Мамырдың соңында өзбек-қырғыз шекарасын бекіту туралы арнайы жұмыс тобы кездесуі Өзбекстанда өтеді деп жоспарланған. Қырғыз тіліндегі ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда келіссөз бір аптаға жалғасуы мүмкін. Екі ел арасындағы таласты шекаралардың көлемі сірә қаншалық екенін ресми тараптар әлі ашық жарияламайды.
Өзбек пен қырғыз шекарасын бекіту туралы сөйлесулер осыдан сәл ғана бұрын Бішкекте өтті. Көршілес әрі бауырлас екі ел мәселені шешу үшін түрлі ұсыныстарды талқыға салған және таласты шекараларды көзбен көріп, бірлескен зерттеулер де жүргізген еді.
Шынын айтқанда, Өзбекстан мен Қырғызстан ортасында шекара мәселесі 1991 жылдан бері араздықты өршітіп келіп еді. Бір тұста қырғыз билігі, бір тұста өзбек билігі кері тартып, территориялық құқық мәселесі тікелей талқыға салынбай келген. Өзбекстан билігіне Мирзиеев келгеннен кейін, көршілес елдермен қарым-қатынасты реттеуді қолға алды. Соның ішінде өзбек-қырғыз шекарасын бекіту туралы қадамдар да жасалды. Әрине, бұл ұсынысты оған дейін қырғыз бауырлар да қойып келген еді. Президент Мирзиеевтің Қырғызстан сапары кезінде қос тарап шекараның 85 пайызы толық келісіммен бекітіліп болғанын жария еткен.
Дегенмен, кейбір сарапшылар қырғыз-өзбек арасындағы қалған 15 пайыз шекара мәселесі ең күрделі екенін айтады. Бұл даулы шекара мәселелерін шешу таяу арада жүзеге аспайды деген де пікірлер болған.
Нақты жағдайына қарар болсақ, қырғыз территориясына сұғынып жатқан өзбектің төрт аймағы бар – Сох, Чоң-Қарақалша, Шахи-Мардан және Таш-төбе қатарлы. Бұл аймақтарда су және егістік жерлер сынды мәселелер ең өзекті. Маңызды аймақтар үшін өзбек тарабы коридор сұрап келгені белгілі. Алайда, қырғыз үкіметі оған келіспеген. Бұған дейінгі шекара мәселесінің шешілмеуі осыған тікелей қатысты. Ал, бұл рет Өзбекстанда талқыға түскен шекара мәселесі екі ел шекарасын бекітуде үлкне жетістіктер жаратады деп күтілуде.