
Түндей сіңіп тарихтың жылғасына,
Өткен өтті, салауат жұрғасына,
Көктем келсе көңілді сүйреледік,
Көппен бірге шыққалы қыр басына.
Не көрсек те көргелі көпке ілесіп,
Мағынасыз жоғалды көп күн өшіп.
Жүрек жалғыз, жан бөлек – соны білдік,
Тіршілікпен жүргенде тепкілесіп.
Жалғыздықтың жайлауын іздеп келіп,
Күзді өткеріп, көңілден сызды өткеріп.
Қоңыр қаздай қиқулап қырдан асқан,
Жылдар жылжып барады тізбектеліп.
КЕШЕГІ БЕЙКҮНӘ БҮЛДІРШІН
Бүгін бе, ертең бе, кім білсін,
Ілесер жылаған күлгенге.
Кешегі бейкүнә бүлдіршін,
Бозбала болыпты бір демде.
Бүгін бе, ертең бе, кім білсін,
Сөзіне сендірер халықты.
Кешегі бейкүнә бүлдіршін,
Кәдімгі кісі боп қалыпты.
Бүгін бе, ертең бе, кім білсін,
Тағдыр бар жүйкені талдырған.
Кешегі бейкүнә бүлдіршін,
Шал болып шығады алдыңнан.
Бүгін бе, ертең бе, кім білсін,
Сағат тұр уақытты санап құр.
Кешегі бейкүнә бүлдіршін,
Бейіттен Ай болып қарап тұр.
ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕКПЕН
Арман-мұң аппақ періште болып,
Алқалап жүрер ақынды.
Бірде шың, бірде еңіске қонып,
Байыздау білмес пақырды.
Дүниеге сыймай аласұрғанда,
Арқасы қысқан бақсыдай.
Ақыннан енді аласың бар ма,
Тақуа бейіл, тақсыр-ай.
Іштегі рухтың күшін білгенде,
Жыр – көңіл шешпес жығасын.
Тәпсірді жырмен түсіндіргенде,
Қабыл ет Тәңір, дұғасын.
Ақынға деме күнәсі қонар,
Бес мезгіл өтсе бейнамаз.
Жақұт жыр – оның дұғасы болар,
Жүрегі оның – жайнамаз.
Ұжмаққа ақын бір-ақ аттады,
Ұғатын болсаң санамен.
Қара өлең – оның қырағаттары,
Қағбасы да оның – қара өлең.
Құтпанды ойласа қиналар іші,
Жүректің тыңдап әмірін.
Ақындық талант сыйлағаны үшін,
Сүйеді ол жалғыз Тәңірін.
Діндерден жаққан жатқа күйесін,
Дәркүмән әлем дір еткен.
Сүйеді ақын Жаппар иесін,
Сүйеді жалғыз жүрекпен.
ЖӘМШІК
Жылдар жылға жалғасып тұр,
Үміттерден шам жанып.
Жалғыз атты арба шықты,
Алыс жолға қамданып.
Жолаушының мол арманы,
Жол азабы елге сын.
Ұлы Дала сол арбаны,
Адастыра көрмесін.
Болған талай заман ақыр,
Бұл жұрт нені көрмеді?
Жалғыз жәмшік бара жатыр,
Мығым ұстап делбені.
Айдаушы етіп таңдап алып,
Алтынқұмар немені.
Арбадағы арда халық,
Үнсіз қалғып келеді.
Ұлы Дала теңселеді,
Сабылғандай сана көп.
Делбешіге ел сенеді,
Өзіміздің бала деп.
Жәмшік ойын сезер кімдер,
Алтын, жақұт арманы.
Божы қолда, өз еркінде,
Қайда бұрса арбаны.
Өз пиғылы ұнайды ерен,
Дүние қапқан сананы.
Өрге тартқан сыңайменен,
Көрге тартып барады.
ЖОЛАЙЫРЫҚ. ӨКІНІШ
Албырт шақта өлең дестік, жыр дестік,
Адал достың арманымен бірге өстік.
Өмір жолы екі айырды біздерді,
Өтті бізден бір беймәлім білместік.
Алыс жолға аттанғанда қамданып,
Жолайырық сынақ болды жанға анық.
Мыстан уақыт арбап қойған жандардай,
Біз екеуміз екі жолды таңдадық.
Өмір алдан тосты сырын беймәлім,
Шаттығыңды енді менсіз тойладың.
Жан досыңның жақсы күнін қызғансаң,
Достығыңа өзің нүкте қойғаның.
