Тәжікстанмен шекарадағы жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыс ушығып кетті. Бұл мәселеде ресми Бішкек Душанбені айыптай сөйледі. Қазір Қырғызстанның үш ауылдық округінің аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді.
Баткен облысындағы ресми өкілдің айтуынша, Тәжікстанға жақын орналасқан үш округ – Ақ-Сай, Ақ-Татыр және Самарқандта төтенше жағдай енгізілген.
28 сәуірде Тәжікстанмен шекаралас ауылдардағы жергілікті тұрғындар арасында су тарату пунктінің аумағында қақтығыс басталды. Қақтығыс болған жерге келген екі көрші елдің шекарашылары, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері мәселені шеше алмаған. Осыдан кейін екі жақтан шамамен 100-150 адам арасында жанжал туындап, мұның арты қақтығысқа ұласқан. Қақтығыс кезінде Қырғызстанның төрт азаматы, Тәжікстанның жеті азаматы жарақат алған.
Кеңес Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттер шекара мәселесін шеше алмай келеді. Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың даулы тұстары көп. Қырғыз-тәжік шекарасының ұзындығы шамамен 980 км. Қазірге дейін 580 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген.
емаркация жөніндегі комиссияның соңғы отырысы 2021 жылғы наурызда өтті. Делегацияны Тәжікстан мен Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеттерінің төрағалары басқарды. Бірақ шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.
2019 жылы қырғыз-тәжік шекарасында кемінде он жанжал болған. Төрт жағдайда адам өлген. Қыркүйек айында болған қақтығыстан бірнеше адам қаза тапты.