Көзден ғайып болғаннан соң мүлде сен,
Көңіл суып, мұңға толды жыр кесем.
Доспын деген жайдақ сөзден не пайда,
Өлімін бе, тірімін бе білмесең.
Көне күпі секілденіп жыртылған,
Ескі елеске айналуда түр-тұлғаң.
Тілеулестік теріс кетіп бұрынғы,
Күбің-күбің сөз айтасың сыртымнан.
Әр тағдырға қойылады бір нүкте,
Сонда біздер бекер өмір сүрдік пе?
Жауға айналған достар аз ба өмірде,
Жатқа айналған жақын аз ба тірлікте.
Мен өкінсем өлең бірге өкінді,
Төбемізден төне түскен екінді.
Жолайырық екі айырған біздерді,
Соңымыздан күліп тұрған секілді.
ДАУЫЛ КЕЛЕДІ
Зарыққан кезде заманнан мынау күдер кем,
Зауал ма дерсің Тәңірдің өзі жіберген.
Ырықтан шыққан ызадай бейне ышқынып,
Далама менің дауыл келеді түнерген.
Сірескен бұлттар – жұртымның өкпе, наласы,
Сыңсыған самал – боздаған бейбақ анасы.
Ұйытқыған жел – ұлыған намыс үніндей,
Толассыз нөсер – көз жасы елдің, шамасы.
Дауыл келеді, қайғысын артып зарлы үйдің,
Сағаты жетті сартап боп қатқан сары қидың.
Сананы сілкіп, сел болып тиер бұл дауыл,
Қопарады ертең ат қораларын Авгийдің.
ЖЕЛБУАЗ СЕРТ
Пай, шiркiн-ай, бай адам ғой тiл жаққа,
Қойдай момын тобыр қайбiр қой десiн...
Хан сөзiнде қалжа болмас қылжаққа,
Сөйлеп жатыр.
Сайрай берсiн.
Сөйлесiн.
Ол кiсi айтса ошағанға шыр бiтiп,
Бәс келтiрмей бәйге алады байтал да.
Өнер керек өлгенге бас шұлғытып,
Өтiрiктiң өзiн сұлу айтарға.
Құрық жетпес қу саясат құрғырға,
Қиялата салар сөздiң жорғасын.
Кей кездерi бұлбұл екеш бұлбұл да,
Сайрайды екен сайрау керек болғасын.
Жұртқа үмiтiн үлгертпедi үкiлеп,
Желорай – дерт,
Желбуаз серт,
аяусыз.
Арақ iшкен «арыстанның сүтi» деп,
Баязиттiң намазындай баянсыз.
Көп шындықтың айқасқанмен кiрпiгi,
Жан сақтауға жарамайды жалған үн.
Ақиқаттың алдаспаны бiр күнi,
Жарқ етедi әмiрiмен Алланың.
ҚЫСҚА ҚУАНЫШ
Бал ұсынған перiштедей пiшiнмен,
Балиғатқа бастағанда алау күн.
Бар адамға жақсам дедiм iсiммен,
Бар адамның тапсам дедiм қалауын.
Бала түйсiк балдай едi расында,
Тiл үйiрген тәттiлiгi қиялдың.
Жаным құмар болғаны үшiн жасынға,
Жамыраған жұлдыздардан ұялдым.
Аға буын, мейлi құрдас тең өскен,
Алғыс айтса арман толы жас жанға.
Әлдекiмдер қауiптенер деместен,
Қалпағымды ататынмын аспанға.
Қуанышым қысқа болды алайда,
Жоғалтқандай сырлы үмiттiң сiргесiн.
Дедi бiреу: «Қалпағыңды абайла,
Күннiң көзiн жауып қалып жүрмесiн».
Сызат түстi сәби беттi сезiмге,
Өткелiнде өмiр деген дүрмектiң.
Бiреуге еткен жақсылықтың өзiн де,
Бiреулердiң қызғанарын бiлмеппiн.
Жараспайды жанды орынсыз ақтасаң,
Сиықсыз күн сырғып жатыр сынаптай.
Кеш ұғындым сен бiреудi мақтасаң,
Бiреу сенi тұратынын ұнатпай.
Мен Тәңiрдiң сүйген едiм пендесiн,
Аңғал көңiл, ардай таза сезiммен.
Жесiр пиғыл жезтырнақтың жеңгесiн,
Көре-көре, көңiлiм қалды өзiмнен.
БОРАН
Аунады қырда ақ боран,
Ақ бурадай ышқынып.
Жұлдыздарын жоқтаған,
Түн зарлайды қыстығып.
Құрсады тұман даланы,
Алатау қайда, Ай қайда?
Сары аяз тiлiп табанын,
Сары төбет салды ойбайға.
Басынбай бiтпес бар iсi,
Ызалы қария ықтырды.
Қазақтың «ұзын сарысы»,
Бейiтке дейiн бұқтырды.
Дiңкесi Айдың құриды,
Боз тұман көзiн тұмшалап.
Бөрi көз боран ұлиды,
Құйрығыменен қыр сабап.
СӘуiр. Аяз. Алма гҮлi
Сәуiр соңы.
Сары аяз салған сүрең,
Алматының көктемi-ай, алдамшы ма ең.
Алатаудың бөктерi қалың алма,
Ақ сәукеле.
Гүл ашқан арманшыл өң.
Алатаудың бөктерi алма қалың,
Қар жауып тұр сәуiрде бар ма амалың.
Той үстiнде тәркi еткен қалыңдықтай,
Аппақ гүлдiң үзiлдi-ау арман әнi.
Қарлы көктем көңiлiме қаяу менiң,
Мүлгiген бақ өзгерттi баяу реңiн.
Түс көрсе де өмiрде қыс көрмеген
Алма гүлi,
не деген аяулы едiң?
Мына көктем қайтедi, мына сәуiр,
Қысқа берген қызығын құда сәуiр.
Жаз құшағын аңсаған жалаңаш гүл,
Кемсеңдейдi келiндей күнәсi ауыр.
ПАРАДОКС
Түксиесiң түк өзгермей,
Жетедi аға алдағаның.
Тағдыр саған мiнез бермей,
Талант берген.
Таң қаламын.
Шанағыңа толғанда өлең,
Сезiмдi әрi-сәрi етерсiң.
Сөзiң түзiк болғанменен,
Өзiң қызық жан екенсiң.
Кiсәпiрлiк көрдiм сенен,
Қусың
құрық бойлатпаған.
Көкiрегiң көрдемшеден
Мiскiн бе деп ойлап қалам.
Керегi не, керегi не,
Күндер менi көп алдады.
Ақын деген өлеңiне,
Ұқсамаса не болғаны.
Дүрелесе дойырдай мұң,
Шын сезiмдi шектемедiм,
Өлеңiңдi мойындаймын,
Өзiңдi аға, жек көремiн.
АЛЫС ЖҰРТ
Жұрты түгел ұмтылатын жалқыға,
Көз сатпаңыз Сэм ағайдың салтына.
Дауа бар ма Америка дегенде,
Iшкен асын жерге қояр халқыма.
Алпауыт ел алыс болып арбайды,
Саясаты жаһанды орап самғайды.
Сүттей ұйып тұрған болса сол мекен,
Басқа халық оны неге қарғайды?.
Неге, неге көп ел оған өкпелi?
Жетпей жүр ме алған шенi, шекпенi?
Жат құрлыққа бiз несiне көз сүздiк,
Бабам қазақ әлдеқайда тектi едi.
Ел емеспiз арын сатар тиынға,
Мазасыз ой бұрқылдайды миымда.
Мына заман ұқсап бара жатқандай,
Доллар деген қайырымсыз құйынға.
Жә, жарайды,
келмеген соң бетпе-бет,
Алыс жұртқа неғылайын өкпелеп.
Оған бiзбен теңесуге тек керек,
Бiзге онымен шенесуге көт керек.
САНДЫҚ ЖАЙЛЫ ШЫНДЫҚ
(баллада)
Есте ғой, есте, балалық шақтың бал күні,
Жатаған үйді жылытқан арай, таң нұры.
Төргі бөлмеде төредей болып тұратын,
Тәттіге толы әжемнің сырлы сандығы.
Мауыты, мақпал, қыжымды құрап қиырдан,
Үстіне кілең құрақты көрпе жиылған,
Сол «тәтті» сандық аңсарым болған күндер-ай,
Айналшық ұрып, анама «Аш!» деп қиылған.
– Ренжиді әжең, қонаққа керек, қой балам,
Меймандар келсе, дастарқан жаям,- дейді анам.
Тәттіні жырып туған ұлының аузынан,
Аналар біздің арлының ісін ойлаған.
Кезіміз емес тереңнен ойлап, толғанған,
Дәмдіні қалап, дәметкен күйде сол маңнан:
– Ішіндегінің қызығын біреу көрсе егер,
Не пайда, деуші ем, сандық біздікі болғаннан?
Сырлы сандыққа сыртынан ғана қызығып,
Қарасирақтар қарайтын едік сүзіліп.
Бір түйір тәтті бұйырмайтынын білген соң,
Жылайтын інім өндіршегінен үзіліп.
Есейе келе, есіңді жиып болғасын,
Еліңнің мұңын елемей жүрсең ол да сын.
Қазақтың жері – сырлы бір сандық емес пе?
Сандық біздікі! Ішінде шаруаң болмасын!
Сандықтың ішін көртышқан жалмап бір сұмдық,
Түбін де тесті, көргенде кексіз күрсіндік.
Бар тәттімізді «қонақтар» қаузап кеткенмен,
Қаңырап қалған сандық біздікі – бұл шындық!
«ПИРАТ»
(баллада)
Ауылға бардым. Ауылда көктем бір керім,
Алдымнан шықты арманшыл бала күндерім.
Қалада жүріп, қаталап қаппын қырды аңсап,
Сағынып қаппын сабалақ иттің үргенін.
Қарашаңырақ. Әкемнен қалған көзіндей.
Қараша үйді жырлаймын әлі көз ілмей.
Қарасирақ ұл аулада итпен ойнап жүр,
Қаршадай күннен ит жанды болған өзімдей.
Қазақы тұқым, құлақ, құйрығы кесілген,
Қусам да кетпес тоңмойын төбет есімнен.
Беймаздау бала ат қылып мініп алса да,
Былқ етпей жатыр. Сақтасын құдай кесірден!
Сұқтана қарап сұрына мынау «батырдың»,
«Кә-кә!» деп итті өзіме таман шақырдым.
Бұрмады мойнын «Кім едің өзің?» дегендей,
Ұқпайды-ау сөзін бөтенсіп қалған пақырдың.
Болмысы маңғаз, шабаланбайды, үрмейді.
«Кел, кел!» деп көрдім, біртабан бері жүрмейді.
Інімнің кенже баласы кенет, деп салды:
– Ата, бұл төбет, қазақша мүлде білмейді.
– Қалайша?- дедім,- Итте де сонда тіл бар ма?
Бұл жарықтыққа құлақ берген ғой тыңдарға.
Қазақы төбет – Бөрібасардың тұқымы,
Иесі айтса жетпей ме шолақ мұндарға?
Тіліне қарап таңдай ма иттің қай бірін,
Көкірегімде күйреді төбет жайлы ұғым.
– Макстың иті. Есімі «Пират». Үш жаста,
Аманат қылып қалдырып кеткен ай бұрын.
– «Макс» дегенің шетелге кеткен Мақсат па?
Бұл «Пират» болса, жарыған екен жақсы атқа.
Қазақы итке қазақша ат құрып қалған ба,
Не деген бәле, атаңды балам, қақсатпа!
– Қараңыз, ата, қазақша сөзге қыңбайды,
Орысша менен ағылшыншаны тыңдайды.
«Пират, встать!»- деп бұйырып еді төбетің,
Орнынан тұрып, байқатты «ізет», ыңғайды.
Інімнің ұлы «Ко мне!» деп, «Апорт!», «Сидеть!» деп,
Айтқанын итке істетіп жатыр түйдектеп.
Қазақтың тілін өзі білмейтін «Максқа»
Қалай айтасың итіңе қазақша үйрет деп.
Қасиетсіз болса қайтесің итті байлап құр.
Қолыңнан келсе итіңе, қазақ, қой бақтыр.
Қазақша бір сөз ұқпайтын мынау нән төбет,
Ағылшыншаға жүйрік екен, «сайрап тұр».
«Стенд ап!», «Кам он!» Бұйрықтың бәрін қағып ап,
Сэм ағай келсе төбетің бірден танымақ.
– Ағылшын тілін үйрену оңай итке,- деп,
Пиратты қоршап, бала біткен мәз жамырап.
Қазақы төбет қазақша ұқпай қорлады-ау,
Шетелге кеткен не ойлайды екен сорлы анау?
Қазақтың тілі өркениеттің жолында,
Интернет түгіл итке де керек болмады-ау!
Жаратқан Тәңір, үміттің көшін қиратпа,
Тіл үшін бізді сүйрелей көрме сиратқа.
Қаланы қойып, алыста жатқан ауылда,
«Бөрібасарлар» айналып жатыр «Пиратқа».
ҚАРА ТІЗІМ
Жылдармен бірге жаныңды кейде жейді мұң,
Ұмсынып бекер, күрсініп кетер кей күнің.
– Атаққа сізді алқалап едік, ақ үйде
қара тізімде тұр екенсіз ғой,- дейді інім.
Сорапсыз сөздер шайқайды сабыр сабасын,
Ініге ізет, іздеген ақын ағасын.
– Шырағым,- деймін, -шыжғырып айтсаң шындықты,
Үкімет түгіл, үй ішіне қалай жағасың?
Сыңсиды үміт сорқұмға бұрған жылғаша,
Қайтеміз енді бермесін билік бұлдаса.
Ақкөңіл жандар алаламайды ешкімді,
Қара тізімді қара ниеттер құрмаса.
Арымыз тулақ болмауы үшін тақымда,
Айтамыз әлі ақиқат-шындық хақында.
Айлаңкес пиғыл ақ үйдің қара тізімі,
Атаңның құны кетті ме мендей ақында!
Қоғамның мынау у-зәрін кімдер ішпеген,
Қараулығына қайнап кетеді іш деген.
Қай заманда да қылыш тіл, қайран ақындар,
Хан сарайының қара тізімінен түспеген.
Отыз сегізде обаша қырған Алашты,
Қара тізімнің қыр-сырын тарих жаңа ашты.
Қысыр билікпен қырық жыл қырбай боп өткен,
Өтежандардың мұңымен кімдер санасты?
Көргенді жазып, өлең өреміз түн қатып,
Көз жасын халық болған жоқ әлі құрғатып.
Қазақты алдап, тонаумен болған биліктің,
Қара тізімінде болудың өзі – бір бақыт.
ҚАМЫТ ЖАЙЛЫ ЖЫР
(баллада)
Күлдір-күлдір кісінесе, кернейлетсе белес, бел,
Көз алдыма күрең келіп, сәйгүліктер елестер.
Жұлдыздардай жүйіріктер бұла желмен жарысқан,
Аспан текті аңсарымды әкететін алысқа.
Бірақ, бірақ, ол жайлы емес әңгіменің мәйегі,
Қамыт киген шабдар аттың көңілсіздеу жайы еді.
Сар далада бауыр жазып үлгермесе ғұмырда,
Тарпаң туған тұлпарлар да айналады тұғырға.
Аламанды түсінде де көрмеген ғой демесең,
Шабдар аттың еңбегі адал, еткені оның ересен.
Жан баққанда жалғыз аты жұмыс басты жарлының,
Аралбайдай арбакештің түсінеді бар мұңын.
Арбакештің көп арманы қол жетпейтін қияда,
Арман біткен жарлы адамның ғұмырына сия ма?
Сол Аралбай утопия құшағында қартайды,
Нәуетектей науқастанып, ажарынан әр тайды.
Арбакеш шал арғы жаққа бетін түзеп алғасын,
Жалғыз ұлға ағытқан-ды аманаттың арнасын.
Кәрі кеуде сыр-сыр етіп, әрең қозғап кірпігін,
Қам көңілмен қамын айтты қамыт киген жылқының.
– Шабдар атты босат,- деді,- қалжырады жарықтық,
Қартайғанша бұл байғұсқа қатігездік таныттық.
Қара қамыт мойнын қиып, қыр арқасын ер қажап,
Сауырынан қамшы кетпей көрудей-ақ көрді азап.
Соңғы демі біткенінше еркін жүрсін қанатым,
Күні жетсе өзі табар жолды маған баратын.
– Әке, сіз де қызықсыз-ау, хәл үстінде жатқанда,
Ми қатырар мәселе көп маңыздырақ аттан да.
Естігем жоқ деген сөзді: «арбадан ат өліпті»,
Қалжыраса, Құдай солай жаратқан ғой көлікті.
Өзіңіздің жолыңызға қидым-ақ,- деп,- осы атты,
Елгезек ұл шабдар атты қамытынан босатты.
Шу, жануар! Қайтер екен? Көтергенше қауғаны,
Шабдар жылқы жер ұшықтай күлге жатып аунады.
Содан кейін кең даладан таппағандай бағытын,
Арба жақты айналшықтап, иіскей берді қамытын.
Қимайды екен, сол қамытқа сыңар болған секілді,
Қара қамыт мойынына тұмар болған секілді.
Мұны көріп Аралбай шал жанарына жас алды,
– Қара қамыт жануардың серігі ғой қашанғы.
Қанша жерден тәуелсіздік берсе дағы Тәңірім,
Қамыт көрген азаттықтың ұға алмайды қадірін.
... Жатқан сынды талай сырды қойнауында бұғып қыр,
Шабдар жылқы қамытына басын қайта сұғып тұр.